Келер жылдан бастап Елтаңбаның жаңа стандарты енгізіледі
Елтаңбадағы элементтерді тепе-тең етіп орналастыру және көк түс пен алтын түсті стандартқа келтіру қажеттілігі көптен бері сала мамандарын ойландырып жүрген мәселе болатын. Осы орайда Мемлекеттік рәміздер жөніндегі республикалық комиссия отырысында Елтаңбаны стандарт эталонына сай етіп қайта қарастыру жөнінде тапсырма берілген еді.
Осы тапсырма негізінде техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының 2014 жылғы 14 наурыздағы бұйрығымен құрылған жұмыс тобы Елтаңба көріністерін нақтылап, қайта қарастырып, жаңа стандарттың жобасын дайындады. Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі 2014 жылдың 15 мамырында Елтаңбаның техникалық шарттары туралы ұлттық стандартты бекітті.
Техникалық реттеу және метрология комитеті Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің бас маманы Бақытжан Сейітовтің айтуынша, Елтаңбаларды сапалы дайындауға мүмкіндік беретін жаңа стандартқа бірқатар өзгерістер енгізілді. Айталық, түстер бұрынғыдай халықаралық Pantone атласымен емес, спектрометр құралымен тексерілетін болды. Елтаңба бояулары жалпы екі түске боялады деп қарастырылды. Көгілдір түс ретінде жаңа стандартта Pantone халықаралық атласының 3125С түсі алынды. Алтын түс өзгертіліп, Л63 маркасының мыс-мырыш қорытпасы (латунь) түсі қарастырылды.
Елтаңба элементтерінің өлшемдері және орналасуы қайта қаралып, жарасымды көрінуі қамтамасыз етілді. Атап айтқанда, бұрын тұлпардың айдары, көзі, кеңсірігі Елтаңбаның қырында орналасқандықтан дұрыс көрінбейтін, тұлпардың басы керегені дұрыс көрсетпей жауып тұратын. Жаңа Елтаңбада әр элементтің анық көрінуі, пропорционалды орналасуы қарастырылды. Дайындаушылар үшін қажетті өлшемдердің толық көлемдегі сызбалары жасалды.
– Елтаңбаны көлемдік дайындауға қойылатын негізгі техникалық талаптар бойынша кемінде үш жылды құрайтын кепілдік пайдалану мерзімі қарастырылды. Министрлік тарапынан ҚР СТ 989-2014 жаңа стандартымен жасалған Елтаңба келер жылдың басынан енгізіледі. 2017 жылдың 1 шілдесіне дейін ескі және жаңа үлгідегі Елтаңбаларды қолдануға болады және заңға қайшы келмейді. Оған дейін ҚР СТ 989-2008 бойынша дайындалған Елтаңбаларды ауыстыру қажет, – дейді Бақытжан Сейітов.
Ержан Әбіш