Қоғам

Келер жылдан бастап жергілікті полиция қызметі іске кіріседі

Келер жылдан бастап жергілікті полиция қызметі іске кіріседі

2016 жылдың бірінші қаңтарынан бастап еліміз бойынша жаңа құрылым – жергілікті полиция қызметі жұмысқа кірісетін болады. Ал өңірімізде олардың санын екі мыңнан аса полиция қызметкерлері құрамақ.
Бұл жаңа құрылым және олардың қызметі барысында кездесетін мәселелер туралы облыстық әкімдікте облыс әкімінің орынбасары Димитрий Гариковтың төрағалығымен, Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Демеуовтің, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының, өңірдегі барлық ішкі істер құрылымдары басшылығының, аймақтағы мәслихат хатшыларының қатысуымен өткен селекторлық жиында кеңінен сөз болды.
Естеріңізде болса, Үкіметтің биылғы мамырда өткен кеңейтілген отырысында Елбасы: «Азаматтарға есеп беретiн жергiлiктi полиция қызметiн құру қажет. Бұл қызмет қоғамдық тәртiптi қорғауға, тұрмыстық қылмыстармен күресуге, жол-патруль қызметiне жауапты болуы тиiс. Бiз бұл туралы көп айттық. Осы қызмет жергiлiктi халықпен тығыз қарым-қатынас жасай отырып, ұсақ заңбұзушылықтарға нөлдiк төзiмдiлiк режимiн қамтамасыз ету керек. Полиция қызметкерлерiнiң қызметiне шағымданатын азаматтардың арыздарын қарастыратын қоғамдық кеңестер құру қажет. Егер де ондай кеңестер болса, азаматтар өздері полиция қызметкерлерімен ақылдасып, оларға қол ұшын берер еді. Бізде ондай жүйе жоқ», – деген болатын.
Облыс әкімінің орынбасары Димитрий Гариков Мемлекет басшысы ағымдағы жылдың 12 қарашасында «Жергілікті полиция қызметінің мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойғанын, аталған заң бес институционалдық реформаны жүзеге асырудағы Ұлт жоспарының 30 және 31-қадамдарын іске асыру бойынша әзірленгендігін жеткізді.
Жиын барысында алдымен облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Батырбек Аяғанов жергілікті полиция мәселелері бойынша баяндама жасап, жаңа құрылымның мақсаты мен міндеттеріне тоқталды.
Оның айтқандарына сүйенер болсақ, жергілікті полиция қызметі қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, тұрмыстық және ұсақ қылмыстарға қарсы тұру үшін жасақталады. Жергілікті полиция қызметі туралы заң жобасының тұжырымдамасына орай, оның құрылымына учаскелік полиция инспекторы және олардың көмекшілері, ювеналды полиция, аймақтық бөлімшелер мен мектеп инспекторлары, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесі, табиғатты қорғау полициясы, тұрғылықты жері жоқтарды және әкімшілік жазаланғандарды қабылдау-тарату бөлімдері кіреді.
Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Демеуовтің айтуынша, жергілікті полиция қызметінің басшылары жергілікті атқару органының және мәслихаттың алдында мерзімді түрде есеп беріп отырмақ. Сонымен бірге, құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі өңір әкімдерінің де жауапкершіліктері еселене түспек. Ал ішкі істер министрлігі осы жұмыстардың барлығын үйлестіруші, жаңадан іске кіріскен жергілікті полиция қызметіне тәжірибелік және әдістемелік көмек көрсетушінің рөлін атқармақ.
– Ең басты міндет – бұл қызметке халықты жақындату. Еліміздегі полиция қызметінің ашықтығына, тазалығына тұрғындардың сенімін қалыптастыру. Олар халық пен мәслихаттың алдында жүйелі түрде есеп беретін болады. Жылына кемінде екі рет жергілікті полиция мәслихаты өткізілетін болады, – деді Марат Демеуов.
Еліміздің ішкі істер министрінің бірінші орынбасарының айтуынша, республика бойынша жергілікті полиция қызметіне 25 мыңнан аса қызметкер тартылмақ.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button