Кен барлауға көңіл бөліне бастады
Қазақ жерінің қойны-қонышы пайдалы қазбаға толы екенін жиі айтамыз. Бүгінде облыс бюджетінің бүйірін толтырып отырған үлкен кеніштердің барлығы кеңес заманында барланған. Геологтардың айтуынша, олардың көбі сарқылуға жақын. Демек, жаңа кен орындарын анықтау – кезек күттірмейтін мәселе. Өскемендік «Best&Alliance Group» компаниялар тобы – осы міндеттің үдесінен шығып жүрген өңірдегі жалғыз кәсіпорын.
Ірі кеніштердің түбі көрінді
Шығыс Қазақстанның қойнауында еліміздегі жалпы қорғасын қорының 27 пайызы, мырыштың 47,7 пайызы, мыстың 47,9 пайызы, молибденнің 51,6 пайыз баланс қоры шоғырланған.
Елімізде өндірілген металлургиялық өнімнің 26,4 пайызы біздің өңірден шығады. Барланған 23 түсті металл кенішінің 11-і игерілуде. Ең сұранысқа ие қазбалар да осы 11 кен орнында жатыр. Өкінішке қарай, инвестициялық тартымдылығы жоғары саналатын бұл кеніштердің түбі көріне бастады. Бір ғана Зырян ауданына қарасты Грехов кеніші жұмысын тоқтатса, Тишин кен орнының қоры 2020 жылға қарай түгесіледі деген есеп бар. Ал Малеевтегі мыс пен мырыштың, қорғасын мен күмістің, ілеспе алтынның қоры ары кетсе 2028 жылға дейін жететінін айтады мамандар. Өзге де аудандардағы аса ірі саналатын Артемьев, Риддер-Сокольский, Белусовка, Николаев кеніштерінің қақпағы ашылғанына кемінде 40 жылдан асқан. Бұл кеніштердің жұмысын тоқтатуы өңірдегі моноқалалардың тұрмысына әсер етпей қоймайтыны белгілі.
Мұндай жағдай тек біздің өңірге ғана емес, бүкіл Қазақстанға тән. Сондықтан да Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында тау-кен металлургиясы мен мұнай-газ кешенінің әлі де болса экономикалық өсімді тұрақтандырушы маңызға ие екенін атады. Бұдан былай шикізаттық базаны кеңейтуге баса назар аударылып, елімізде геологиялық барлау жұмыстары қайта жанданады. Демек, Кенді Алтайдың игерілмей жатқан кеніштеріне қайла түсетін күн алыс емес. Ол үшін әуелі әлеуеті зор кеніштерді дөп басып, тиімділігін дәлелдеу қажет. Шығыста ондай жұмыстармен «Best&Alliance Group» компаниялар тобы ғана айналысып келеді. 2014 жылы қайта құрылымдалған кәсіпорынды қарапайым халық «Топаз» компаниясы ретінде біледі. Аталмыш кәсіпорынның құрамында қазіргі таңда бірнеше серіктестік бар. Соның бірі – «Топаз» геологиялық барлау компаниясы» ЖШС. Геология саласы пайдалы
қазбалар қорын барлаумен шектелмейді. Оның жұмыс аясы гидрология, экология, сейсмология салаларын түгел қамтиды. «Топаз» ЖШС осы аталған салаларға қатысты кез келген тапсырысты орындауға дайын. Бұдан бөлек бұрғылау жұмыстарына жауапты «Drilling WELL» ЖШС, қатты пайдалы қазбалар кенішін барлаумен шұғылданатын «Зырян геологиялық экспедициясы» ЖШС, зертханалық-талдау жұмыстарымен айналысатын «VK Lab Servise» ЖШС, жобалау мен металл өңдеуге машықтанған «Ғылыми-аналитикалық орталық» ЖШС, құрылыс және монтаждау жұмыстарына жауапты «Топаз-Құрылыс» ЖШС бар. Осы серіктестіктердің жұмысын «Best&Alliance Group» ЖШС үйлестіреді.
