ҚоғамТОП

Келешегі кемел Күршім

Алтай бауырындағы Күршім ауданында 2023 жылы бірқатар ауқымды істер атқарылып, жыл қорытындысы бойынша облыстағы аудан-қалалардың арасында Күршім ауданында ғана барлық әлеуметтік-экономикалық даму қөрсеткіштерінің оң  динамикасы байқалған.

Өңірдің өсу резервтері көп

Қазақстанда Күршім сияқты судан өтіп қана жете алатын, баруы қиын болып келе жатқан аудан жоқ. Жанар-жағармай, тауар мәселесі, бәрі ортаны бөліп жатқан Бұқтырмадан өтудің қиындығына келіп тіреледі. Күз, жаз, көктем бойы қос паром бүкіл ауданның бар жүгімен, жолаушысымен жүзеді. Жолдың алыстығы мен қиындығы кәсіпкерлікті дамытуға өзіндік кедергісін келтіріп келеді. Аудан басшысы биыл көпір салынып бітсе, бұл қиындықтардың бәрі артта қалып, Күршімде бизнестің түр-түрін дамытуға қолайлы жағдай туатынына сенімді. Өйткені ауданның өркендеу, өсу резервтері өте көп.

Қазір Бұқтырма су қоймасы арқылы Күршім ауданына қарай өтетін көпір құрылысы жалғасып жатыр, жоспар бойынша биылғы қарашада аяқталуға тиіс.

Өткен жылдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы туралы баспасөз мәслихатын өткізген Күршім ауданының әкімі Алмат Ақышов кәсіпкерлерге сүт өндірісін дамытуға да көлік тасымалының тиімсіздігі кері әсерін тигізіп келе жатқанын жеткізді.

Осыдан төрт-бес жыл бұрын Қаратоғай ауылында 30 жыл дегенде алғаш рет шағын сүт зауыты ашылып, ол бірнеше ауылда сүт қабылдау бекеттерін құруға себепші болған еді. Сүт, айран, ірімшік, құрт, кілегей сияқты сегіз түрлі өнім шығара бастаған сүт өңдеу өндірісі өкінішке қарай кейін тоқтап қалған.

Келешекте Күршім ауданында сүт, сүт өңдеу өндірісін дамытуға мүмкіндік бар ма?

– Бұл зауыттың болғандығы туралы естідім. Ол жерде тек сүт зауыты емес, шағын ет өңдеу кәсіпорыны салынғанын білемін. Күршім ауданы негізі етті мал шаруашылығы бағытындағы өңір. Өйткені біздің ауданда жем өндірісі, мал азығының жеткілікті қоры жоқ. Жем Самар ауданынан тасымалданады. Ауданда 33 мың гектар жерге егін егілген болса, оның 23 мың гектары бір рет еккен соң өзінен-өзі өсе беретін көпжылдық шөп. Мал азығының қоры жоқ жерде сүт өндіру қиын. Күршімнің өзінде де бір жылдары сүт өндірісін ашу жоспарланған екен. Ашылмады. Бірақ біз Марқакөл ауылынан сүт өңдеу зауытын аштық. Ол жақ егін егуге қолайлы, жердің балл бонитеті жоғары.  Амантай Иқанбаев деген кәсіпкер азамат сол жерде 250 гектар жерге малға азық болар дақыл түрін екті. «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 50 бас симменталь сүтті сиырларын сатып әкелді, қазір олар төлдеп жатыр. Малға қажетті жем, қайта өңдеуге қажетті сүт те шаруашылықтың өзінен. Марқакөлдегі осы сүт өңдеу зауыты сияқты шағын сүт өндірістерін ашу аудан үшін басым бағыттың бірі. Алайда ауданымызда орта және кіші бизнестің дамуына басты кедергі болып отырған жайт – логистика мәселесі, – деген аудан әкімі келешекте  Күршім ауданында сүт өндірісін ашудың болашағы бар екенін жеткізді.

Қиын Керіш қоршауға алынады

Биыл Күршім ауданында 2,6 млрд теңгеге 30-дан астам жобаны іске асыру жоспарланып отыр.  Бұл жобалар былтыр жыл соңында бекітілген жобалар, жыл көлемінде олардың қатарына жаңа жобалар қосылады. 2024 жыл облыста Жол жылы болып жарияланғандықтан жобаларда осы бағыттарға басымдық берілген.

Атап айтқанда, Күршім, Жолнұсқау, Сарыөлең, Құйған, Алғабас ауылдарында ауылішілік жолдар жөнделеді (800,0 млн теңге бөлінген);

Сумен жабдықтау бойынша, 2023 жылы басталған Күршім ауылында су құбыры желілерін қайта жаңғырту, Алғабас ауылында су құбыры желілерінің құрылысы аяқталып, халық игілігіне беріледі. Қойтас ауылында блок-модульді станция орнатылады.

Екі ауылда (Күршім, Ақши,) көше шамдары орнатылады.

Төрт ауылда (Күршім, Құйған, Үшбұлақ, Сарыөлең) балалар ойын алаңы орнатылады.

Білім саласы бойынша, №1 Күршім және №4 Күршім орта мектептерінің жылу жүйесіне ағымдағы жөндеу жүргізіледі.

Мәдениет саласы бойынша, биыл Құйған ауылында клуб салынады.

Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір өткелінің құрылысы жалғасуда.

