Келер жылы құрылысқа қыруар қаржы бөлінеді
Кеше аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВТЫҢ қатысуымен облыстық мәслихаттың кезекті ХХIV сессиясы өтіп, 2015-2017 жылдарға арналған облыстық бюджет, өңірдегі ветеринарлық қауіпсіздіктің жағдайы, еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2011-2015 жылдарға арналған бағдарламаның облыста іске асырылу барысы туралы мәселелер қаралып, әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның есебі тыңдалды.
Екі жылдың бюджеті қабылданды
Алдағы екі жылға арналған облыстың басты қаржылық құжаты жайында баяндаған облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Елена Ясинская әр сала бойынша анықталған қаржыларға жеке-жеке тоқталды.
Мәселен, жекеменшік кіріс 2015 жылы 34,5 миллиард теңге мөлшерінде жоспарланған. 2015 жылға белгіленген нормативтік аударымға сәйкес жеке табыс салығының көлемі кірістерден 15,4 миллиард теңгені құраса, әлеуметтік салық – 12,4 миллиард теңге болып отыр. Келер жылдың шығыстары (республикалық бюджеттің трансференттерінсіз) 121,0 миллиард теңгеге жоспарлануда. Баяндамашының айтуынша, кірістер мен шығыстардың жоспарланған көлемінің есебінен бюджеттің тепе-теңдігі қамтамасыз етілген. Барлық бағдарлама әкімшілерімен еңбекақы, коммуналдық қызметтер және әлеуметтік төлемдер толық көлемде қамтылған.
Сонымен қатар, басқарма басшысының мәліметтеріне сүйенсек, даму бюджеті облыстық бюджет құрамында 11 миллиард теңге көлемінде қалыптасқан. Аймақтық білім беру саласындағы ғимараттар құрылысына – 5 174,4 миллион теңге бағытталса, денсаулық сақтау саласына – 1 610,5, әлеуметтік қамтамасыз етуге – 26,6, инженерлік жүйе және тұрғын үй құрылысына – 1 882,6, сумен жабдықтау және су бұру жүйелеріне – 372,9, жылумен жабдықтауға – 253,1, мәдениет ғимараттарын дамытуға – 577,6, спорт саласына – 453,2, газ тасымалдау жүйесіне – 73,3, автокөлік жолы құрылысына – 168,4, басқа да шығындарға 108,9 миллион теңге қаражат қарастырылған.
Елена Ясинская алдағы екі жылға арналған облыстық бюджеттегі бұлардан басқа да бөлінген қаражаттар жайындағы ақпаратты рет-ретімен депутаттар назарына ұсынды. Облыстық мәслихат депутаты Марат Құрманбаев Семей қаласына қарасты ауылдық округтердің мәселесін көтеріп, оларды дамытуға бағытталатын қаржыны алдағы уақытта Семей қаласының бюджеті арқылы бөліп отыруға ұсыныс жасады. Ал депутаттар Нұрлан Темірбеков пен Рая Рахимова әріптестерін 2015-2017 жылдарға арналған облыстық бюджет жобасын мақұлдауға шақырды.
Сарып ауруы сарсаңға салып тұр
Сондай-ақ, сессияда қаралған өңірдегі ветеринарлық қауіпсіздіктің жағдайы және даму болашағы туралы мәселені де депутаттар қызу талқылап, олардың тарапынан баяндамашыға көптеген сауалдар қойылды.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Дүйсембай Селиханов алдымен салада атқарылған жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, 2013-2014 жылдары облыстағы ветеринарлық пункттерге 221 «Нива» автокөліктері, аудандарға 19 дезинфекциялық қондырғы орнатылған (ДУК) машиналар мен жүріп өту мүмкіндігі жоғары автокөліктер, мал тасымалдайтын 20 көлік, тағы осынша жылжымалы инсенератор, стационарлық және жылжымалы бекіткіштер, қолдан ұрықтандыру құралдары, басқа да қажетті ветеринарлық жабдықтар сатып алынған. Бұдан бөлек жергілікті бюджет есебінен тағы 18 арнайы ДУК машинасы алынып, олардың саны 60-қа жеткізілген. Нәтижесінде мал ауруларының алдын алу және жою жұмыстары уақтылы жүруде. Баяндамашының айтуынша, есепті кезеңде облыстағы ауылдық округтерде 316 мал сою пункті құрылып, жоспар 117 пайызға орындалған. Қосымша 90 мал қорымы салынып, жалпы саны 363-ті құраған. Бұл санитарлық көрсеткіштер нормасына сәйкес келіп отыр.
