Бүгінде Шығыс Қазақстан, Абай және Павлодар сынды үш облыстан бөлек, көрші Ресей, Қырғыз елдеріндегі кеніштерден мыс өндіріп отырған КAZ Minerals Limited компаниясы еліміздегі ірі мыс өндіруші кәсіпорындардың бірі болып табылады. 14 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтып отырған компания соңғы жылдары сұранысы жоғары металды өндіру қарқынын азайтқан емес.
Өз қызметін 1930 жылдары елімізде мыс өндіруші кәсіпорын ретінде бастаған компания 2005 жылы Лондон қор биржасында тіркелген болатын. 2014 жылы қайта ұйымдастырылғаннан кейін Топ атауы KAZ Minerals деп ауыстырылып, қазіргі кезде Қазақстанның ең ірі мыс өндіруші кәсіпорындарының біріне айналды. KAZ Minerals акциялары биржада бағаланған кезде ең жоғары өсу қарқынына қол жеткізіп, әлем бойынша шығыны ең аз мыс өндіруші кәсіпорындардың біріне айналды.
Бүгінде КAZ Minerals Limited – Қазақстанда заманауи, ірі ауқымды, аз шығынды карьерлік типтегі тау-кен өндірісін дамытуға бағытталған, өсу әлеуеті зор мыс өндіруші компания болып келеді. Компания операциялық іс-қызметін Абай облысында орналасқан Ақтоғай және Павлодар облысындағы Бозшакөл ашық кеніштерде, сонымен қатар Шығыс Қазақстан, Абай облыстарындағы үш кеніш пен кен байыту фабрикаларында және Қырғызстандағы Бозымшақ мыс-алтын кенішінде жүргізеді.
Топ 2019 жылы сатып алынған Баимская мыс жобасының Банктік техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуді аяқтады. Баимская лицензиялы алаңының аумағында орналасқан Песчанка кен орнының ресурстары JORC кодексіне сәйкес бағаланып, кендегі мөлшері 0,39 пайыз болатын 9,9 млн. тонна мыс және 16,6 млн. унция алтынды құрайды. 2021 жылы мыстың жалпы өндіріс көлемі 299 мың тоннаны құрады, ілеспе өнім ретінде 43 мың тонна концентраттағы мырыш, 167 мың унция алтын мен 3,417 млн. унция күміс өндірілді.
Топтың Ақтоғай мен Бозшакөл сынды жаңа өндірістік кәсіпорындары саладағы алдыңғы қатарлы даму көрсеткіштерін қамтамасыз етіп, KAZ Minerals-ты қорының басым бөлігі әлемдік деңгейдегі ашық түрдегі кеніштерден тұратын компанияға айналдырды. Сульфидті кенді қайта өңдеу қуатын екі есе арттыратын Ақтоғайды кеңейту жобасы 2021 жылдың қазан айында жұмысын бастап, жыл соңында тұтынушыларға алғашқы өнімді жеткізеді деп жоспарланды.
Компания басшылығының хабарлауынша, қазіргі уақытта KAZ Minerals-тың Қазақстандағы, Ресейдегі және Қырғызстандағы бөлімшелері мен кеніштерінде, кен байыту фабрикасында шамамен 14 000 адам жұмыс істеп, нәпақа табуда.
Бүгінгі таңда мысқа деген сұраныс артып келеді. Мыс –қазіргі экономикалық дамуда қажетті негізгі металдардың бірі. Ол кез келген пәтерде немесе кеңседе, әр көлік құралында немесе электр құралында бар. Мыс – жылу мен электр қуатын жақсы өткізетін металдардың бірі. Ол коррозияға төзімді әрі көптеген қорытпалардың құрамында кездеседі.