Сондай-ақ Қаратоғай, Үшбұлақ, Егіндібұлақ, Жолнұсқау ауылдарын интернетпен қамтамасыз ету үшін антенді-бағана құрылғылары салынады. Бұған қаражат бөлінген. Мердігерді анықтау үшін конкурс өтіп жатыр.

Келешекте жүзеге асырылатын ірі жобалардың сметалық-жобалық құжаттары әзірлену үстінде. Олардың ішінде: Күршім ауылында айналма жол мен кәріз желісін жөндеу, спорт кешенін салу жобалары бар. Спорт кешенінің құрылысы биыл басталмақ. Қаражат бөлінсе, айналма жол құрылысы да биыл қолға алынады. Күршім ауылындағы төрт жылу қазандығы қайта жаңғыртылып, олардың жанындағы көпқабатты үйлер мен әлеуметтік нысандар орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылмақ.

Аудан орталығындағы кәріз желісінің жағдайы көп жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан түйткілді мәселе болатын. Кейінгі жылдарға дейін бүкіл ауылдан жиналған лас су тікелей өзенге құйылып келді. Мәселе біржолата шешілмегенімен, уақытша шешімі табылған. Күршімге жаңа кәріз желісі салынған соң мәселе түбегейлі шешілмек. Кәріз желісін салу жобасы аяқталғаннан кейін қаржыландырылу қарастырылмақ.

Жоспарланып отырған осы іс-шаралармен қатар Күршім ауданында тиімді туристік жобаларды жүзеге асыру да басты назарға алынып отыр.

– Күршім өңірі жеке өзіне көп турист тарта алмағанымен, іргеміздегі Марқакөл, Катонқарағай аудандарының туристік әлеуетін ескеріп, солармен ілесе дамуға мән беріп отырмыз. Катонқарағайға барған көп туристер Марқакөлге қарай австриялық жолмен түседі де,  қайтарда Қиын Керішке соғып, Күршім арқылы пароммен кері қайтады. Туристердің осы сақиналық маршрутын біз пайдалануымыз керек.  Бізде қазір Бұқтырма көпірінің бергі, арғы жағалауы демалыс қызметтері үшін болашағы бар аймақ болып отыр. Осы аймақтарды дамытуды қарастырып жатырмыз, – деді аудан басшысы Күршімде ішкі туризмді дамытудың мүмкіндіктері мол екеніне тоқталып.

Күршім жері әлемнің «сегізінші кереметі» саналатын табиғи ескерткішімен әйгілі. Қазір Күршім ауданындағы ғажайып мекен Қиын Керіш шатқалын туризм нысаны ретінде дамытып, қорғауға, қоршауға алуға инвестор іздестіріліп жатыр. Аудан әкімінің айтқанындай, қызыл топырақты, құлама жарлардан тұратын табиғи ескерткішті сақтап, қорғау үшін алдымен ол жер қоршауға алынбақ. Әйтпесе, миллиондаған жылдар бойы түзілген «жалынды жар» бір-ақ жылда қирап, жоғалуы мүмкін. Былтыр Қиын Керішке туристерді әкелумен үш компания жұмыс істеген көрінеді. Демалушылардың мотоциклмен Қиын Керіштің үстіне шыққаны туралы фактілер де болған. Табиғатқа деген мұндай тағылық көзқарасқа тосқауыл қою үшін биыл Қиын Керішті қоршау жұмыстары қолға алынбақ.

Биыл Бурабай – Қойтас – Қыстаукүршім, Маралды – Үшбұлақ бағытындағы қиыршық тасты, шаңы шығып, бұрқырап жататын қара  жолды асфальттау жұмыстары жалғасады. Осыған дейін 17 шақырымы асфальтталса, биыл осы бағыттағы жолдың 12 шақырымына асфальт төсеуге 700 млн теңге қаражат бөлініпті. Биыл Бурабайдың бергі жағынан бастап, Қойтас ауылына дейінгі жолдың бір бөлігі асфальтталады. Бұрылыстағы Бурабай ауылына баратын жолға да асфальт төселмек. Жоспар бойынша асфальт Маралды ауылына дейін төселмек.

Кәсіпкерлікке кең өріс

Былтыр Күршім ауданында бірқатар ауқымды іс атқарылып, жыл қорытындысы бойынша облыстағы  қалалар мен аудандар арасында Күршім ауданында ғана барлық әлеуметтік-экономикалық даму қөрсеткіштерінің оң динамикасы байқалған.

Сандарды сөйлетсек, Күршім ауданында былтыр кәсіпорындардың өнеркәсіп өнімі 17 млрд 939,9 млн теңгеге жетіп, бұрнағы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 37,7%-ға артқан. Өңдеу өнеркәсібінде 12 млрд 59,7 млн теңге сомасында өнім шығарылып, 74,0%-ға артық өндірілген.  Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 70 млрд 644,4 млн теңгеге жетіп, 112,4%-ға орындалған. Негізгі капиталға тартылған инвестиция 30 млрд 859,4 млн теңге болып, 25,9%-ға көбейген.

Құрылыс-монтаждау жұмыстарының көлемі 19,4%-ға артқан. Жыл көлемінде ауданда 6 767 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, ол 2022 жылмен салыстырғанда 10,4%-ға көп.

Сонымен қатар бөлшек сауда, шағын және орта кәсіпкерлік, өнеркәсіп, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы сияқты басқа да негізгі салалардың барлығында ілгерілеу байқалған.

Ауданның негізгі экономикалық көрсеткіштерінің оң динамикасы биыл да сақталып отыр.

Осы айдарда

Back to top button