Тікелей байланыс

Келесі жылы екі ауданда жабық спорт кешені салынады

Келесі жылы екі ауданда жабық спорт кешені салынадыКелер жылы өңірімізде қанша спорттық нысан салынады, Сочи олимпиадасына дайындық барысы қалай, қысқы спорт түрлерінде неге қазақ баласы аз, Алматыда өткен әлем чемпионатына Шығыстан неге бір де бір боксшы қатыспады? Осындай және өзге де спортқа қатысты сұрақтарға «Дидардың» кезекті тікелей байланысында қонақ болған облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы құқықтық қамтамасыз ету және ұйымдастыру-кадр бөлімінің басшысы Ринат Арыстанбек жауап берді.

Айта кетейік, алғашқыда оқырмандар сауалына жауап беру үшін редакцияға аталған басқарманың басшысы Әбіл Дөңбаев келеді деп хабарландыру берілген болатын. Кейін межелі мерзім жақындағанда ол кісі еңбек демалысына шығып кетеді де орнына орынбасары келмек болады. Алайда ол кісі де қауырт жұмыстан қалт ете алмайтынын айтып өзінің орнына бір емес, екі бірдей бөлімнің басшысын жіберіпті.

Бақытхан ЖЕҢІСҰЛЫ, Өскемен:

– Алматыда өткен бокстан Әлем чемпионатында біздің облыстан бір де бір (Астананың намысын қорғаған Мерей Ақшаловты қоспағанда) боксшы қатыспады. Мұның себебі неде?
Өскемен қаласында жабық спорттық нысандар жетіспейді. Біздің жақта қыстың алты айға созылатынын ескерсек, ашық аспан астындағы алаңдардан гөрі жабық залдардың қажеттілігі зор. Бұл мәселенің түйіні келешекте қалай шешілер екен?

– Алдымен бірінші сауалға жауап бере кетсем. Бокстан еліміздің құрама командасында біздің өңірден Мирас Жақыпов, Мирас Байырханов, Данабек Сужанов секілді былғары қолғап шеберлері өнер көрсетеді. Ол үшеуі қазір «Астана арландары» клубының қатарына өтіп, кәсіби бокста бақтарын сынап жүр. Одан бөлек Азия чемпионы атанған жерлесіміз Айдар Әмірзақов та ұлттық құрама сапында дайындалып жүр. Бірақ аталған боксшылар құраманың ішкі іріктеулерінен өте алмай қалуы себепті, Алматыдағы дүбірлі жарысқа қатысу мүмкіндігінен шет қалды. Яғни, әр салмақ дәрежесінде ұлттық құрамадағы ең мықты деген спортшылар таңдап алынып, қатыстырылды.
Дегенмен, бүгінгі таңда облыстық бокс федерациясы бұл спорттың дамуына баса көңіл бөліп, тиісті жұмыстар жүргізуде. Болашақта әлемдік деңгейдегі бәсекелерде міндетті түрде біздің аймақтың саңлақтары ел намысын қорғайды деген үмітіміз бар.

Ал енді екінші сұраққа келсек, Өскеменде, жалпы облыста осы бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр. Атап айтсақ, облыс орталығында Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакованың атында жеңіл атлетика манежі, оның қасында жекпе-жек сарайы мен суда жүзу бассейнінің құрылыстары салынуда. Бұған қоса Зайсан, Жарма, Күршім және Көкпекті аудандарында жабық типтегі спорттық нысандар пайдалануға берілген. Алдағы 2014 жылы осындай нысандардың екеуін Катонқарағай (Үлкен Нарын) және Тарбағатай (Ақсуат) аудандарында тұрғызу жоспарда бар.