Осылайша, металға деген сұранысты маркетингте жақсы пайдалана білген компания мыс өндірудегі негізгі өндірістік көрсеткіштерді жыл санап арттырып келеді. Мұның бір дәлелі ретінде биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында өндірілген мыс өндірісінің көлемін мысалға келтіруге болады. Атап айтсақ, мыс өндірісінің көлемі 2022 жыдың бірінші жартысында 180 мың тоннаны құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 20 пайызға артты. Былтыр жылдың бірінші бөлігінде бұл көрсеткіш 150 мың тоннаны құраған болатын. Мұндай өсімге Ақтоғайдағы әлемдік деңгейдегі екінші сульфидті кен байыту фабрикасының қуатын арттырудың арқасында қол жеткізілді. Айталық, Ақтоғайда аталмыш кен өндірісінің көлемі биыл жылдың бірінші жартысында 104 мың тоннадан асып жығылып, өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 49 пайызға ұлғайған.
Қазіргі таңда компания басшылығы Ақтоғай және Бозшакөл сульфидті фабрикаларында жасанды зердені пайдалануды қоса алғанда, оңтайландыру бойынша бірқатар шараларды пайдалана отырып, кенді қайта өңдеу көлемін барынша арттыруға баса назар аударуда. Ақтоғайдағы бірінші сульфидті кендерді байыту фабрикасы биыл жылдың бірінші жартысында кенді қайта өңдеудің рекордтық көлеміне жетті, ал Бозшакөл сульфидті және каолин балшығы бар кенді қайта өңдеу фабрикаларында жобалық қуаттылықтан ерекше жұмыс істеді.
85 мың унция көлеміндегі алтын өндірісі өткен жылдың бірінші жартысымен салыстырғанда 2 пайызға артты. Былтыр ол 83 мың унцияны құраған еді. Бұл көрсеткіштің жақсаруына Бозшакөлдегі өндірісті ұлғайтудың арқасында қол жеткізілді. Яғни, онда аталмыш кезеңде кәсіпорынның өткізу қабілеті мен қайта өңделетін кеннің құрамы жақсарды.
Топтың сату көлемі барлық металдар бойынша өндіріс көлемінен асты. Мысты сату 188 мың тоннаны құрады. Бұл түрлі логистикалық шектеулердің алынып тасталуының әсерінен өндіріс көлемінен 4 пайызға артты. Осының арқасында Топ өткен жылдан бергі жинақталған қорларды сатты. Дайын өнім қорларының көлемі биыл жыл соңына қарай одан әрі қысқарады деп күтілуде. Дей тұрғанмен, мұндай қорлар тек келесі жылы ғана толықтай бітеді деп топшаланған.
– Жылдың бірінші жартысында мыс өндірісі 20 пайызға ұлғайды, бұл ретте Ақтоғайдағы екінші сульфидті байыту фабрикасының қуатын арттыру біздің күткенімізден де асып түседі. Топ өндірістік көрсеткіштерді оңтайландыруға ерекше көңіл бөліп жатыр. Бұл Ақтоғайдағы бірінші байыту фабрикасына және Бозшакөлдегі екі фабрикаға кенді жобалық қуаттарынан асып өңдеуге мүмкіндік берді, – дейді KAZ Minerals Тобының басқарма төрағасы Эндрю Саузам.
Ақтоғайдың әлеуеті жоғары
Жоғарыда айтып өткеніміздей, KAZ Minerals Тобының ірі жобаларының бірі Ақтоғай кенішіндегі жұмыстар бүгінде қызып тұр. Мұның бір айғағы – үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында Ақтоғайдағы кен өндіру көлемі 26 пайызға артқан. Яғни, өткен жылдың бірінші жартысында бұл көрсеткіш 26 620 мың тоннаны құраса, биыл 33 551 мың тоннаға дейін ұлғайды. Бұған әсер еткен басты себеп – екінші сульфидті фабрикада қайта өңдеуді ұлғайту үшін қосымша кен көлемінің қажет болуы.
2021 жылдың 1 қазанында іске қосылған екінші фабрика 9 935 мың тонна кен өңдегендіктен, 2022 жылдың бірінші жартысында сульфидті кенді қайта өңдеу көлемі өткен жылғы көрсеткіштен 83 пайызға жоғары болды. Екінші сульфидті фабриканың қуатын арттыру ұзақ уақыт бойы жобалық көрсеткіштерге қол жеткізуді қамтамасыз етіп, күткен нәтижеден асып түсті. 2022 жылдың екінші тоқсанында өңделген кен көлемінің 2 пайызға, яғни 4 905 мың тоннаға дейін төмендеуі фабриканың жобалық қуатына шығу кезеңінде жоспарлы техникалық қызмет көрсетуге байланысты болды.
