Қоғам

Кенеден келер қауіп көп

  Көктем келіп, күн жылынды. Адамдар табиғат аясына шығып, таза ауада демала бастады. Дегенмен, көктем-жаз мезгілдерінде кене шағу қаупі бар екендігін естен шығармаған жөн.

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Қанат Тұрдиевтің айтуынша, кененің шаққаны емес, денеге қадалып, қан сорған кезде көптеген кене жұқпаларының қоздырғыштарын тарататыны қауіпті. Соның ішінде ең қауіптісі – кене энцефалиті.

Кене энцефалиті – жіті, табиғи ошақтық, жұқпалы ауру. Науқастың орталық жүйке жүйесi зақымдалады, сал ауруына шалдығып, мүгедектікке ұшырайды, асқынған жағдайда адам өліп те кетуі мүмкін.

–Кене шағу қаупі бойынша кезең сәуірден қыркүйек айына дейін созылады. Олардың белсенділігі ауа райына байланысты. Кенелер  температура +3-5ºС болғанда оянып, +15ºС-тан асқанда белсенділіктері арта түседі. Адамдардың кене шағып, медициналық көмекке ең көп жүгінетін кезеңі мамыр-маусым айларына тұспа-тұс келеді, – дейді Қанат Тұрдиев.

Кене шаққан адамның кенеттен басы қатты ауырып, дене қызуы 38-39 градусқа дейiн көтерiледi, әлсіздік, жүрек айну, құсу сияқты уыттану белгілері байқалады, құрысулар болуы мүмкін. Ары қарай аяқ-қолдың салдануы пайда болады, шу мен жарыққа сезгiштiгi жоғарылайды.

Кене шаққаннан кейін аурудың аталған белгілері байқалса, бірден медициналық көмекке жүгіну қажет. Егер дер кезінде тиімді ем тағайындалатын болса, дерттен толық айығуға мүмкіндік бар.

Шығыс Қазақстан кене энцефалиті бойынша ең қауіпті аймаққа жатады. Өйткені кене энцефалиті аурушаңдығының көрсеткіші республикалық орташа көрсеткіштен екі есеге артық. Департамент басшысының айтуынша, кене энцефалитінің табиғи ошақтары – Глубокое, Алтай, Катонқарағай, Самар, Ұлан, Шемонаиха аудандары, Риддер және Өскемен қалаларының маңайы.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті кенеден қорғану шараларын қатаң сақтау қажет екенін естеріңізге салады. Олар:

  • табиғат аясына барғанда жабық киім кию, өрмелеп бара жатқан кенені тез байқау үшін киімнің ашық түсті болғаны дұрыс;
  • кенелер денеге жабысу үшін оңтайлы жер іздейді, сондықтан бір сағат сайын шаштың арасын, құлақтың тұсын мұқият қарау керек;
  • дененің ашық жерлеріне және киімге кенені жолатпайтын крем, лосьон, аэрозоль түрінде шығарылатын заттарды пайдаланған жөн;
  • қалың шөбi, бұтасы аз, күннiң көзi көп түсетiн ашық жерлерде демалған дұрыс, өйткені қалың шөптің астында кенелердің өсіп, көбеюіне қолайлы жағдай туады;
  • демалыстан келген соң денеңізді, үйге әкелген барлық заттарды, гүл шоқтарын, киім-кешегіңізді, үй-жануарларын мұқият қарау керек.

Кене адамның денесіне жабысқан болса, өте мұқият алу керек, өйткені тұмсығы үзіліп, адам денесінде қалуы мүмкін.

  • ең дұрысы, пинцетпен кененің тұмсығынан қысып немесе тұмсығына жақындатып жіп байлап, ақырындап бұрап, кенені жұлып алу қажет;
  • шаққан орнын йодпен немесе спиртпен залалсыздандыру;
  • кенені алып тастағаннан соң қолды сабындап жуу;
  • кене шаққаннан кейін төрт күннен кешіктірмей жергілікті медициналық мекемеге көмекке жүгіну қажет.

Денеден алынған кенені «Ұлттық сараптама орталығы» ШҚО бойынша филиалының аса қауіпті жұқпалар зертханасына тапсырып, ауру қоздырғышын анықтауға болады. Мекенжайы: Н.Назарбаев даңғылы, 17.  Жұмыс уақыты: сағат 9.00 – 17.00. Демалыс және мереке күндері 8 705 752 79 67 телефонына хабарласу керек.

Осы айдарда

Back to top button