Ерасыл ЖАҚСЫБАЕВ, Ұлан ауданы, Таврия ауылы:

– Ұлан ауданы Таврия ауылында биыл ашылған үлкен стадион қаңырап бос тұр. Ол жерде спортпен айналысып жүрген адамдарды көрмедім. Сонда қаржы шығындап жөндеген стадионды тиімді пайдаланудың жолдары жоқ па?
– Бұл мәселе жергілікті атқарушы биліктің салғырттығынан туындап отыр. Нақты айтқанда, Ұлан ауданының әкімдігі, білім, денешынықтыру және спорт бөлімі стадионның жұмыс істеуін қадағаламаған. Басқарма тарапынан тексеру, бақылау шаралары үнемі жүргізіледі. Олар бізге ақпарат берген кезде барлық спорттық нысандар қызмет көрсетіп тұр деп көрсетеді. Бүгінде облыс Әкімінің орынбасарымен арнайы кесте бекітіліп, соған сәйкес «Жүз жылдыққа – жүз алаң» жоспарымен салынған футбол алаңдары бақылауға алынған. Осы кесте бойынша алдағы он күн ішінде Тавриядағы стадионды міндетті түрде тексеретін боламыз.

Лариса, Зырян ауданы:

– Зырян қаласында салынып жатқан хоккей модулі қашан іске қосылады? Оның қызметі ақылы ма? Балаларды үйрететін арнайы білімі бар мамандар бола ма?

– Зырян қаласындағы хоккей модулінің құрылысы бекітілген жоспар бойынша жүргізіліп жатыр. Осы жылдың соңына дейін нысан қолданысқа берілуі керек. Ол іске қосылғанда облыстық денешынықтыру және спорт басқармасымен балаларды шайбалы хоккейге үйрететін қосымша мамандар бөлінеді. Ол жерде балалар үшін хоккей секциясы тегін болады. Ал қала тұрғындары бекітілген жеке кестемен модульге бара алады. Бұл нысан барлық адамдардың тобына қолжетімді болады.

Е.ТҰРСЫНҰЛЫ, Зайсан ауданы:

– Қысқы спорт түрлерінде неге қазақтың балалары жоқ? Қазақ аудандарда қысқы спорттан дайындайтын мектептер неге ашылмайды?

– Оны былай түсіну керек. Жалпы, әрбір ауданда өзіне тән спорттың белгілі бір түрлері басым болып келеді. Айталық, қазақы өңірлерде күрес, бокс, гір көтеру, қол күрестіру жақсы дамыған. Ал Риддер, Зырян қалаларында қысқы спорт түрлеріне ерекше мән береді. Сол себепті бұл спортта қазақ балаларының үлесі аз. Осы ретте біздің басқарма қазір әрбір ауданның табиғи климаттық жағдайын, әлеуетін және онда тұратын халықтың санын, бейімділігін саралап, талдау жасай отырып қай ауданда қандай спортты өркендетуге болатынын анықтап, арнайы бағдарлама әзірлеуде. Қазақы аудандардың ішінде Катонқарағай өңірінде қысқы спортты мықтап жолға қоймақпыз.

Еркін ЕЛЕУКЕНОВ, Өскемен:

– «Жекпе-жек», «Алып соқ» секілді ұлттық спорт түрлерін дамытуды қашан қолға аласыздар?
Екінші сауалым, облыста қазақ күресінің мәртебесін көтеру бағытында не істеліп жатыр?

– Бүгінгі таңда Өскеменде балаларды ұлттық спорт түрлеріне баулитын мектеп жұмыс істейді. Осы мектепте жаңа сіз айтқан жекпе-жек ойындарын үйрететін бөлім ашу жоспарда бар. Ертістің сол жағалауындағы жекпе-жек сарайы ашылған кезде аталған спорт түрлерінен балалар сол жерде жаттығатын болады.

Қазақ күресін жұртшылық арасында насихаттап, дамыту бағытында үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Аудандар мен қалаларда бұл спорт түрінен секциялар ашылып, ұдайы жарыстар өткізіліп тұрады. «Қазақстан барысы» қолға алынғалы бері қазақ күресіне ынтасы ауып, қызығушылық танытқан жастар қатары тіптен көбейіп, олардың саны 8 мыңнан асты.
Сол сияқты біздің облыс пен Ресей Федерациясының Алтай өлкесі арасындағы жасалған меморандум аясында биыл жазда қазақ күресінен Қосағаш ауданында (Алтай өлкесі) турнир өтті. Бұл жарысқа екі жақтан да балуандар қатысты. Турнир барысында біздің облыс алтайлықтарға 30 дана күрес киімін сыйға тарттық.

