Қоғам

КЕЛМЕСКЕ КЕТКЕН КЕҢЕСТІҢ КЕСАПАТЫ МЕН КЕСІРІ

ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы қуғын-сүргін қасіреті ұзақ уақыт халықтың санасында қалып қойды. Себебі, «халық жауы» ретінде істі болып, жазаланғандар туралы еске алмақ түгіл, олардың атын атаудан қорықты.

Құрығы ұзын большевиктік үкімет халық жауларын таңдамады. 1937-1938 жылдары «кеңес жүйесіне қарсы» деген желеумен жоғары лауазымдылармен бірге ауылдың қарапайым жұмысшылары, малшылары да ұсталып, үстінен түрлі қылмыстық істер қозғалды. Тағылған айыптарын оқи отырып, қылмысты деп танылғандарға «фашист», «зұлым», «арамза», «қаскүнем», «зиянкес», «ұялас», «қандыбалақ қарақшы» «агент», «ұлтшыл», «халық жауы» және т.б. жан түршігерлік сөздерді қолданғанын көруге болады. Оларға жабылған жаланың ақ-қарасын ажыратуға үкімет мұрсат та бермеді.

Мерзімді баспасөз беттерінде кеңес жүйесіне іріткі салушыларды әшкерелеген мақалалар күнделікті жарияланып отырды. Айдап салу тәсілімен жазылған материалдар газет-журналдың негізгі тақырыбына айналды. Соның кесірінен қазақ зиялылары, тіпті қарапайым ауыл азаматтарының арасында өз басын аман сақтап қалу үшін бірін-бірі қаралағандар көбейді.

Партияның шешімін орындау барысында тұтқындалғандарға қатысты тергеу органдары заңсыз әрекеттерге барды. Мәселен, қамауға алу және тінтуге қатысты ордерлері болмаса да, үйіне баса көктеп кіріп, тұтқындау, заттарды шашу фактілері анықталды.

Газеттерде «Коммунистердің қатарына кіріп алған бұрынғы бай тұқымдары фашизм агенттерімен сыбайласып, социалистік құрылыстың дамуына зиянкестік тигізді, ұлтаралық ынтымақтастыққа кедергі жасауға тырысты» делінген  мақалалар басылды. «Социалистік Қазақстан» газетіне жарияланған «Халық дұшпандарын түгел әшкерелеп, көзін мүлде құртайық» деген редакциялық мақалада зымияндығымен партия қатарына өтіп, мемлекет аппаратына қызметке кіріп алып, контрреволюциялық әрекеттерін жалғастырып жатқандар жайындағы бірнеше фактілердің айқындалғаны айтылды. Олардың мұндай жолға түсуіне троцкийшіл-зиновьевшылардың ықпалы әсер етті деген тұжырым жасалып, әрбір кеңес азаматына қырағылықты күшейтуді талап етті.

Осы мақаланың жалғасын тапқан келесі мақалада Жаңа Семейде алдаумен партия қатарына кіріп кеткен бірнеше бұрынғы жуан жұдырық иелері әшкереленіп, аластатылғаны айтылып, алда партия қатарындағы осындай элементтерді шығаруды, өз жұмысын жоғары сатыға көтеруді мақсат етіп отырғанын келтірді.

БК(б)П Қазақстан өлкелік комитетінің VI пленумында С.Нұрпейісов Қазақстан партия ұйымдарына партия құжаттарын алмастырудың қорытындылары туралы баяндама жасап, Қазақстанда партия қатарына троцкий-зиновьевшіл бандиттер, контрреволюцияшыл ұлтшылдар мен ұлт арасына іріткі салып отырған азғын топтар еніп кетуінен, олардан тазарту үшін құжаттарын жіті тексере отырып, жаңаша үлгіде алмастыру жұмысының И.Сталиннің тапсырмасымен жүргізілгендігін айта келе, осы жұмыс барысында жіберілген кемшіліктерді атап берді. Олар: партияның пленумдарының шешімдері мен өлкелік комитеттерінің нұсқауларын орындауда бұрмалаушылыққа жол берілуі, құжаттарды тексеру барысы атүсті жүргізілуі, тіпті кейбір жерлерде тексерілместен ауыстырылуы, партия құжаттарын ауыстыру кезінде көп құжаттардың жарамсыз болып бүлінуі, партияға жаңа мүшелерді қабылдауда лениндік-сталиндік принциптердің бұзылуы, БК(б)П-ның қатарында болуға лайықты коммунистердің партия қатарынан еш себепсіз шығарылып тасталынуы.

С.Нұрпейісов көрсеткендей, 1936 ж. 1 тамызға дейін партия қатарынан лайықсыз деп 432 коммунист шығарылған. Алайда БК(б)П ОК-нің және өлкелік комитеттің VI пленумынан кейін бұл шығарылғандардың 269-ы қайтадан партия қатарына қабылданған. Мұндай қателіктерге жол берілуінің себебі, партия идеологиясының дұрыс жүргізілмеуі, үгіт-насихат жұмыстарының ақсауы деп келтірілді [3, 343-б.].

1937 жылы «Халық жауын» анықтау мәселесі де арнайы нұсқаумен жүргізілді. Мирзоянның 8 мыңдық лимитін орындауда бірін-бірі аңду, бірінің үстінен екіншісінің жала-арыз жазуы өршіді.

Негізінде КСР Одағы Ішкі істер халық комиссары, мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің бас комиссары, БК(б)П ОК жанындағы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы  Н.Ежовтың 1937 жылғы 30 шілдеде құпия түрде шығарған бұйрығы қуғын-сүргін науқанын бастап берді. Бұл науқан 5 тамызда басталып, төрт айдың ішінде аяқталуға тиіс болатын. Осы бұйрық бойынша халық жауларын анықтау екі категориямен жүргізілді.

Жалпы Шығыс Қазақстанда кеңес жүйесіне жат элементтермен күрес барысы 1937 жылдың басында қолға алынды. 8 ақпанда облыстық комитет бюросында троцкистшіл контрреволюциялық орталықтарға қатысты қабылданған қаулы бойынша мемлекеттік айыптаушы Вышинскийдің сөйлеген сөзін ескеру және түсіндірме жұмыстарын жүргізу міндеттелді.

Вышинский барлық қалалық, аудандық өндірістік кәсіпорындарда, цехтар, колхоздар мен совхоздарда, бригада, фермаларда, МТС, транспорт жаңа құрылыстарында, оқу орындарында, мекемелерде тазарту жұмыстарын жүргізуді ұсынған болатын.

Жат элементтерді әшкерелеу барысы Шығыс Қазақстан облысының Ақсуат ауданында үлкен қарқынмен өріс алды. Осы өңірдің тумасы Қ.Алтынбаев пен Е.Жұмахан «Ақсуат» атты кітабында 30-шы жылдары ақсуаттықтардың «ұлттық фашист», «халық жауы» ретінде ұсталуының себебін: «Партияны тазартудың, адамдарды жаппай қуғындаудың алғашқы толқыны С.Кировтың өліміне байланысты 1934 жылы басталғаны тарихтан белгілі. 1937 жыл соның жетілдірген кең ауқымды түрі. Бұл екі саяси науқан кезінде көбіне зиялы қауым өкілдері, ұлттың маңдайына басар ардақтылары қазаға ұшырады. Мұның түпкі мәнісі, біріншіден, кейінгілерді есінен кетпестей қорқыту, екіншіден, халықтың ойын, еркін білдіретін саналыларды құрту, сөйтіп, басқаларды рухани құлға айналдыру», деп жазған болатын.

Партияның құпия тапсырмасымен Ақсуат аудандық партия комитетінің әр апта сайын өткізілген мәжілістерінде үкіметтің саясатына қарсы шыққандар анықталып отырған.

«Халық жауларын» әшкерелеу мәселесі өршіп жатқан кезде аудандағы жат пиғылдыларды тауып, жария ету жедел қолға алынды. Бірінші ретте коммунистердің қатары қайтадан тексеріліп, бұрынғы өмірбаяндары ашық түрде партия жиналыстарында талқыға салынды. Партия қатарына өтушілердің өмірбаяны, шыққан тегі мұқият тексерілді. Мәселен, партияға кандидат Жағыпар Солтамбековтің мүшелікке өту арызын талқылау барысында туған інісі 1935 жылы Семейдегі алашордашылармен байланыста және ата тегінің әлді болғандығын жасырғандығы анықталған.

