Әкелеріне арнап кабинет ашты

№4 Күршім орта мектебі аудандағы ең іргелі білім ошағы болып саналады. Мұнда өткен оқу жылын 489 оқушы аяқтап, олардың 96-сы үздік, 160-ы екпінді атанған болатын. Ал 11 сыныпты бітірген 35 түлектің 23-і ҰБТ-ға қатысып, олардан 16 бала жоғары оқу орындарына түсті, 15 түлек колледж студенттерінің қатарын толықтырды. Мүбәраков Елдар мен Советханова Аяулым «Алтын белгі» иегері атанды. Осы мектепте білім күні тағы бір ғибратты шара өтті.
Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі, еліміздің еңбек сіңірген қызметкері, «Құрмет белгісі» орденінің иегері, Күршім ауданының құрметті азаматы, аудан көлемінде «Ұстаздардың ұстазы» атанған Сембаев Қуанышбай Қапашұлының атында кабинет ашылды. Белгілі педагогтың ұрпағы математика пәнінің даусыз білгірі атанған әкелеріне арнап кабинет жабдықтап беруді мақсат тұтқан екен. Қарт ұстаздың өзі 15 жыл бойы жас буынға сабақ берген №14 математика кабинеті барынша ұқыпты жабдықталып, жаңарып-жаңғырып, есігін айқара ашты. Бұл бөлме бұдан былай «Ардагер ұстаз Қуанышбай Сембаев атындағы кабинет» деп аталатын болады.
– Осы бір ой бізді көптен бері мазалап жүрген болатын, – дейді қарияның үлкен ұлы, ҰҚК Шекара қызметінің ардагері, запастағы полковник Қайрат Сембаев. – Ақырында ағайынды бесеуіміз бір келісімге келдік. Бірлесе қаржы жинап, әкеміздің атына кабинет жабдықтап беруге шешім қабылдадық. Бәрі заңды да, ресми болуы үшін алдымен осы №4 Күршім орта мектебі директорының атына өтініш арыз жаздық. Бұл арызымыз мектеп педкеңесінде талқыланып, бірауыздан қолдауға ие болды. Сонымен бірге, әр оқу жылы аяқталған сайын осы мектептің математика пәнін үздік бітірген бір түлегіне 100 000 теңге көлемінде сыйақы беріп отырмақ болған едік. Бұл ұсыныс та педкеңесте қаралып, қабылданды.
Біз қажетті материалдарды жеткізіп беріп тұрдық, жөндеу-жаңғырту жұмыстарына да атсалыстық. Мектеп ұжымы барынша көмектесіп, кабинеттің көңілдегідей болып шығуы үшін аянбай күш жұмсады. Осындағы барша шаруаға тиянақты да табанды басшылық жасаған мектеп директоры Оралбек Сейітқазинге айтар алғысымыз зор.
Кабинеттің ашылу салтанатына ардагер ұстаздың өзі де зайыбымен бірге келіп қатысып, осы шараға мұрындық болған ұлдарына, кезінде өзі басшылық жасап, тәрбиелеген мектеп ұжымына шын көңілден шыққан әкелік алғысын арнады. Осынау білім ордасының қашанда биіктен көрініп, табыстарға жете беруіне тебірене тұрып тілектестік білдірді.
Қарттың ұлдары, бұрынғы әскери қызметкерлер Қайрат пен Жанболат өз тілектерін ортаға сала келе, әкелері салып кеткен сара жолды жас ұрпақтың лайықты деңгейде жалғастырып, мектеп беделін биіктете берулеріне тілек білдірді. Еңбек ардагерлері М.Қасымбаева, С.Тәкенова, мектеп ұстаздары Т.Майқынова, Н.Пельц құттықтау тілектерін арнап, қарт тәлімгерге ұзақ ғұмыр, баянды бақыт тіледі.
– Президентіміздің «Рухани жаңғыру, болашаққа бағдар», сондай-ақ, өңірімізде жолға қойылған «Туған жерге – тағзым» бағдарламалары аясында өтіп жатқан көптеген акциялардың қатарына бүгінгі шара да қосылып отыр, – деді осы кездесуді тұжырымдаған мектеп директоры О.Сейітқазин. – Мұның жас буынға өнеге-үлгі боларлықтай өте бір мағыналы шара екендігі даусыз. Ағайынды Сембаевтардың бұл істерін қуана құптадық және осындай игі шаралар одан әрі жалғасын таба берсін деп тілейміз. Кабинет жабдықтау дәстүрі бұрыннан бар, ал үздік оқушыға сыйақы тағайындап отырғандарыңыз – бұл өңірдегі жаңа бастама, оның келешекте шәкірттерді жақсы оқуға ынталандыра түсері сөзсіз. Сондықтан да бәрімізге үлгі болған ардагер ағамызға, ол кісіге лайықты ұрпақ болып отырған сіздерге көп рахмет!
Бұл лебізге жауап ретінде Қайрат інілері Алтай, Жанболат, Ерболат, Жандостардың атынан сөз арнап, кабинетті жыл сайын жөндеп, жаңартып, көңілдегідей деңгейде ұстап отыратындарын айтып, уәде берді.
Айта кетейік, саналы ғұмырының 45 жылын ұстаздыққа арнаған ардагер өмір жолының 42 жылын білім саласының басшылығында өткізген-ді. Аудандағы бірнеше мектепке директор болып, кейіннен аудандық халық ағарту бөлімінің меңгерушілігіне тағайындалған Қ.Сембаев осы жауапты қызметті 17 жыл бойы мінсіз атқарды. Ерен еңбек ескерусіз қалған жоқ, ол нағыз ұстазға тиесілі мақтау-марапаттың баршасын иеленді. Өзіндей ұстаз қосағы Әймен Тоқтағанқызы екеуі өнегелі ұрпақ өсіріп, мыңдаған шәкірт өргізді.
Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы