Келер жылы қай бағыттағы жолдар жөнделеді?

Облыс әкімдігінің мәжілісінде келер жылы қандай жолдардың жөнделетіні белгілі болды. Қазір Өскеменнен аудан орталықтарына дейінгі жолдарды жөндеу басты міндет болып отыр. Бұлар – негізінен республикалық маңыздағы жолдар.
– Біз жалпы сомасы 3,8 миллиард теңгеге 180 шақырым облыстық және аудандық жолдарды, оның ішінде 1,4 миллиард теңгеге 7 аудандық жолдарды орташа жөндеуді жоспарлап отырмыз, – деді жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділов
Атап айтсақ, Ақтоғай – облыс шекарасы, Семей – Қарауыл, Бородулиха – Жезкент, Шүлбі – Жаңа Шүлбі, Өскемен – Самар, Үлкен Нарын – Күршім, Жамбыл – Дайыр – Көкжыра, Парыгино – Кутиха, Мақаншы – Келдімұрат жолдарын және Жаңа Ахмер, Жетіарал ауылдарына кіреберіс жолдарды қалпына келтіруге басты назар аударылады. Осы жұмыстардың нәтижесінде облыстағы қанағаттанарлық жолдардың үлесі 79 пайызға жетуі тиіс.
– Семей – Қарауыл жолы 2 миллиард теңгеге жөнделді, бірақ жұмыс сапасыз атқарылған деп санаймын. Мердігері – «Дерикар» компаниясы бес жылға кепілдік берген болатын, олқылықтарды түзетсін. Қарауыл – жай ғана аудан орталығы емес, Ұлы Абай мен Шәкәрімнің туған жері, онда қатынайтын адамдардың бәрі осы жолмен жүреді. Сондықтан жол сапасын жіті қадағалауға алыңыздар, – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ аймақ басшысы Өскемен мен Семей қалаларының әкімдеріне алдағы жылы атқарылатын жөндеу жұмыстарының сапалы атқарылуын міндеттеді. Айталық, келер жылы Өскемендегі Ворошилов, Потанин көшелері, Әуезов даңғылы кеңейтіледі, қалқыма көпірден Ахмер ауылына дейінгі, Ахмер ауылынан және 14-ші шағын ауданнан Алматы тасжолына дейінгі жолдар жөнделеді. Ал Семейде Қарағайлы шағын ауданына баратын жол, Павлодар тасжолы мен әуежайды жалғастыратын жол жөнделіп, Глинка көшесі кеңейтіледі.
Облыс әкімі осы ретте Семейдің жаңартылған әуежайынан қатынайтын рейстер санын көбейтуді де тапсырды.
– Павлодар мен Шығыс Қазақстан тұрғындары Мәскеуге Омбы арқылы ұшып жүр. Біз олардың Семей арқылы ұшуына жағдай жасауымыз керек. Павлодар мен Семейдің арасындағы жол жақсы, 4-5 сағатта жетуге болады, керекуліктер Мәскеуге Омбыдан емес, Семейден ұшуы тиіс, – деген облыс әкімі әуежайдың алдағы айда пайдалануға берілетінін атап көрсетті.
Ержан ӘБІШ