ҚоғамТұлға

Кеңестік жазалау машинасы оны сындыра алмады

Қайым Мұхамедханұлы – Абаймен тыныстап, Абай деп өмір сүрген, хакімнің шығармаларын зерттеуге бар ғұмырын сарп еткен, тар жол тайғақ кешіп, ұлттық рухын жоғалтпаған қайсар жан. 

Атақты түркітанушы Лев Гумилев: «Қарағанды лагерінде бірге болғандар қажымауды, батыл, қайратты, әділ, табанды болуды Қайым Мұхамедхановтан үйренді», деп жазыпты. Намысын жерге таптатпай, қашанда арын басқасынан биік қоятын ғалым үшін «ләппай, тақсыр» деп бас изеу табиғатына жат қылық еді. Карлагтың азабына мұқалмады, болаттай берік болды. Қайсар мінезі шындала түсті.

– Шын әдебиетші, шын зерттеушімін деген адам шындықтан қайтпауы керек. Еш нәрседен қорықпауы керек. Мен осы жолдан танғаным жоқ. Осы күнге дейін, – деп еді Қайым ұстаз өзінің соңғы сұхбатында.

Жиырма жеті жасында-ақ кеңестік Қазақ елінің тұңғыш әнұранын жазды. Заманымыздың заңғар жазушысы, ұстазы Мұхтар Әуезовпен бірге тұңғыш рет абайтану ғылымының негізін қалады.

Ол – Алаш идеясын ту етіп, өз халқының бақыты жолында басын бәйгеге тіккен азамат.

1951 жылы «Абайдың әдеби мектебі» атты диссертациясын қорғап шықты. Алайда бұл еңбегі сол кездегі билікке жақпай, «халық жауы» ретінде 25 жылға сотталып кетті.

Белгілі алаштанушы, Қайымның шәкірті Тұрсын Жұртбай ұстазының азап мекенінде болған кездегі халін былай баяндайды: «Ыстық камера, суық камера дегенді басынан өткерді. «Ұлтшылдық пікіріңнен қайтасың ба?» дейді. «Жоқ» деп жауап қатып, Қайым олардың алдында тізе бүкпеді. Бір сөзбен айтқанда, Кеңес үкіметінің жазалау құралдары Қайымды сындыра алмады».

Иә, Карлаг лагеріндегі бес жылда неше түрлі сұмдық азаптаулардан өтті. Бірақ соған қарамастан «Абай мектебі бар және қала бермек» деген ойынан қайтпады. Қайым Мұхамедханұлы талай-талай тар жол тайғақ кешуді басынан өткерді. Темір торлы түрменің ызғары мен сатқындықтың салқыны жанын жараласа да, жүрек әмірі ақиқаттың ақ жолынан тайдыра алмады. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деп әрдайым жүрегі шындыққа, әділдікке жақын жан адам болып өмірге келгеннен соң адам болып кетуді басты парызы санаған.

Филология ғылымының докторы, профессор Арап Еспенбетов өзінің сүйікті ұстазы Қайым жайлы былайша еске алады: «Ең алдымен биік алаштық рухы болған, алашын, қазағын сүйген, сол үшін сотталған, қуғын көрген бірегей тұлға. Көп қиындық көрсе де, алған бетінен қайтпады, «Мұхтар Әуезовтің жетекшілігінен бас тарт» деген кезде, «жоқ» деп жауап беріп, ұстазына адалдығын танытты».

Осы ретте Мұхамедханов жолдастың адалдығына тәнті болған Қалтай Мұхамеджановтың: «Мұхтар Әуезовті сатпаған бір адам болса, ол – Қайым, екі адам болса, бірі – Қайым» дегені сөзіміздің дәлелі болар.

Иә, Қайым Карлагтың шылбырынан босап шыққаннан кейін де қиындықты көп көрді. Аяғынан шалды, еңбектері жарияланбай жатты.

Шын болаттай қайнауда шыныққан қайсар жан алған бетінен қайтпай, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатов сынды алаш арыстарының өмірбаяндарын жазып, алғаш жұртқа жариялаған еді. Арыстар жайлы құнды еңбектерін сырт көзден таса ұстап, үйіндегі кілемнің астына сақтап қойған еді. Әдебиетке құмар шәкірттерін шаңырағына әкеліп, сол құпия жерден алаштықтардың өмірі, еңбектері жайлы мағлұматтарды шығарып, ақпар берген еді. Сол шәкірттері Семейде отырып, ұстазының арқасында елдегі мүйізі қарағайдай ғалымдардан артық білді десек, әсерлеп отырғанымыз жоқ.

«Бақыт деген – еркін, азат болу, ақиқатты айту, ештеңеден, ешкімнен қорықпау. Тек осылай өмір сүру керек! Адам – осындай болғанда ғана адам!». Қайым Мұхамедханов

1988 жылы Шәкәрім қажы ақталғаннан кейін «Қазақ әдебиеті» газетінде ең алғашқы ақын жайлы көлемді мақаланы Қайым Мұхамедханұлы жазғаны елдің есінде болар.

Тәуелсіздік алғаннан кейін Қайым ақсақал алаш көсемдері туралы, «Абайдың ақын шәкірттері» және «Абай мұрагерлері» туралы құнды еңбектер жазып, жарыққа шығарды. Келешек ұрпаққа өлмес мұра қалдырды.