Өңірде ветеринарлық-профилактикалық және диагностикалық зерттеулер жүргізуге арналған қаржы көлемі жыл сайын артып, тиісті зерттеулер мен іс-шараларды толық көлемде атқаруға мүмкіндік туып отыр. Мәселен, 2014 жылы облыста жануарлар мен құс аурулары бойынша эпизоотияға қарсы іс-шаралар жүргізуге бюджеттен бір миллиард 254 миллион теңге бөлінсе, бұл өткен жылғыдан 40 миллионға артық.
Бұл ретте қабылданған шаралар Күршім, Үржар, Бородулиха, Тарбағатай аудандарында ірі қара мен ұсақ малдың аусыл ауруының ошақтарын жоюға ветеринарлық іс-шараларды орындауға, облыста аусыл ауруы бойынша қолайлы жағдай мәртебесін қалпына келтіруге мүмкіндік берген. Жоғарыда аталған ауру ошақтарын сауықтыру барысында 4881 бас ірі қара мал жойылып, мал иелеріне республикалық бюджеттен 4151 бас мал қайтарылды. Жойылған 5915 бас ұсақ малдың орнына 5057 бас қайтарылған.
Алайда, баяндамашының айтуынша, облыста сарып ауруының алдын алу күрделі мәселе қалпында қалып отыр. Бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен сарып ауруына қарсы вакцинасыз жүргізілген ветеринарлық іс-шаралар нәтиже бермеген. Ол жағдай қан сынамасын алып, ауру анықталған малды жоюмен ғана шектелген. Дегенмен, вакцина қолдану мәселесі республикалық деңгейде шешілгенімен де, атқарылған жұмыстарға қарамастан облыста эпизоотиялық ахуалды жақсарту жайы әлі де толық шешілмеуде. Ағымдағы жылдың 10 айы бойынша облыста ірі қара малдың 17, ұсақ малдың 19 сарып ауруының ошағы тіркеліп отыр.
Баяндамашы бұдан бөлек жануарларды бірдейлендіруді жүргізу үшін жергілікті жерлерде интернет мәселесі әлі күнге шешілмей отырғандығын атады. Бұған дейін қалалық және аудандық әкімдіктермен бірнеше мәрте ескертулер жасалса да, мәселені шешуге шара қабылданбаған. Мысалы, Семей қаласының 12, Абай ауданының 9, Аягөз ауданының 5, Тарбағатай ауданының 4, Көкпекті ауданының 3, Бесқарағай ауданының 7, Катонқарағай және Глубокое аудандарының барлығында, Ұлан ауданының 14, Үржар ауданының 15, Шемонайха ауданының 9 ауылдық округінде интернет-байланысы жоқ. Аталған кемшіліктер жұмысқа айтарлықтай кері әсерін тигізуде.
Депутат Ержан Құттыбаев ауылды жерлерде жарамсыз болып жатқан малдың терісі мен жүнін іске асыруға қолдау қажет екенін айтса, әріптесі Марат Құрманбаев облыс қалаларындағы ірі ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкелеріне шығарылатын мал еттеріне тиісті зертханалық қорытындылар жасалмайтындығын, сондай-ақ, облыста сүттің бағасы қымбат екендігін жеткізді.
Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ күн тәртібіне қойылған мәселеге орай депутаттар көтеріп отырған мәселелер өте орынды екендігіне тоқталып, сарып ауруымен күресті облыс аумағында кешенді түрде жүргізу керектігін атады. Яғни, алдымен сарып ауруымен күрестің өңірлік бағдарламасы әзірленіп, облыстық мәслихатпен бекітілуі тиіс. Сол арқылы қаржы бөле отырып, нақты әрі нәтижелі іс-шаралар жүргізген абзал.
– Себебі, облыс аумағында сарып ауруына шалдыққан ірі қара малдың көптеп жойылуының арты үлкен әлеуметтік мәселелерге әкеліп соқтыруы әбден мүмкін. Сондықтан бұл мәселемен кешенді түрде әсіресе, жергілікті жердегі әкімдер түбегейлі айналысуы керек, – деді облыс басшысы Даниал АХМЕТОВ.
Ал облыс прокуроры Бағбан Тайымбетов бұл мәселеге орай облыста арнайы прокурорлық тексеру жүргізілгенін, малдарға егілген вакциналардың сапасына да баса мән беру керектігін, жыл сайын сапасыз вакцинаны сатып ала берудің еш тиімділігі болмайтынын жеткізді. Оның пікірінше, облыс екі жыл қатарынан сатып алған отандық өнім – «Азия -1» деп аталатын вакцина сарып ауруының алдын алуға қауқарлы емес.
Бұл мәселені қорытындылаған аймақ басшысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Дүйсембай Селихановқа тиісті іс-шаралар қабылдауды, сонымен қатар, сапалы вакцина алуға қатысты облыс әкімінің атынан тиісті министрлікке арнайы хат дайындауды тапсырды.
Жемқорлық қылмысы азайды
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2011-2015 жылдарға арналған республикалық бағдарламаның облыста орындалу барысына облыс әкімі аппаратының құқық қорғау органдарымен жұмыс жөніндегі бөлім меңгерушісі Мұхтар Құмаров талдау жасады. Бұл бағытта негізгі басымдық сыбайласқан құқықбұзушылықтардың алдын алу мен ескертуге берілген. Аталмыш бағыттағы жұмыстарға «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы мен «Жас Отан» жастар қанаты да тартылып, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында екі бірдей әлеуметтік жоба жүзеге асты. «Таза сессия», «Мамандық сағаты» сынды түрлі акциялар мен дөңгелек үстелдер, онлайн-кеңестер, семинарлар өткізілген. Ал кеткен заңсыздықтарды анықтау мақсатында Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің облыстық департаменті 11 айдың ішінде 45 тәртіптік іс қараған. Ал облыстық прокуратура органдары мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы сақтау бойынша 41 тексеру жүргізіп, 30 ескерту, 16 наразылық жолдаған. Соның нәтижесінде мемлекеттік органдардың 18 заңсыз актісі кері қайтарылып, өзгертілді. Аудан, қалалар арасында жыл бойында Көкпекті, Бесқарағай, Зырян аудандары мен Өскемен қаласында ешқандай да сыбайласқан қылмыс тіркелмеген. Ал Семейде жарты жылдың ішінде тоғыз қылмыс анықталған. Аудандар арасында Үржар мен Аягөз ауданы көш бастап тұр. Олардың әрқайсына сегіз қылмыстан тиесілі. Күршім ауданында төрт сыбайластық қылмысы тіркеліпті. Жалпы алғанда, 2014 жылдың тоғыз айында мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті және соған теңестірілген тұлғаларға қатысты 95 қылмыс анықталды. Өткен жылдың салыстырмалы кезеңінде бұл көрсеткіш 102-ге тең болған.
