Келісімшартсыз жұмыс істеу құлдықпен пара-пар

Облыста жалақысын ала алмай жүрген жандардың 30 пайызы жұмыс берушімен еңбек шартын жасаспаған. Жұрттың басым бөлігі әлі де осы бір құжаттың еңбек даулары кезінде ғана емес, жалпы оның әлеуметтік жағынан қорғалуы үшін қаншалықты маңызды екендігіне мән бермей келеді.
Осыған байланысты, өткен жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл көлемінде «Еңбек шартын жасас» акциясын ұйымдастырған болатын.
Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бақытбек Қизатовтың айтуынша, еңбек шартын жасаспағандар, ең алдымен, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудан және зейнетақыдан қағылып жатыр.
Еңбек келісімшарты – қызметкер мен жұмыс беруші арасында жасалған заңды құжат. Ол екі тараптың міндеттері мен құқықтарын айқындайды. Жұмыс беруші еңбекшартын жасауға және бір данасын қызметкердің қолына беруге міндетті.
Басқарма басшысының айтуынша, өткен жылы еңбек дауларына қатысты 2500 мәселе қаралса, оның 1800-і жалақыға қатысты түскен арыздар. Ал осы 1800 шағым иесінің 30 пайызы жұмыс берушімен еңбек шартын жасаспаған.
– Көп жағдайда жұмысшы келісімшарттың бір данасын алмаған болып шығады. Кейін беремін деген сылтаумен жұмыс берушілер де оның бір данасын табыстамай, қажетінше өзгерістер енгізген жағдайлар өте көп кездеседі. Алайда жұмысшының қолында тағы бір данасы болмаған соң, оны дәлелдеу қиын. Мұны енді халықтың құқықтық сауатсыздығы дейміз бе, құжатқа деген салғырттығы дейміз бе?! -дейді Б.Қизатов.
Басқарма басшысының айтуынша, жұмысқа тек қана еңбек шартына қол қойылғаннан кейін кірісу керек. Егер де жұмысқа орналасқаннан кейін еңбек шарты жасалмаса, ондай адамның еңбек құқы бұзылғаны туралы ешқандай мемлекеттік орган не болмаса сот растап, қорғап қала алмайды.
Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы мұндай жағдайдың алдын алудың ең оңай жолы – келісімшартты мұқият оқып шығу деп есептейді. Өйткені, статистика көрсетіп отырғандай, шағымданушылардың көбі шартқа қол қоярда оның мазмұнымен таныспайды. Сондай-ақ келісімшартта көрсетілген жалақы мөлшері ауызша уағдаласқан жалақыдан аз болмауы тиіс. Өйткені арты сотқа әкеп тірелетін жағдайда, сізге жалақыңызды өндіріп алу қиынға соғады. Себебі сот сізге мекеме есепшілерінде ресми тіркелген соманы ғана өндіріп бере алады.
– Мысалы, салықтан жалтарған жұмыс берушілер жұмысшыны шартта ең төменгі жалақыны көрсетуге көндіреді де, есеп айырысқанда, ауызша келісілген соманы төлейді. Бұл – көбіне сауда саласында кездесетін жағдай. Өткен жылы ең төменгі жалақы 28 284 теңге болатын. Ал енді екі тарап арасында еңбек даулары туындағанда, жұмыс беруші оған төленетін өтемақылардың барлығын шартта көрсетілген осы сома негізінде төлейді. Бұл арада ұтылатын – тағы да жұмысшы. Зейнетақы мен салық аударымдары да осы 28 мыңнан жасалатындықтан, ертеңгі күні несие алғанда да төлеу қабілеттілігін дәлелдей алмайды. Сондықтан жалақыны ауызша келісу арқылы жұмысшы өз құқығына өзі шектеу қоятындығын ескергені жөн,-дейді Бақытбек Құрманбекұлы.
Құрлысшылардың құқығы шектелген бе?
Еңбек шартының нормасы заңға қайшы болса және жұмысшының көңілінен шықпаса, ол еңбек шартынан бас тарта алады.Бұл – оның құқы. Алайда жұмысшылар өз құқықтары мен міндеттерін жақсы біледі деу қиын. Өйткені еңбек инспекциясына келіп түсетін шағымдардың саны азаяр емес. Ал еңбек қатынасына қатысты даулардың басым бөлігі әлі де құрылыс саласына тиесілі. Оның өзіндік себептері де бар.