Газетке жарияланған мақалалардың бірі «Айтжановтың сыры ашылды» деп аталды. Онда «Екпін» артелінің төрағасы Айтжановтың үкіметке келтірген қастығының айқындалғандығы келтірілді. Мұның алдындағы газеттің 80-санындағы мақалада оның артельге келтірілген зиянкестігі айтылған болатын.

Бұл мақаладан кейін 28 мамырда болған колхозшылардың жалпы жиналысында Айтжановтың 1936 жылдан колхоздың төрағасы болғаннан бері үкіметтің ақшасын талан-таражға салып, бас пайдасына жұмсағандығы, жауапты жұмысқа таныс-тамырларын қойғандығы әшкереленді. Оған тағылған айыптың бірі алашордашылармен бірігіп, оларға жәрдем беріп келгендігі болды.  Әрине, жиналыс барысында айтылған сындар мен газетке жарияланған айыптар қолдан жасалынған, айғақсыз еді.

Оларға қойылған басты кінә партия жұмысына салғырттықпен қарап, бірде-бір рет колхозшылардың арасында жиналыс өткізбегендігі. Осының бәрін білген аудандық кеңестің төрағасы Нүкенов жұмған аузын ашпай, бейқамдық танытқан.

Аудандық комитетте қызметте болған басшылардың арасынан да лауазымын пайдаланып, үкімет ісіне кедергі келтіріп келгендерді де әшкерелеп бақты. 1937 жылдың 23 қазанда бұрынғы аудандық атқару комитетінің төрағасы М.Оралбаев халық жауы ретінде партия қатарынан және атқару комитеттің құрамынан шығарылды. Оған «зиянкестік әрекеттер жасап жатқан контрреволюцияшыл-ұлтшылдармен бірігіп, фашистермен жасырын байланыс жасады, кеңестік билікке қарсы шықты» деп тағылған айыптар дәлелсіз еді.

М.Оралбаевтың өзі ғана емес, онымен тығыз байланыста болғандар да жазасыз қалмады. «Кооператив мүлкін талан-таражға салып, ұлтшыл-фашист Оралбаевпен байланыста болды» деген желеумен  Қабдолда Базаров та партия қатарынан шығарылып, ісі НКВД-ға  берілді. Сонымен қатар М.Оралбаевпен қызметтес болған Қаранезовтің ара-қатынасын тексеру үшін құрамында Нұрпейісов, Батыханов, Кенембаев бар комиссия құрылып, тексеру жұмыстары жүргізілді.

Ұлтшыл атанған Мұхаметжановты үйіне қонақ қылғаны үшін аудандық  газет редакторының орынбасары Ахметов орнынан босатылды. НКВД қарауындағы қызметкер Айқымбеков те «жат адамдармен байланыс жасап, Қытайға өз адамдарын жасырын түрде жіберіп отырды» деген қауесет шығып, оны үш күн ішінде тексеріп, ақ-қарасын ашу Балжановқа жүктелді.  Тексеріс барысында әрине оған тағылған жасанды қылмыстар дәлелденді.

Халық жауы ретінде танылған Нүкеновтің М.Оралбаевпен тығыз байланыста болғандығы да айқындалып, оған «Оралбаевтың айтқанын орындап, колхоздың мүлкін талан-таражға салды, одан ақшалай көмек алып  отырды» деген айып тағылды. Нүкенов партия қатарынан шығарылып, ісі НКВД-ға  тапсырылды.

