Саят

Әкем түйемен жүріп те қасқыр атып алатын

Қасқыр түйеге мінген жалғыз-жарым адамнан қорықпайды. Ал екі-үш түйелі болса, жоламайды. Олардың осы мінездерін пайдаланып, кейде аңшылардың түйемен жүріп те қасқыр аулайтыны бар. Олар әсіресе, ұйық уақытынан бір-екі ай өткен соң, басқаша айтқанда, жерік айында топтасып жүреді. Мен түйемен шығып, бірнеше қасқыр атып алғанмын.

Әкем түйемен жүріп те қасқыр атып алатынБір жолы түйемен жеті қасқырдың ізіне түскен мен Ақшоқының етегіне таман барғанда қасқырларға жеттім. Олар қорыққанды қойып, өзіме қарсы жүргені. Таяй бергенде түйе үстінен біреуін атып қалдым. Оқ оның жанды жеріне тимеген сияқты, қаңқылдап қаша жөнелді. Басқасы да оған ілесе қашып, сәл шегінді де, қайтадан маған қарап тұрып алды. Мен болсам түйемді тоқтаттым да, тура қарсы қарап тұрған біреуін атып салдым. Ол жалманынан түсті де, басқалары қаша жөнелді. Күн кешкіріп кеткендіктен, өлген қасқырды түйенің артына бөктеріп, үйге қайттым.

Осылай түйемен қасқыр аулап жүріп, бір жолы қауіпке ұшырап қала жаздағаным да бар. Бұрындары көздеген жерге тиетін мылтығым болушы еді. Сол жылы Үкімет малшылардың қару ұстауына тыйым салып, мылтығымызды жинап алған-ды. Қасқырдың жерік айы басталған кезде аңға шығайын деп, милицияда істейтін бір досымның қызметтік мылтығын бір күнге сұрап алдым.

Қасиетті Алтай тауы басқа аң сияқты қасқырға да бай ғой. Үйір-үйірімен өріп жүреді. Басбілгі түйеге мініп, тауға тарттым. Бір мойнаққа шыға келсем, алдыңғы қырқаның күнгейінде тоғыз қасқыр кетіп барады екен. Олар мені көріп, қашпақ түгілі, тура өзіме бет алды. Мінген түйем басбілгі болғанымен, бақырауық еді. Байғұс бақырып, сайды басына көтеріп келеді. Қасқырлар да тайсалатын емес, тастақты қыраттан маған қарай еңсеріле ойысып, беттеп келеді. Менің де іздегенім сол еді. Қасқырлар шамамен жүз қадамдай жақындап келіп, жүгірістерін бәсеңдетті де, маған қарасып, тұрып қалды.

Мен түйемді шөгеріп жіберіп, олардың біреуін қарауылға алдым. Сәті түсіп, ол қарауылға ілінді-ау дегенде шүріппені басып қалдым. Керібаққанда тимеді, тағы аттым, тағы да тимей кетті. Сырын білмейтін кісі дүниесі деген сол, мылтықтың қисық екенін енді ғана ұғып тұрмын. Тоғыз оқ шығарғаныммен бірі де дарымады. Тек бір рет көздеген қасқырым сәл шоршып, атқалақтағанымен, жығылмады, сірә, талмау жеріне тимеген болса керек. Қасқырлар желе жортып, енді артқы жаққа барып тұра қалды. Мені мазақ етісіп жүрген тәрізді. Тап беруге әзір тұр. Жалма-жан түйенің тоқымындағы шом ағаштың бірін босатып алдым. Түйені тұрғызып мініп, шом ағашты сойыл ғып ұстап, ақырын жүріп келемін. Түйе де айналаны азан-қазан ғып, бақырып келеді. Қорқаулар болса, сол жағымнан жүз қадамдай қашықтықта қыраттап, ілесуде. Кейде қаңғыған оқ та дариды, «үміт дүниесі» деп, әрі жыртқыштарды сескендіру мақсатымен топ ортасын көздеп, мылтығымды тағы бір мәрте атып қалдым. Міне, қызық! Құдайдың сәтін салғаны болар, бір арлан жалп ете түсті. Мұны көрген қалғандары зытып берді. Мен осылайша ойламаған жерден олжалы болып, үйіме қайттым.

Әкем аңшылық жайында әңгіме қозғалғанда қорқаулар қамаған осы бір оқиғаны үнемі айтып отыратын.

Нұрила Қызыханқызы

Осы айдарда

Back to top button