Келер жылы да аулалар мен мектептер жөнделеді

Өскеменде көпқабатты үйлердің аулаларын қайта жаңғырту, тозығы жетіп тұрған білім ошақтарына жөндеу жұмыстарын жүргізу келер жылы да жалғасын табады. Бұл жөнінде шаһардағы бірқатар әлеуметтік нысандарда болған қала әкімі Жақсылық Омар мәлім етті.
Алдымен қала әкімі ЖМК ықшам ауданындағы Сәтпаев даңғылын қиып өтіп жатқан Шешек өзенінің көктемде су тасқынын туғызу қаупі бар учаскесіне арнайы барып, тасқынның алдын алу жұмыстарымен танысты, көктемдегі жағдай тағы да қайталанбас үшін қалалық құрылыс, ТҮКШ бөлімдерінің өкілдеріне нақты тапсырмалар жүктеді.
Алдағы жылы да Өскеменде он бестен аса аула жөнделіп, кеңейтіліп, қайтадан құрылатын болады. Заманауи ойын алаңдары жасалады. Осыған орай, Жақсылық Омар Сәтпаев даңғылының бойында орналасқан 48, 50, 50/1, 52, 54 мекенжайындағы және Виноградов көшесіндегі 19, 21, 23, 25, 27, 29 көпқабатты үйлердің аулалық аумақтарын аралап көрді. Бұл аулаларда тұрғын үйлер мейлінше тығыз орналасқан әрі ойнайтын бала да көп. Сондықтан келер жылы дәл осы аулаларда құрылыс жұмыстары жоспарланып отыр.
– Біз бүгін қалалық сала басшыларымен бірге келесі жылы қайта құрылымдау жұмыстары жүргізілуі қажет аулаларды қарастырдық. Бірінші кезекте тозып тұрған және қала орталығынан алыс жатқан аудандардың аулалары заман талабына сай жаңғыртылады әрі кеңейтілетін болады, – деді Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар.
Сонымен қатар, бұл күні қала басшысы облыс орталығының әр ықшам ауданында орналасқан №17 орта мектепте, №10 мектеп-гимназияда, №34 мектеп-лицейде және №20 орта мектепте болып, білім ұжымдарының жұмысымен, ғимараттардың қазіргі жағдайымен танысты.
Кездесулер барысында білім ошақтарының барлығы да жөндеу жұмыстарын күтіп тұрғаны белгілі болды. Олардың кейбірі салынғалы бері ешқандай жөндеу көрмесе, енді бірінің жертөлесіне жыл сайын көктемде су толып кетеді.
Мәселен, қаланың Стрелка шағын ауданында орналасқан Мұхтар Әуезов атындағы орта мектеп салынғалы бері жөндеу көрмеген. Оның үстіне, ауласы қоршалмаған. Жүзу бассейні де қажет. Сондай-ақ акт залының орындықтары да тозып тұр. Бірақ соған қарамастан, бұл білім ордасында облыстық, қалалық жарыстар жиі өткізіледі әрі аталған мектептен түлеп ұшқан, есімдері республикаға танылған өнер адамдары мен спортшылар да жетерлік. Мектеп басшылығы ағымдағы жылы жөндеуге қаржы бөлінсе деген өтінішін жеткізді. Егер жобалық-сметалық құжаттамалары дайын болған жағдайда қаржы бөлуге болатындығын айтқан қала әкімі «Туған жерге – тағзым», «Менің мектебім» жобаларының аясында мектептің материалдық-техникалық жағдайын жақсартуға танымал мектеп түлектерін де тарту қажеттігін ескертті.
Ал қаланың Тәуелсіздік даңғылы, 30/1 мекенжайында орналасқан №34 мектеп-гимназияға да жөндеу жұмыстары қажет. Әсіресе жертөлесін гидрооқшаулау керек. Себебі аталған ғимарат Комендантка өзенінің жағалауына жақын орналасқандықтан, өзен арнасын бетондап, ел демалатын саябақ жасағалы бері өзеннің жерасты сулары көктемде осы мектептің жертөлесіне құйылуда, жертөлеге бір метрге дейін су толады. Соңғы бес жылдың көлемінде мектеп ұжымы жыл сайын көктемде жертөлені судан құрғатып әлек. Бұрын облыстың қарамағында болған мектеп қазір қаланың теңгеріміне өткен. Өз құзыреті шегінде барлық тиісті мекемелерге хат жазудан шаршаған мектеп басшысы Анар Сәрсенбайқызы ендігі үмітіміз қала әкімінде дегенді айтады.
Жақсылық Омар қаладағы №10 мектеп-гимназия мен № 20 қазақ орта мектебінде де болып, жұмыстарымен танысты. Алдыңғысы осыған дейін неміс тілін тереңдетіп оқытуымен танылып келсе, ендігі кезекте француз тілін оқыту жобасын да қолға алған. Өкінішке қарай, директоры Наталья Нестеренконың айтуынша, мұнда да жөндеу жұмыстары, әсіресе, бірінші кезекте, оқу ғимаратының жылу сақтамайтын терезелерін ауыстыру қажет. Бұған қоса спорт залдың төбесінен су ағып тұр.
Ал №20 орта мектеп 1961 жылы салынған, бүгінде тарлық етуде. Мұнда күрделі жөндеумен қатар, он беске жуық оқу кабинеті бар қосымша оқу ғимараты мен жаңа спорт зал қажет. Бүгінде кабинет жетпегендіктен, 580 баланың орнына мыңға тарта бала екі ауысыммен білім алып жатыр және 3 пен 5 аралығындағы балаларға арналған шағын орталық та жұмыс істеп тұр. Әу баста сегізжылдық орыс мектебі болып ашылған білім ордасының қазақ мектебі болғанына биыл 22 жыл. Мектеп басшылығының айтуынша, жөндеу жұмыстарының қажетті жобалық-сметалық құжаттамасы әзір, қалалық білім бөліміне жолданған.
Кездесу барысында белгілі болған мәселелерді біржолата шешу үшін алдымен бөлінетін қаржы көлемін жан-жақты зерделеп алу қажеттігін атаған қала әкімі Жақсылық Омар өзінің орынбасарларына, қалалық тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Бірінші кезекте, қаржы кезек күттірмейтін мәселелерді шешуге бағытталуы керектігін жеткізді. Мұнымен қатар қала әкімі мектеп асханаларын жалдау уақыты да тым қысқа екендігін де сынға алды. Өйткені жалға алушы бір жылдың ішінде салған қаражатын ақтап үлгермейді.
– Егер заң аясында мүмкіндік болса, бір жылды бес жылға дейін ұзарту керек. Сонда кәсіпкер де бес жылға деген сеніммен тұрақты жұмыс істейді. Асхана жабдықтарын да жаңартады. Ал бір жылдың ішінде ештеңеге де үлгермейді. Сондықтан бұл мәселені алдағы уақытта қайта бір қарастыру қажет, – деді Жақсылық Омар.
Дәурен Аллабергенұлы