Бірінші сульфидті фабрика 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда оң нәтиже көрсетті. Технологиялық процесті оңтайландырудың арқасында өңделген кен көлемі 8 пайызға – 14 154 мың тоннаға дейін ұлғайды. Бірінші сульфидті фабрикада жасанды интеллект жүйесін енгізу қолайлы фактор болды. Бұл ретте 2022 жылдың екінші тоқсанында бірінші сульфидті фабрикада жоспарлы техникалық қызмет көрсету алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда өнімділіктің 15 пайызға төмендеуіне алып келді – 6 510 мың тонна.
Сульфидті кеннен мыс өндіру 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында 92,6 мың тоннаны құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 56 пайызға артып, бұл ретте екінші сульфидті фабриканың үлесі 39 мың тоннаны құрады. Бірінші сульфидті фабрикадағы мыс өндірісі осы кезеңде кендегі мыстың орташа мөлшерінің төмендеуі кесірінен 9 пайызға, яғни 53,6 мың тоннаға дейін төмендеді. Орта мерзімді болашақта Ақтоғай кенішінде қайта өңделетін мыстың құрамы бүкіл пайдалану мерзімі ішінде орта есеппен 0,34 пайыз болады.
Бірінші сульфидті фабрикадағы мыс өндірісі 2022 жылдың екінші тоқсанында өткен тоқсанмен салыстырғанда 26,2 мың тонна көлемінде болып, 4 пайызға азайды. Өткен тоқсанда ол 27,4 мың тоннаны құраған болатын. Бұл оның өткізу қабілетінің төмендеуіне байланысты. Екінші сульфидті фабрикадағы мыс өндірісінің көлемі екінші тоқсанда 21 мың тонна болды. Бұл көрсеткіш қайта өңделген кендегі мыс мөлшерінің артуына байланысты алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда 17 пайызға артық. Мысты бөліп алу да алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда өсті, өйткені фабрика өндіріс қарқынын арттыруды жалғастырды.
2022 жылдың бірінші жартыжылдығында оксидті кеннен 11,6 мың тонна катодты мыс өндіріліп, өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда өсім 8 пайызды құрады. Мұндай көрсеткішке жетуге өндіріске жылдың басындағы техникалық қызмет көрсету әсер етті. 2022 жылдың екінші тоқсанында оксидті кенді қайта өңдеу кешеніндегі өндіріс алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда 19 пайызға артып, 6,3 мың тоннаны құрады. Бұған сілтісіздендіру алаңдарына кеннің көбірек жеткізілуі себеп болды. Сонымен қатар оған маусымдық жылынудың да ықпал зор болды.
2022 жылдың бірінші жартыжылдығында мыс өндірісінің жалпы көлемі 104,2 мың тоннаға жетіп, екінші сульфидті фабрика мен оксид зауытының жоғары өнімділігінің арқасында өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 49 пайызға артты.
2022 жылдың бірінші жартыжылдығында күміс өндірісі 528 мың унцияны құрап, 2021 жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда 84 пайызға өсті. Бұған екінші және бірінші сульфидті фабрикалардың өнімділігінің және күмісті алу коэффициентінің жоғарылауы әсер етті.
2022 жылдың бірінші жартыжылдығында концентраттағы молибден өндірісі өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 981 тоннаға жетіп, 338 пайызға артты. Бірінші сульфидті фабрикада бөліп алу коэффициенті едәуір артты. Өйткені реагенттерді пайдалану молибден өндірісін барынша арттыру үшін оңтайландырылды, ал екінші сульфидті фабрикада молибден желісін іске қосу 2022 жылдың ақпан айының соңынан бастап өндірістің біртіндеп өсуіне ықпал етті.