«Дидар»:

– Сөздің орайы келгенде жауап бере кетсеңіз. Қазір Өскемен қаласындағы түнгі клубтардың бірінде жекпе-жек ойындары өткізілуде. Бұл қаншалықты заңды?

– Бұл туралы бірінші рет естіп тұрмын. Анықтап білген соң жауабын айтайын.

Талғат НҰРБЕКОВ, Күршім ауданы:

– Өткенде «Дидар» газетінен оқыдым, облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әбіл Дөңбаев Сочи олимпиадасына Шығыс Қазақстан өңірінен жанкүйерлер апаруды ұйымдастыру қажеттігін тілге тиек етіпті. Сонда ол мәселе қалай жүзеге асырылмақ, қаржылық шығындарды кімдер көтереді екен?

– Сочиге кез келген жанкүйердің баруына, жарысты жақыннан тамашалауына мүмкіндігі бар. Мәселе жол және басқа шығындарды кімдердің өтейтінінде? Егер ол адамдар өз қалтасынан ақша шығарып барамын десе ешкім қой демейді. Ал басқарма тарапынан ұйымдастырып, барлық шығындарын өтеп, алып бару жөнінде әзірге сөз бола қойған жоқ. Бұл сұрақтың жауабы алдағы уақытта белгілі болады.

Жалпы, 2014 жылы Сочиде өтететін қысқы Олимпиадаға баруға біздің өңірден бүгінгі күні 28 спортшы үміткер. Мұның ішінде бұйыртса 15-сі нақты қатысады деген сеніміміз бар, қалғандары алдағы желтоқсан және қаңтар айларында өтетін жарыстардың нәтижесіне, рейтингтік көрсеткіштеріне қарай анықтала жатыр.
Әсемгүл АХМЕТОВА, Көкпекті ауданы:

– 2014 жылы Көкпекті ауылында денешынықтыру-сауықтыру кешені салына ма?

– Жоғарыда айтып кеткен едім, жабық спорт кешендері келер жылы Катонқарағай мен Тарбағатай аудандарында нақты салынады. Ал Көкпекті ауданының денешынықтыру-сауықтыру кешенін салу турасындағы өтінішін біз қабылдап, облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасына өткіздік. Енді ол өтініштер қаралып, талдау жасалғады. Әзірге белгісіз. Жалпы қазіргі уақытта қателеспесем, Көкпекті ауданының Самар ауылында типтік үлгідегі спорт кешені жұмыс істеп тұр.

Василий, Бородулиха ауданы:

– Балаларды жарысқа апарған кезде жол полициясының ілесіп жүруі туралы барлық аудандар мен қалалардағы спорт бөлімдеріне нұсқаулар берілген-ді. Сонда қауіпсіздікті қамтамасыз ететін тәртіп сақшыларының шығыны қалай өтеледі (қаржыландырылады)?

– Иә, бұл жөнінде облыс Әкімінің берген арнайы тапсырмасы бар. Соған сәйкес облыстық денешынықтыру және спорт, білім басқармаларының аудан-қалалардағы бөлімдерге жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін құқық қорғау органдары қызметкерлерінің балаларды жарысқа апаратын автобустармен ілесіп жүруін жүзеге асыру туралы бұйрығы шығып, бәріне таныстырылған. Құқық қорғау органдарымен де бұл туралы келісілген. Жарысқа шығар алдында оларға қатынас хат жіберіліп, алдын ала ескертіледі. Ал енді шығынға келсек, нақты бір көзден қаржыландыруы тиіс деп көрсетілмеген, бұл жол полициясының өзінің резервінен қарастырылады.
Тұрсынхан Базарбаев, Катонқарағай ауданы:

– Катонқарағай ауданы, Солдатово ауылындағы ескірген спорт нысанына күрделі жөндеу жұмыстар жүргізіле ме?

– Бірінші кезекте келер жылы Үлкен Нарын ауылында типтік, көпфункционалды спорт кешенін салу міндеті тұр. Содан кейін жаңағы Солдатово секілді ауданның өзге ауылдарындағы ескірген ғимараттарға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді қолға аламыз. Біздің басқарма бұл мәселені жан-жақты қарастырып, алдағы уақытта бір шешімін шығарады.

Тікелей байланысты жүргізген – Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button