-Құрылыс саласындағы еңбек дауларына, ең алдымен, мердігерлердің басым бөлігінің еңбек шартымен емес, азаматтық-құқықтық сипаттағы келісіммен жұмыс істеуі себеп. Азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшарттың еңбек шартынан қандай айырмашылығы бар? Азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшартта нақты бір жұмыстың көлемі мен аяқтау мерзімі белгіленеді, тұлға нақты бір қызмет пен жұмыс атқарады. Мысалы, бір нысанның құрылысын жүргізу үшін оған бірнеше мердігер мен бригада қатысады. Олар құрылысқа тапсырыс берушімен азаматтық-құқықтық сипаттағы келісім жасасады.
Жұмысшылары да осы келісім негізінде еңбек етеді. Мұның аясында жұмыс істейтін жұмысшыларға еңбекке жарамсыздығы бойынша өтемақы, кезекті еңбек демалысы төленбейді, мереке және демалыс күндері атқарылған жұмыс үшін төленетін жалақы мөлшері белгіленбейді. Жұмысшыға қажетті осындай әлеуметік аспектілер мұнда қарастырылмаған,-деп түсіндірді басқарма басшысы.
Мұндай дауларды шешу қиындық туғызғанымен, еңбек инспекциясы Еңбек кодексіне сай азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімнің еңбек шартының сипатына жүгініп, жұмысшының құқығын қорғауға тырысады. Дегенмен осы азаматтық-құқықтық сипаттағы шартты реттеу және оған жұмысшының құқығын қорғауға арналған баптар енгізу қажет, деп есептейді басқарма басшысы.
– Жаңағы құрылыс саласына келер болсақ, осындай шағын мердігерлік ұйымдар мен бригадалар азаматтық-құқықтық сипаттағы келісім негізінде жұмыс істесе олардың еңбек қатынастарына қатысты мәселелерін бас мердігер қадағалауға, еңбек даулары туындаған жағдайда осы ұжымның бірін оны шешуге міндеттеуі тиіс. Өйткені, жалақы мәселесін айтпағанда, өндірістік жарақаттар алу фактілері кезінде шарт жасасқан екі ұжым, мысалы, шағын мердігерлік ұйым мен бригада жауапкершілікті алудан жалтарып, бір-біріне сілтеуі мүмкін. Осы мәселеге бір жауапты заңды тұлға болуы тиіс. Өйткені көптеген шағын мердігерлік ұйымдар әлеуметтік сақтандыру қорында сақтандырылмаған болып жатады. Ал мұндай жағдайда оның зардап шеккен жұмысшысы қордың әлеуметтік өтемақысынан қағылады. Ұжымды заң жүзінде өтеуге міндеттеу – ұзақ процесс. Осыған байланысты, еңбек инспекциясы, кәсіподақ ұйымы бірлесіп министрлікке ұсыныс жолдаған болатын,-дейді басқарма басшысы.
Елімізде биыл пилоттық жоба ретінде қолға алынған электрондық еңбек шарты жоғарыда аталған мәселелердің алдын алуға бағытталып отыр. Біріншіден, электронды еңбек шарттарын енгізу жұмысшылар үшін жұмысқа орналасу процесін жеңілдетеді, жеке іс автоматты түрде жасалады, басқа мекемеге жұмысқа орналасқанда, қағаздарды қайта жинау қажеттілігі болмайды. Екіншіден, бұл жұмыс берушілердің жұмысшылар алдындағы жауапкершілігін белгілеуге және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына, әлеуметтік сақтандыру қорына түсетін жарналар мен аударымдарды жүргізетін мониторинг арқасында әлеуметтік қатерден қорғауға мүмкіндік береді. Осы бағытта басқарма өткен жылы облыстың 500-ден астам мекемесінде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, электрондық форматқа өтуіне ықпал етті. Биыл үш мыңнан астам мекемені осындай форматқа көшіру мақсат етіп қойылды.
Лаура Тілеубайқызы