Бозшакөлдің болашағы бар
Компанияның тағы бір мақтанышы Павлодар облысының аумағында орналасқан Бозшакөл мыс кен орны болып келеді. Бүгінде 90 жылдық тарихы бар ашық типтегі кен орнының әлеуетін пайдаға жаратқан кәсіпорын мыс концентратын өндіруді 2016 жылдың ақпанында бастаған болатын. Кеніштегі өндіріс көлемін есептік қуатқа дейін арттыру 2017 жылдың екінші жартысында аяқталды. Қазіргі уақытта әлеуеті әлі де 40 жылға жететін нысанның жылдық нормасы 30 миллион тоннаны құрайды.
Кен орнының бүгінгі жағдайына көз жүгіртсек, 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында кен өндіру 12 773 мың тоннаны құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 22 пайызға төмендеді. Былтыр бұл көрсеткіш 16 418 мың тоннаны құраған болатын. Оның басты себебі, қоймада жинақталған каолин балшығы бар кендер мен сульфидті кендер байыту фабрикаларында өңделді. Тау-кен техникалары болашақ өндіріске арналған кенді аршу жұмыстарын жүргізді.
Сульфидті, сондай-ақ каолин балшығы бар кендерді өңдейтін фабрикалардың өнімділігінің артуы арқасында 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында кенді қайта өңдеу көлемі 5 пайызға өсіп, 16 521 мың тоннаға дейін жетті. Өткен жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 15 804 мың тоннаны құраған еді. Компания басшылығы Бозшакөлдің жұмыс ұзақтығы мен өткізу қабілетін арттыруға ұмтылып, екі кен байыту фабрикасын осы мерзімде жобалық қуатынан асыра жұмыс істетті. Екінші тоқсанда жоспарланған жөндеу жұмыстарына қарамастан, өткізу қабілеті 2022 жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда біршама өсті.
2022 жылдың бірінші жартыжылдығындағы мыс өндіру 51,6 мың тоннаны көрсетті. Бұл өткен жылдың салыстырмалы кезеңіне қарағанда 4 пайызға төмен. 2021 жылдың бірінші жартысында ол 53,9 мың тоннаға жеткен болатын. Кендегі мыстың орташа мөлшерінің 0,44 пайызға төмендеуіне сәйкес, мысты бөліп алу коэффициенті де төмендеді. Оған қоса каолин балшығы бар кендерді өңдеу фабрикасында қышқылданған шикізаттың үлкен көлемі өңделді. 2022 жылдың екінші тоқсанында мыс өндірісінің көлемі 24,9 мың тоннаны құрады, бұл өткен тоқсанмен салыстырғанда 7 пайызға төмен. Оның басты себебі, мұнда металл мөлшері төмен кендер өңделіп, бұл осы тоқсанда қол жеткізілген бөліп алу коэффициентінің жоғарылауын өтеді.
2022 жылдың бірінші жартыжылдығында алтын өндірісі өнімділіктің артуына және өңделген кендегі алтынның орташа мөлшерінің 0,22 г/т-ға дейін артуына байланысты 60,6 мың унцияға дейін ұлғайды.
Есепті кезеңде күмістің өндірісі 347 мың унцияны құрады. Өңделген кендегі металл мөлшерінің болжамды төмендеуінен кейін былтырғы кезеңмен салыстырғанда 8 пайызға азайды. Концентраттағы молибден өндірісі де айтарлықтай болмады. Бұл 2022 жылдың екінші тоқсанында қайта өңделген кендегі молибден мөлшерінің аздығына байланысты болды.
Шығыс өңір және Бозымшақ
KAZ Minerals Тобының тағы бір мақтанышы – үш жерасты кеніші мен үш байыту фабрикасы бар Шығыс өңірі мен Қырғызстанда орналасқан ашық түрде мыс пен алтын өндіретін Бозымшақ кен орны.
