Экономика

Келер жылы жұртшылық Бұқтырманың бойында демалады

Келер жылы жұртшылық Бұқтырманың бойында демалады
Облыс әкімі Даниал Ахметов Катонқарағай ауданына жасаған іссапарын Жаңа Хайрузовка ауылынан бастады. 780 тұрғыны бар бұл елді мекен – тірек ауылдардың бірі.
Ауызсумен қамтылады
Биыл ауылдағы ең үлкен қуанышты жаңалық – әр үйге орталықтандырылған ауызсу құбыры тартылып жатыр.
Құны 586,504 млн. тұратын жобаны «Жарма Құрылыс-Газ» ЖШС мойнына алған. Серіктестіктің директоры Виктор Исабаевтың айтуынша, тартылуы керек 20 шақырым су құбырының қазір тең жартысы тартылған. Қалған жұмыстарды желтоқсан айында аяқтауды жоспарлап отырған көрінеді.
– Мына Зырян жағынан келетін жолдарыңыз жөнделіп жатыр. Ауызсу мәселесі шешілу. Келер жылы әр тірек ауылдың абаттандырылуына 10 млн. теңгеден бөлуді жоспарлап отырмыз. Облыста мұндай 100 ауыл бар, – деді аймақ басшысы.
Ауызсу «жырына» нүкте қойып берген аймақ басшысына ауыл тұрғындары ағынан жарылып, алғысын айтты. Кейбір тұрғындар мұң-мұқтажын да жасырмады.
Мысалы, 79 жастағы Уәзірбек Қанат деген ақсақал Ертісті ендей өтіп келетін тас көмірдің бағасы арқаларына аяздай бататынын айтып қалды. Ақсақалдың 54 жастағы ұлы да жарымжан екенін айтады ауылдастары. Ауылдағы қарттың ауыртпалығын облыстық мәслихаттың депутаты Ұлықбек Тұмашинов көтеріп алды. Ол көмірді өзі түсіріп беретінін айтты. Ал көмір бағасын қадағалауды орынбасары Серік Ақтановқа тапсырды.
Бұдан кейін облыс әкімі аттың басын Бұқтырманың бойында тұрған Приморское ауылына бұрды. Мұнда екі нысан жарыса бой көтеріп келеді. Алғашқысы – құны 100 млн. теңгелік демалыс базасы. «Мұзтау и К» ЖШС салып жатқан бұл базада 30 демалыс үйі, еуропалық деңгейдегі ресторон, сондай-ақ ойын алаңдары бой көтермекші. Қазір үйлердің жартысынан жуығы салынып болған. Бұйырса, келесі жылы жұрт Бұқтырманың бойына барып демалады.
Ауданның туризміне қосып жатқан елеулі үлестеріне риза болған облыс басшысы өз ұсыныстарын айтты.
– Біз назарда ұстап отырған Алакөлге биыл 450 мың турист келді. Олар қаншама азық-түлік тұтынды. Маңайындағы тұрғындар қаншама дүниелерін сатып үлгерді. Бұл – үлкен жұмыс. Туристерді тарту үшін екінші паром жүргізейік, – деді демалыс базасын аралап көрген аймақ басшысы.
Екінші нысан – 50 балаға арналған сауықтыру лагері. Қыркүйек айында іске қосылатын нысанның мүлтіксіз аяқталуына байланысты облыстық білім, мәдениет басқармасының басшыларына тапсырма берді. Тағы бір айтқан тапсырмаларының бірі – ем қабылдап жатқан балаларға акт залы емес, спорт залының керектігі. Өзен жағасындағы жас ұрпаққа арналған еңселі ғимаратты Ғани Шаймарданов бастаған шеберлер салып жатыр.

Береке-бірліктің мекені

Құрылыс алаңынан қайтқан жолда аудан орталығындағы шығармашылық үй мен Достық үйіне бас сұқты.
2014 жылы бой көтерген шығармашылық үйі қазір жүйелі жұмыс істеп жатыр. Өнерге жаны құштар өнерпаздарды баулитын шығармашылық ортаның жетістіктері жетерлік. Облыстық, республикалық жеңімпаздарын айтпағанда, халықаралық байқаулардың жүлдегерлері жүр балалардың арасында. Соның бірі Ерсін Құмаров Грузияда өткен байқауда өзі ойлап тапқан электронды әліппесімен бас жүлдені қанжығасына байлап келген. Ең қызығы, жолға шыққан баласына анасы: «Егер жүлделі оралсаң, ұялы телефон алып берем» деп уәде беріпті. Ақжолтай хабарды естіген анасы айтқанын орындапты. Ең қуаныштысы, затты акция жүріп жатқан кезде алса керек, әлгі телефон құт болып қонып, сыйлыққа Астанадан үй шығыпты. Қадамы құтты баланың талабына сүйінген аймақ басшысы ризашылығын білдірді.
Ал Достық үйіндегі айрандай ұйыған береке-бірлікке риза болған Даниал Ахметов:
– Біздің Елбасымыз «бір халық, бар тағдыр, бір ел» деген ойды неге айтып жүр? Әрине, бұл Тәуелсіздігіміздің тұрақты, еліміздің бүтін болуы үшін айтылған. Әр ұлт бір-бірінің мәдениетін, салт-дәстүрін сыйлауы керек. Бұл тұрғыда қазақ халқы барлық ұлттарға қамқор болуы тиіс. Өйткені ел мен жер біздікі, – деді.
Іссапар Солдатов ауылында жалғасты. Бұл ауылда да ауызсу мәселесі оң шешімін тапқан. 537,173 млн. теңгелік бұл жобаны «Altay environmental management» ЖШС қолға алыпты. 2017 жылдың желтоқсан айында құрылыс жұмысын бастаған мердігер компания осы жылдың соңына дейін елге судың дәмін татқызамыз деп отыр. Қазірге дейін жалпы қаржының 375,350 млн. теңгесі игерілген. Бұл жоспар бойынша келесі жылдың қыркүйек айында аяқталуы керек болатын. Тапсырысты межелі мерзімде аяқтау үшін қазір 30 адам, төрт техника қауырт жұмыс істеп жатыр. Осы ауылдың мәдениет үйін және мектебін аралаған аймақ басшысы жауапты адамдарға тиісті тапсырмалар жүктеді.

Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button