Әлеуетін әлем мойындаған тәсіл
Компаниялар тобының бас директоры Болат Бағадаевтың айтуынша соңғы 15 жыл ішінде кәсіпорын жалпы ауданы 80 мың шаршы шақырымнан астам аумаққа қорытынды зерттеулер жүргізген. Атап айтқанда, Шыңғыстау-Тарбағатай, Батыс Қалбатау сілемдерін, Кенді Алтайдың кейбір бөліктерін, Шаған-Шар, Шар-Ертіс аралықтарын, Семейдің Ертіс жағалауын түгелдей барлап шыққан. Осы барлаулар нәтижесінде өңірдің геологиялық картасы жаңарып, 150-ден астам кен түзілімдері мен минерал көздері анықталыпты. Бұл орындардан болашақта алтын, мыс, молибден, күміс, қорғасын, мырыш және сирек элементтер қоры игерілуі мүмкін. Мәселен, Абай ауданының Балаүрпек телімінде 100 мың тонна мыс пен 1000 келі алтынның қоры анықталып, дәлелденген.
-Біздің компанияның тарихы сонау 1929 жылдан бастау алады. Шығыс Қазақстанда геологиялық қызмет сол кезден бастап жолға қойылған екен. Кейін сондағы құрылымдардың барлығы бір мекемеге біріктіріліп, түрлі атауларға ие болып отырған. Сексенінші жылдары ұйымның құрамында 8000-нан астам адам қызмет істесе, кеңестік жүйе ыдырағаннан кейін орнында «Топаз» компаниясы қалды. Сол бір қиын кездер әлі есімде. Бізге геологияның енді қажеті жоқ деген үкім айтылды. Өйткені, барланған темірдің қоры 100 жылға, полиметалдар қоры 25-30 жылға жететін. Соған қарамастан, біз қолда бар өндірістік база мен ғимараттарды, техниканы түгелдей сақтап қалдық. Соның жемісін енді көріп отырмыз, – дейді Болат Бағадаев.
Компания соңғы зерттеулерінің бірін Ақшатау-Қосмұрын, Сауыр сілемдерінде жүргізген. Мұнда 3D магниттік модельдеу тәсілі арқылы алтын мен мыстың, полиметалдың жаңа перспективалы көздері табылды.
Осы 3D модельдеу әдісі 2016 жылы Оңтүстік Африка Республикасының астанасы Кейптаунда өткен 35-халықаралық геологтар конгресінде әлем жұртшылығына Қазақстан атынан таныстырылып, жоғары бағаланыпты. Баяндаманы компанияның маркетинг және келісімшарттарды басқару қызметінің басшысы Әлібек Бағадаев ағылшын тілінде оқыған. Төрт жылда бір рет өтетін айтулы шарада Қазақстан атынан жас маманның баяндама жасауы біздегі геология саласының әлі де болса ешкімнен қалыс қалмағанын аңғартатын жайт.
Мемлекеттік қолдаудың маңызы зор
«Best&Alliance Group» компаниялар тобының серіктестіктері шағын және орта бизнес нысаны ретінде «Даму» қорының жобаларына, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына белсенді қатысып келеді. Соның арқасында материалдық-техникалық базасын жетілдіріп, мамандарының біліктілігін арттыруда. Бір ғана «VK Lab Servise» ЖШС «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы америкалық, австралиялық және ресейлік жоғары технологиялы қондырғылар орнатуға мүмкіндік алды. Мысалы, Ресейден алынған «Грант-Поток» атомдық-эмиссиялық кешені топырақ сынамасын бір мезетте бірнеше қасиет бойынша талдап, қас-қағым сәтте экранға қажетті деректерді шығарады. Осы қондырғыларды ұршықша иіретін жас маман Дина Лукиянова «Даму» қорының қолдауымен Дрезден қаласында білімін жетілдіріп қайтқан.
Ал бұрғылау жұмыстарына жауапты «Drilling WELL» ЖШС «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы 11 дана заманауи бұрғылау техникасын сатып алыпты.
«Best&Alliance Group» компаниялар тобында жалпы жиыны 350 адам жұмыс істейді.