Шәкірттері оны ұстаздардың ұстазы деп еске алады. 4-ші курста оқып жүргенде студенттердің сұрауымен сабақ бере бастаған. Алматыдан Сәбит Мұқанов, Есмағамбет Смайылов сынды ғалымдарды шақырып, олар жас әдебиетшілерге дәріс оқып, терең ғылыми көзқарастағы адамдар мен студенттерді қауыштыруды өзіне міндет еткен болатын.

«Қайым ұстазым лекцияны әдемі оқитын. Жазып алайын десең, үлгере алмай қаласың. Жазбайын десең, тыңдау – бір ғажап, не істерімізді білмей қалатынбыз. Жоғары курстың студенттері бізге «қолдарыңнан келгенше жазып алыңдар, өйткені бұл кісінің бір оқыған дәрісі екінші рет қайталанбайды» деп ақылдарын айтты. Бір күні сол кездегі Семей педагогикалық институтына министрліктен үлкен комиссия келді. Сонда бір кісі Мұхамедханов жолдасқа ескерту жасап: «Сіздің лекцияңыз жақсы екен. Ғылыми өресінің кеңдігі еш талас туғызбайды. Алайда жалпы аудиторияға ұғынықсыз екен. Студенттердің білім деңгейін дәріс оқығанда ескермейді екенсіз», – депті. Сонда Қайым Мұхамедханұлы: «Орташа оқитын отыз-қырық студенттен гөрі, беске оқитын бес-алты студент айтқанымды ұқса, лекциям мақсатына жетеді деп айтты», – дейді Арап Еспенбетов.

Абайдың інісі, алаштың ірісі болған Қайым Мұхамедхановқа шәкірттері еліктегендерін айтады. Қайымша сөз сөйлеп, Қайымша лекция оқитындарын да жасырмады. Қазақ «Жақсыдан үйрен» дейді.

«Ғалымның бойындағы адамгершілік, турашылдық, білімге деген құштарлық қасиеттерді ол тәрбиелеген шәкірттерінен байқауға болады. Қайым аға – Абай мен Мұхтарға еңбек ету арқылы ұлт алдындағы борышын еселеп атқарып кеткен тұлға. Ағаның алдында дәріс алғанын шәкірттері жаратушының үлкен сыйы деп қабылдайды», – дейді Семей қаласындағы алаш арыстары білім алған Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледждің директоры Шағангүл Жанаева.

Семей педагогикалық институтында ұзақ жыл қызмет еткен ол кешегі кеңес заманында осындағы қазақ тілі мен әдебиет факультеті оспадарлық саясатпен жабылғалы жатқан шақта облыс басшыларының бірі, әдебиет пен мәдениеттің шын жанашыры бола білген Екейбай Қашағанов сынды азаматпен тізе қоса отырып сақтап қалғаны да ел есінде.

Қайым – қайтпас қайсар тұлға. Адалдық үшін басын бәйгеге тігіп, шындық үшін шыбын жанын құрбан етуге даяр, ғылым төңірегіндегі өтірікке, әделетсіздікке қаны қас еді.

Профессор Тұрсын Жұртбай ұстазы жайлы: «Алаш идеясы үшін, адалдық үшін, адамгершілік үшін күрестім деп отыратын», – дей келе тағы бір мәрте рухы биік жан екенін тілге тиек етті.

«Ерікті ел болдық, жарқырап атты таң», – деп 27 жасында-ақ кеңестік Қазақ елінің тұңғыш әнұранын жазған Қайым Мұхамедханов – азаттық пен еркіндікті аңсап, сол жолда табанды күрескен Алаш идеясының рухани-жауынгерлік символы. 1952 жылы  азап  мекені – Карлагта:

«Туған ел – алтын бесік, ұшқан ұям,

Көз жұмылмай тұрғанда қайтіп қиям?

Тарта гөр, Семейімнің топырағы,

Төстіктей жеріне мен еркін сыям», – деп Алаштың рухани астанасын, туған жерін ерекше құрмет тұтты.

Бүгінде Алаштың соңғы тұяғы Қайым Мұхамедхановтың есімін кейінгі ұрпаққа насихаттау мақсатында Семейдің бір көшесіне аты берілді, Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледжде ғалым атындағы кабинет жұмыс істейді.

Өткен жылдың күзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Семейге келген сапарында Мұхтар Әуезов пен Қайым Мұхамедхановқа арналған «Ұстаз бен шәкірт» ескерткішін ашты.

Президент ғалымға ерекше құрметін білдіре келе: «Бұл – ұстаз бен шәкірт, аға мен іні арасындағы рухани бірліктің символы. Шын мәнінде, қос алыпты бөле-жарып қарау мүмкін емес. Олар Абай мұрасын зерттеп, дәріптеуге өлшеусіз еңбек сіңірді. Төл әдебиетімізді жаңа белеске көтерді. Мұхтар Әуезов Абайды, Абай арқылы қазақты бүкіл әлемге танытты. Ұлы ойшылдың көркем бейнесін сомдап, оның асыл мұрасын адамзаттың ортақ қазынасына қосты. Жазушының әр туындысы жұртымыздың жүрегінен өшпес орын алды. Мұхтар Әуезов – әлем әдебиетінің шыңына көтерілген қаламгер. Ал Қайым Мұхамедханов – ұлы жазушының жақын серігі әрі шәкірті. Ол бүкіл ғұмырын абайтану, шәкәрімтану және алаштану ғылымына арнады. Қуғын-сүргінге ұшыраса да, тағдырдың сынағына қарсы тұрып, еліне адал қызмет етті», – деп лайықты бағасын берген еді.

Абайын ардақтаған ел Қайымын да қастерлей білді.

Қуаныш Рахметоллаұлы

 

Осы айдарда

Back to top button