Қоғам

Келешекке деген сеніміміз беки түсті

   Сөз жоқ, халық кезекті Жолдаудан тың бастамалар, елдің әл-ауқатын көтеруге негіз болатын қадамдарды күтті. «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» деп тақырыбында айтылғандай,  бұл Жолдаудың мазмұны, көздеген мақсаты бізді қуантып отыр. 

   Нақтылық бар, әлеуметтік жағдайды көтеруге, қымбатшылық жағдайына қарамастан, елдің экономикасын аяққа тұрғызуға деген белсенділік Жолдаудың өн бойынан анық сезіледі. Ауылда отырып, теледидардан тапжылмай қарадық. Келешекке деген көп жақсылықтың басы ма дейміз. Мысалы, салықтық бақылау қызметін толық цифрландыру, кедендік рәсімдеу орталықтарын «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істету деген бюджет қоржынымызды әділетті толтырудың, жемқорлық әрекеттерді тежеуге әсер береді деп есептеймін. «Ұлттық қордың қаржысын аса қажет инфрақұрылымды дамытуға және еліміз үшін маңызы зор жобаларды қаржыландыруға жұмсаймыз» деуі де көптің көңіліндегі талап-тілекті тап басып тұр.

Рас, біздің қоғамда кежегемізді кері тартып тұрған жағымсыз факторлар аз емес. Соның ішінде ағашты іштен кемірген жегі құрттай жемқорлық індеті басты мәселеге айналғалы қашан. Мұны Президент те әрбір Жолдауында түйреп айтумен келеді. Мемлекеттің миллиардтаған қаражатына қол салып, істі болып жатқан шенеуніктердің санында есеп жоқ. Әрине, бұл жемқорлықпен жүйелі күрестің нәтижесі де шығар. Бірақ індеттен толық арыла алмай келеміз. Мемлекет басшысы «Қазір көптеген жоба кейбір кәсіпкерлер мен шенеуніктердің майшелпегіне айналды. Келісімшарттар ашық және конкурстық негізде жасалуға тиіс. Осы мақсатта тиісті заң қабылдау қажет», –  деді. Шынымен, мұны заңмен тізгіндеп, ашықтықпен бақылап отырмаса болмайтын жағдайға жетті.

Геосаяси жағдай да күрделі. Алпауыт мемлекеттер көрпені өз жағына тартып, өз мүдделерін тықпалап, саясат сахнасында «түрлі ойындарды» бастағалы да Қазақстан секілді шағын елдерге сын-қатерін төндіріп-ақ тұр. Соғыс тек қарумен ғана емес, ақпараттық соғысқа, азық-түлік, яғни экономикалық қақтығыстарға да ұласуда. Президент бұл тығырықтан шығарар бір жолын да атап өтті. «Қазақстан қазіргі геосаяси жағдайда Азия-Еуропа арасындағы аса маңызды құрлық дәлізі болып отыр. Біз бұл мүмкіндікті толық пайдаланып, әлемдік маңызы бар көлік-тасымал торабына айналуымыз керек. Еліміз осы салада ірі жобаларды жүзеге асыра бастады. Атап айтқанда, Ақтауда контейнер хабы құрылып жатыр. Транскаспий дәлізі дамып келеді. Осы жұмыстарға әлемдегі үздік логистика компаниялары тартылады. «Қазақстан теміржолы» компаниясы толыққанды транзиттік-логистикалық корпорация болып қайта құрылады», – деп әлемдік нарыққа шығудың тетіктерін жандандырмасақ көп нәрседен ұтылатынымызға назар аудартты.

Елмен елді, қала мен ауылды жалғайтын ол – жол. Президент айтқандай, бюджеттен қыруар қаржы бөлінсе де, бұл мәселе әлі шешімін таппай отыр.

Алысқа бармай-ақ өзіміздің Шығыс Қазақстан өңіріндегі кейбір автокөлік жолдары сын көтермейді. Дегенмен, бұрынғыға қарағанда жол жөндеу жұмыстарының қарқыны артып келе жатқандай. Президенттің  2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде берген тапсырмасын Үкімет сапалы орындауы тиіс және бұл жерде қоғамдық бақылау да белсенді болса, түбі бір жақсы нәтиже шығары анық.

