Экономика

Келер жылы қордың көкөністері молайтылмақ

Келер жылы қордың көкөністері молайтылмақ
Өскемендегі тұрақтандыру қорының 59 сауда нүктесінде 55 теңгеден сатылып келген көкөніс өнімдері таусылып бітті. Ал «Ертіс» ӘКК-нің облыс орталығындағы сегіз сауда нүктесінде тұрғындарға 50 теңгеден ұсынылып отырған арзан көкөністер әлі де саудаланып жатыр.
-2016-2017 жылғы маусымаралық мерзімге өңірлік тұрақтандыру қорына тауарлық биржа арқылы жергілікті ауылшаруашылық өндірушілерінен 5700 тонна жеміс-көкөніс өнімдері сатылып алынған болатын. Өскемен қаласы үшін 2 500 тонна, Семей қаласы үшін 3 200 тонна көкөніс өнімі сатылып алынды. 17 наурызға дейін тұрақтандыру қоры өнімдерінің 94 пайызы толық сатылып бітті. Өскемен қаласында 328 тонна өнім, Семей қаласында 5 тонна пияз қалып отыр.
Сатып алынған азық-түлік тауарлары «Приречное» Агрофирма» ЖШС-нің мамандандырылған қоймаларында сақталынып келеді. Олардың техникалық жарақтандырылуы өнімдерді 6-6,5 ай ағымында сапалы түрде сақтауға мүмкіндік береді. Жақсы жарақтандырылған қойманың арқасында көкөністер халыққа бұзылмай жетті,-дейді «Ертіс» ӘКК АҚ басқармасының төрағасы Болат Акужанов.
Биыл тұрақтандыру қорының көкөніс өнімдері тауарлардың барлық түріне белгіленген бірыңғай баға бойынша облыстың 131 сауда нүктелерінде сатылып келді. Корпорация өкілдерінің айтуынша, қазіргі күні «Ертіс» ӘКК-нің өз сауда нүктесінде қызылшадан басқа тұрақтандыру қорының барлық жеміс-көкөніс өнімдері сатылып жатыр. Ал, меморандум бойынша жұмыс істеп келген тұрақтандыру қорының сауда нүктелерінде пияз ғана қалып отыр. Қалалықтар әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының Өскемендегі он сауда нүктесінен көкөністердің келісін 50 теңгеден сатып алуларына болады. Сауда орындары: «Жәрдем» базары, «Фреш маркет» СҮ бөлімдері, «Өскемен» қонақ үйі сауда павильоны, «Ровесник», «Жастар» гастрономындағы, «Алтай» базары, «45-ші дәріхана», «Валентина» СҮ жанындағы сауда павильондары, Защита ауданындағы, «Краус» дүкеніндегі сауда павильондарында орналасқан. Келер жылдан бастап Семей қаласында да корпорацияның көкөністерге үстеме баға қоспай сататын өз сауда орындары ашылады.
Тұрақтандыру қоры жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында облыс әкімінің тапсырмасы бойынша хаттама шешіміне сәйкес 2017 жылға өңірлік тұрақтандыру қорының жеміс-көкөніс өнімдерін фьючерстік негізде алдын-ала сатып алу тетіктері қарастырылып жатыр. Қос қала тұрғындарының арзан көкөністерге деген сұранысын қанағаттандыру мақсатында алдағы 2017-2018-жылдардың маусымаралық мерзіміне 7 500 тонна жеміс-көкөніс өнімдері сатылып алынбақ. Бұл өткен маусымдағыдан 1 800 тоннаға артық. Көкөністердің 3 300 тоннасы Өскеменге, 4 200 тоннасы Семейге бөлінетін болады. Азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында қолға алынып отырған тағы бір шара – екі қалада өнімдерді сауда үстемесін қоспай сататын сауда нүктелері көбейтілмек. «Ертіс» ӘКК Семей мен Өскемен қаласы әкімдіктеріне жаңа сауда нүктелерін орналастыруға корпорацияға қосымша жер учаскелерін бөлуге өтінім берген.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button