Ішкі істер саласында да жемқорлық фактілері өткен жылғыдан төмен. 2013 жылдың 11 айында 16 қылмыс жасалса, биыл ондай қылмыстың саны – жетеу. Сот орындаушылары мен қылмыстық атқару жүйесінің қызметкерлері де бір-бірден қылмысқа жол берген. Абыройсыз қылмыс ауыл әкімдерін де айналып өтпепті. Мұхтар Құмаровтың айтуынша, Ұлан ауданынан Аблакетка ауылдық округінің, Тарбағатай ауданынан Тұғыл ауылдық округінің, Глубокое ауданынан Белоусовка ауылдық округінің әкімі қызметін атқарған тұлғалар жауапқа тартылыпты. Сондай-ақ, жеті мектеп және лицей директоры, 13 мекеме басшысы, 17 пошталық байланыс бөлімшелерінің басшысы, жеті есепші сыбайлас жемқорлықпен ұсталған.
Сессияда облыстың әлеуметтік-мәдени даму мәселелері де қаралды. Осы мәселелерге жауапты тұрақты комиссияның төрағасы Нұржан Түсіпова жыл бойында комиссия тарапынан атқарылған шаруалар жөнінде есеп берді.
Бұл тұрақты комиссия денсаулық сақтау, білім беру, еңбек қатынастары, әлеуметтік жәрдемақылар төлеу мәселелерін жіті назарда ұстап келеді. Биыл комиссия мүшелері облыстық денсаулық сақтау, ішкі саясат және білім басқармаларының басшыларының есебін тыңдаған. Комиссия мүшелері он бір айдың ішінде өткізген 193 қабылдауда халық тарапынан жеке өтініштерден бөлек, ауылдық жерлерде спортты дамыту, мектептер мен отбасылық дәрігерлік амбулаториялар салу бойынша ұсыныстар түскен. Облыста жүзеге асып жатқан салалық бағдарламалардың уақытында орындалуы, кәсіби оқыту, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі негізіндегі үшжақты келісімдердің аяқсыз қалмауы сынды мәселелер де тұрақты комиссияның назарынан тыс қалған емес. Жекелеген мәселелер бойынша азаматтардың өтініштері қаралып, комиссияның ықпал етуімен 5,6 млн. теңгенің демеушілік көмегі көрсетілген.
Нұржан Түсіпова еңбекақы мен коммуналдық қызмет, жәрдемақылар төлемі кешігусіз беріліп жатқанын жеткізді. Дегенмен, «Шығысмашзауыт» АҚ жұмысшылары қазан айына тиесілі жалақының жартысын, қараша айындағы жалақыны толығымен алмаған. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау саласының 200-ден астам қызметкерінің де еңбекақылары кешігуде. Білім беру саласындағы еңбекақы қарызы 100 млн. теңгеге жуықтаған.
– Бұл аталған кешігулердің бәрі республикалық бюджетке байланған мекемелерге қатысты, – деді Нұржан Түсіпова.
Сессияда жоғарыда аталған негізгі мәселелерден бөлек 11 қосымша мәселе бойынша шешімдер қабылданды. Соның бірі «Шығыс Қазақстан облысының Құрметті азаматы» атағын беруге қатысты болды. Бұл атаққа облыстың бұрынғы әкімі, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев та ұсынылып, депутаттар тарапынан бірауыздан қолдау тапты. Сондай-ақ, Өскеменнің түлегі, «Благовест» халықаралық қоғамдық қайырымдылық ұйымының төрағасы Зинаида Драгункина, «Қазцинк» ЖШС вице-президентінің кеңесшісі Валерий Доскалов, Семей қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы Кенжеш Мұқашов, жазушы, журналист Сәдібек Түгел де облыстың Құрметті азаматтарының қатарын толықтырды.
Сессия соңында облыстық мәслихаттың қазіргі және бұрынғы шақырылымдарындағы бірнеше депутаты «Мәслихаттың 20 жылдығы» мерейтойлық медалімен марапатталды.
Дәурен Аллабергенұлы,
Есімжан Нақтыбайұлы