Жалпы, биыл бірінші жартыжылдықта өндірілген кен 1 841 мың тоннаны құрады. Дегенмен, бұл көрсеткіш өткен жылдың салыстырмалы кезеңіне қарағанда 4 пайызға төмен. Ол негізінен сәуір айында жергілікті аймақта орын алған қар көшкінінен кейін Бозымшақ кенішіндегі кен өндірудің төмендеуіне байланысты болды. Бірақ бұған мойымаған компания басшылығы қосымша кен көлемі үстіміздегі жылдың екінші жартысында өндіріледі деп болжап отыр. Бұл жыл бойындағы кен өндірісіне әсер етпейді. Тау-кен жұмыстары жоспарының жаңартылуы 2022 жылдың екінші тоқсанында кен өндіруді 799 мың тоннаға дейін азайтуға мәжбүрледі, бұл өткен тоқсанмен салыстырғанда 23 пайызға аз.
2022 жылдың бірінші жартыжылдығында 1 793 мың тонна көлемінде кен өңдеу көлемі өткен жылдың салыстырмалы кезеңімен салыстырғанда 3 пайызға аз болды. Өткен жылдың бірінші жартысында ол 1 852 мың тоннаны құраған еді. Екінші тоқсанда өңделген кен көлемі 872 мың тоннаны құрап, алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда 5 пайызға азайды. Аталмыш көрсеткіш биылғы жылдың бірінші тоқсанында 921 мың тоннаға жеткен болатын. Негізінен оған Николаев байыту фабрикасы өнімділігінің төмендеуі себеп болды, онда жылдың екінші жартысында өндірісті оңтайландыру мақсатында кен жинақталды. Бозымшақта кен өндіру көлемінің азаюын өтеу мақсатында қоймадағы кен қайта өңделді, бұл бірінші жартыжылда жобалық қуаттан жоғары өнімділік деңгейін сақтауға мүмкіндік берді.
2022 жылдың бірінші жартыжылдығында Шығыс өңірінде және Бозымшақта өңделген кендегі металл мөлшерінің жоспарлы төмендеуіне, сондай-ақ өткізу қабілетінің төмендеуіне байланысты мыс өндірісі 9 пайызға азайып, 24,1 мың тоннаны құрады. Шығыс өңіріндегі байыту фабрикалары өнімділігінің төмендеуіне байланысты 2022 жылғы екінші тоқсанда мыс өндірісі алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда азайып, 11,6 мың тоннаға жетті.
Бұдан бөлек, биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында өндірілген 23,8 мың унция алтын былтырғы жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда 16 пайызға аз болды. Өйткені Бозымшақта қайта өңделетін кендегі алтынның мөлшері 2021 жылдың бірінші жартыжылдығындағы 1,55 г/т-дан 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында 1,30 г/т-ға дейін төмендеді. Кендегі алтынның төмен мөлшері 2022 жылдың екінші тоқсанындағы металл өндірісінің 11,1 мың унцияға дейін азаюына әкелді.
2022 жылдың бірінші жартыжылдығында өнімділіктің, Шығыс өңіріндегі бөліп алу коэффициентінің және Бозымшақта өңделген кендегі орташа мөлшердің төмендеуінің кесірінен күмістің өндірісі 857 мың унцияға дейін азайды. 2022 жылдың екінші тоқсанында 395 мың унция көлеміндегі күміс өндірісі бірінші тоқсандағы 462 мың унцияға қарағанда 15 пайызға аз. Шығыс өңірінде өңдеу көлемінің және кен құрамындағы металл мөлшерінің төмендеуі Бозымшақта өндіріс өсімін теңестірді.
2022 жылдың бірінші жартыжылдығында 19,2 мың тонна концентраттағы мырыш өндірілді. Кендегі мырыштың орташа мөлшерінің төмендеуі және Орлов кен байыту фабрикасындағы бөліп алу коэффициентінің төмендеуі салдарынан бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 12 пайызға аз. 2022 жылдың екінші тоқсанында өндіріс 21 пайызға азайып, 8,5 мың тоннаны құрады. Бірінші тоқсанда ол 10,7 мың тоннаны құраған болатын. Оған Шығыс өңірінің екі байыту фабрикасындағы өткізу қабілетінің, өнімділіктің, қайта өңделген кендегі металдың орташа мөлшері мен бөліп алу коэффициентінің төмендеуі себеп болды.
Азамат Темірбеков