Өзіміз ауылды жерде тұрған соң, Президенттің аграрлы салаға қатысты пайым-пікірлерін мұқият тыңдадық. Шынымен де, ауыл шаруашылығын субсидиялауға бөлінген қаражаттарды кімдер алып жатыр, қолдауға шын мұқтаж адамдарға жетіп жатыр ма, шаруашылығы шылқығандар қоғамға қандай қайтарым жасап, пайда келтіріп отыр, осы жағы зерделенсе дейсің.

Президент ел экономикасын тұрақты дамытуға су тапшылығы қатты кедергі келтіріп отырғандығын дер кезінде көтеріп отыр. «Сырттан келетін су азайып барады. Сол судың өзін тиімсіз пайдалану жағдайды одан әрі ушықтыруда.  Судың 40 пайызы құмға сіңіп жатыр. Бұл салада басқа да түйткілдер аз емес. Атап айтқанда, инфрақұрылым әбден тозған», – деді.

Ауылда негізгі күнкөріс көзі – мал шаруашылығы. Ал қазір жемшөп жылдан-жылға қымбаттап жатыр, себебі суармалы алқаптар қаңсып тұр, толыққанды игерілмейді. Мәселен, Тарбағатай ауданындағы Қандысу қоймасы апат алдындағы жағдайда болғандықтан, тиесілі су қорын жинай алмайды. Салдарынан, қаншама жүздеген гектар алқап игерілмейді. Жем-шөп қорының тапшылығы мал өсіруді қиындатып, бұл ауыл адамдарының әлеуметтік жағдайына да кері әсер етуде. Малдың терісі, жүні кәдеге аспай, бұрыш-бұрышта үйіліп жатыр. Енді малды сатудың өзі мәселеге айналды, өтпейді. Өтсе де арзан бағаланады, баққан еңбекті ақтамайды. Ауылда халықты ұстап тұрған мал шаруашылығы. Бұлай кете берсе, қалаға үдере көшу қайта бастала ма деген қауіп те жоқ емес. Шекаралық аймақтарымыз жалаңаштанып қалса ше? Сондықтан Мемлекет басшысы Жолдауында «Су саласында ғылыми негіздеме жоқ, мамандар тапшы.  Бұл мәселелерді шешу үшін Үкімет жанындағы Су кеңесінің жұмысын жандандыру қажет, білімді сарапшыларды жұмысқа тарту керек. Қажетті мамандарды даярлау үшін бұл саладағы іргелі әрі мықты жоғары оқу орнын анықтаған жөн. Су саласын дамытудың үш жылдық жобасын әзірлеу керек», – деп  өте өзекті мәселені тілге тиек етті.

Сонымен қатар Жолдаудағы балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешу, тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттырып, жалақысын көбейту, ең төменгі жалақы деңгейін 60 мыңнан 70 мың теңгеге дейін көтеру,  әйелдердің зейнет жасын 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде қалдыру, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап аналардың бала күтіміне төлемақыны сәбиі бір жарым жасқа толғанға дейін ұзарту, жастардың бизнеспен айналысуына мүмкіншілік жасап, жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несиелер беру, Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аудару секілді халыққа ең қажетті бастамаларды толықтай қолдаймыз. Осының бәрінің түпкі мәні – халықтың әл-ауқатын арттыру, елімізді алдыңғы қатарлы мемлекеттер қатарына қосу мақсатынан туындағаны даусыз. Бұл Жолдау қоғамдағы қордаланған көптеген мәселенің шешілуіне ықпал етеді деп сенеміз. Уақыт – төреші. Ең бастысы, Жолдаудан әділетті Қазақстан құруға деген айрықша талпыныстың бар екендігін аңғарып қуанып қалдық, келешекке деген сеніміміз беки түсті.

Амангелді Искаков, зейнеткер

Ақжар ауылының тұрғыны,Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button