Қоғам

Келер жылы ауызсумен толық қамтылады

Ержан Әбіш

Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында бес жыл ішінде қалалар мен ауылдардың 100 пайызын ауызсумен қамту міндетін қойды. Бірақ әзірше еліміздегі бірқатар елді мекендер таза сумен қамтамасыз етілмеген. Демек, бұл бағыттағы жұмысты әлі де күшейту қажет. Қазір облыс тұрғындарының 90 пайызы таза суға қол жеткізіп отыр. Бұл көрсеткіш бойынша біздің өңір көш басында. Бір жылдан кейін қамтылу мөлшері 100 пайызға жетуі тиіс.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің дерегінше, елімізде 1637 ауыл немесе 560 мыңға жуық адам таза суға қол жеткізе алмай отыр. «Елде 6293 ауыл бар, оларда 7 786 108 адам тұрады, оның ішінде 1637 ауыл ауызсуға қол жеткізе алмауда, бұл – 559 627 адам» делінген auylsu.kz сайтында. Интербелсенді картаға сай, суға қол жеткізе алмай отырған ауылдар Солтүстік Қазақстанда (229), Ақмола, Қостанай облыстарында (212-ден) көп.

Біздің облыста 683 ауыл бар, оларда 503 901 адам тұрады. 462 559 адам тұратын 616 ауыл сапалы сумен қамтылды. Қалған 67 ауыл (35 372 адам)  сумен жабдықталмаған. Су құбырларының ұзындығы – 4 455,666 км, тозғандары – 65,86%. Бірақ облыс әкімінің айтуынша, бір жылдан кейін барша елді мекендер таза сумен 100 пайыз қамтамасыз етіледі.

Шығыс халқын ауызсумен қамту – жергілікті билік үшін басты мәселе. Бұл бағытта көп жұмыс атқарылды. Облыс қалаларында сумен қамтылу былтыр 99,1 пайызға жеткен.

– 2015 жылдан біз сумен жабдықтау желілерін қаржыландыруды сегіз есе арттырдық. Өткен алты жылда 294 ауылда 723 шақырым су құбырын төседік. Өткен жылы осы бағытта 63 жоба жүзеге асып, 40 нысан пайдалануға берілді. Сонымен қатар 62 ауылда 500 миллион теңгеге модульді стансалар салып жатырмыз, – деді Даниал Ахметов облыстық мәслихат сессиясында.

Оның айтуынша, ауылдарда бұл көрсеткіш 91,8 пайызға жеткен. 2015 жылы облыс ауылдарын сумен жабдықтау ел бойынша ең соңғы орында болатын.

Өткен жылы Семей өңіріне қарасты ауылдардың орталықтандырылған сумен жабдықталуы 88,7 пайыз болды (327 ауылдың 290-ы). Бұл 2015 жылғы көрсеткіштен (42,7 пайыз) екі есе артық.

Осы жылы облыста 14,6 мың адамды сумен қамтитын 6,8 миллиард теңгенің 34 жобасы аяқталады. Оның ішінде 2 жоба Өскемен бойынша – Алматы айналма жолы аумағын орталықтандырылған сумен қамту және Красин кентінің су желілерін жаңарту. Бұдан басқа, Самсоновка ауылы мен Ахмер кентін ауызсумен қамтамасыз ететін Жаңа Өскемен су қабылдағышы салынуда.

Осы айдарда

Back to top button