-Біздің басты байлығымыз – адамдар. Оларды ынталандыру үшін бұрғылаушылар арасында жыл сайын байқау өткіземіз. Жыл бойында мінсіз жұмыс істеген маманға «Үздік бұрғылаушы» атағымен бірге жеңіл көлік сыйлаймыз. Осы күнге дейін жеті бұрғылаушымыз темір тұлпардың кілтін алды. Ең алғаш «ВАЗ-2107» көлігін сыйлап бастағанбыз. Ал былтырғы жылдың үздігі Асылжан Тұрысбековке Renault Logan көлігін табыстадық, – дейді бас директордың өндіріс жөніндегі орынбасары Маргарита Мағауянова.
Жаз туа үй көрмей, дала кезетін геологтарға жағдай жасау мақсатымен «Ғылыми-аналитикалық орталық» ЖШС сегіз адамдық жылжымалы вагондар жасап шығарыпты. Онда ыстық судан бастап, интернет байланысына дейін барлық жағдайлар жасалған.
Қалай десек те инновациялық жаңалықтар геологтардың жұмысын бұрынғыдан көп жеңілдеткен. Сол үдерістен қалмас үшін компания компьютерлік бағдарламаларын да үнемі жаңалап отырады. Ал ең ауыр кезеңде компания басшылығының жанынан табылып, еңбегі сіңген ардагерлер әрқашан құрметке ие. Осы салада 40-50 жыл бойы табан аудармай қызмет еткен Владимир Маслов, Николай Клепников, Григорий Бабенков, Александр Башкиров, Анатолий Кузнецов сынды көнекөз мамандар бүгінде бар тәжірибесін жас буынның бойына сіңіріп жүр. Өйткені, мұнда ұрпақ сабақтастығына қатты көңіл бөлінген. Семей геологиялық барлау колледжі, Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ сияқты белді оқу орындарының студенттері осы жерде іс-тәжірибеден өтіп, кейін маман ретінде қалыптасуда.
– Геология саласына қатысты көзқарастың өзгергені қуантып отыр. Үкімет тарапынан, Геология комитетінен қаражат жақсы бөліне бастады. Жылдан-жылға көбейіп келе жатыр. Мұның бәрі Президенттің Жолдауын орындау мақсатынан туындап отыр. Бүкіл Шығыс Қазақстан облысы бойынша біздің мекеме барлық тапсырыстарды орындап отыр. Оның ішінде жер қойнауының беткі бөлшегінен бастап тереңдікке дейін тексеру, жер астындағы суларды зерттеу, су көздерінің ластану себептерін зерделеу, сейсмикалық жағдайды тексеру бойынша тапсырмаларды жүзеге асырып келе жатырмыз, – дейді Б.Бағадаев.
Кәсіпорынның зертхана базасын аралау барысында бас директордың өндіріс жөніндегі орынбасары Маргарита Мағауянованың кабинетінен қазақ геологиясының атасы Қаныш Сәтбаевтың портретін көрдік. Сол ұлы академик туралы ел аузындағы ақиқатқа бергісіз аңыз есімізге түсті. Мәскеудің тапсырмасы бойынша Қазақ даласының геологиялық картасын жасаған ғалым бірнеше кен орнын қағазға түсірмей қойса керек. Орыс ғалымдарына бұл әрекетін аталмыш кеніштердің тым тереңде жатқандықтан көп шығын талап ететіндігімен түсіндіреді. Ал сырлас достары М.Әуезов пен Ә.Марғұланға: «Ол кеніштерді әдейі жасырып қалдым. Кейінгі ұрпаққа да байлық керек шығар», – деген екен. Алып тұлғаның Мәскеуге жалған ақпарат беріп, басын тәуекелге тіккендегі үміті ақталған екен деген ой келді. Өйткені, жоғарыда есімдері аталған ардагер геологтардың орнын біртіндеп Әлібек сынды қаракөз жастар алмастыруда. Солар барда Сәтбаев салған сара жол жалғассыз қалмас.
Есімжан Нақтыбайұлы