Аудандағы зиянкестерді әшкерелеу күннен-күнге өрши түсті. Халық жауы, ұлтшыл-фашист ретінде ұсталғандармен бірге қарым-қатынас жасап, олардың тапсырмаларын орындап, большевиктік билікке қарсы шыққандардың қатары көбейе берді. Аудандық комитеттің 24 қазанындағы мәжілісі барысында облыстық партия комитетінің қаулысымен партия қатарында қалдырылған Дәкен Ахметжановтың жат әрекеттері айқындалып, оның ұлтшыл-фашист Түскеевтің жәрдемін алып отырғандығы нақтыланған екен. Д.Ахметжановтың ісі де, пікірі де партияға жатпайды делініп, обкомға өздерінің шығарған шешімін қайта қарауды ұсыну жөнінде қаулы етілді.

Кеңестік жүйеге қарсы шығуға дін иелерінің де қатыстылығының барлығы анықталынды. Сондықтан үкімет барлық партия ұйымдарына дінге қарсы үгіт-насихат жұмысын күшейтуді тапсырды және де көпшілік арасында атеистік тақырыпта дәрістер, әңгімелер жүргізіп, баяндамалар оқуды жүктеді. Ақсуат ауданында құдайсыздар ұйымын құру және оған жастарды тарту, құдайсыздар бюросына мүшелікке аудандық комитетке Оспановты, аудандық комсомол комитетінен Сәтбаевты, оқу бөлімінен Кенембаев пен Еңсебаевты қосу міндеттелді. Молдалардың бұрынғы өмірі мен басқан қадамдары жасырын түрде тексерілді. Мәселен, Ақсуаттағы «Жаңа мектеп» колхозында Семжан Жақыпов дейтін молданың 1932 жылы бандылар тобын ұйымдастырып, колхоздың малын тонап, қарсы шыққандарды өлтірмек болғандығы  анықталған.

Бұл газеттен алынған бір ғана факті. Осындай дін иелеріне, ишан, молдаларға қатысты, олардың кеңес үкіметіне зияндығын әшкерелеген мәліметтер жоғарғы орындарға хабарланып отырды.  Негізінде 1931-1932 жылдары аштықтан титықтаған, әрі үкімет саясатына түсіне алмай, қарсылық білдіргендердің басы-қасында болған ишан, молдаларды «бандиттер» қатарына жатқызып, аяусыз жазалағандығы, аман қалғандарының өзі осы 1937-1938 жылдардағы қуғын-сүргінге іліккендігі белгілі. ОГПУ мәліметтеріне сүйенсек, осы кезде көтерліске шыққандардың рухани тірегі дін болған.

Атеистік идеология жанданып, барлық діни салттар мен шараларға тыйым салған кезде С.Жақыповтың үстінен осындай істің қозғалуы, бұл ол сияқты діндар адамдардың сағын сындыру, қорқыту-үркіту еді.

1937-1938 жылдары «халық жауы» ретінде сотталған ақсуаттықтардың арасында Құрмаш Есжанов, Оразбай Ахметов, Садық Шөкелов, Құрман Шөкелов, Мұхаметжар Шөкелов, Көшкембай  Айтжанов, Тоқтар Жұмабаев, Дүйсенбай Қазанғапов, Қазтай Әзімбеков, Қасымбай Абылғазин, Егізбай, Абылғазин, Нәзір Жұматаев, Мейіржан Сәменов, Салық Сәрсенов, Смағұл Жармақов, Базарбек Түсіпбаев  және т.б. азаматтар болды. Бұлардың бірі басшылық қызметте болса, бірі мұғалім немесе қарапайым колхозшы, есепші еді. Бірі ұзақ мерзімге тар қапасқа қамалса, бірі атылып кетті.

P.S. Өздеріңіз байқап отырғандай 1937-1938 жылдарда Кеңес үкіметінің жүргізген қуғын-сүргін саясатынан бір ғана Ақсуат өңірінен қаншама қазақ азаматының үстінен жүргізілген қылмыстық істер мен оларды тұтқындау, тергеу, жазалау әрекеттері тарихи фактілермен айқындалып отыр. Біз бұл мақалада қылмысты деп нақақтан-нақақ тұтқындалып, қапасқа қамалған, ату жазасына кесілген қарапайым азаматтар жайында қысқаша ғана мәлімет беріп отырмыз.

Светлана СМАҒҰЛОВА,

тарих ғылымдарының докторы, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің профессоры

Осы айдарда

Back to top button