Келер ағайынға жол ашық

Қазақстанның оңтүстік облыстарында халық тығыз орналасқан, жұмыссыздар саны көп болса, керісінше шығысында халық саны жылдан-жылға азаюда. Соңғы жылдары осы түйінді мәселені шешу мақсатында мемлекет тарапынан пәрменді әрекеттер жасалып, мемлекеттік бағдарламалар аясында әртүрлі деңгейде жұмыстар жүргізілуде. Бұл әрине, қуанышты жаңалық. Халқы көп оңтүстіктің қазағы шығысқа бет түзесе, егіншілікке, мал өсіруге жағдайы бар өлкенің ажары ашылып, экономикасы мен демографиясына серпін берері анық.
Елбасының тапсырмасын негізге ала отырып, еліміздің оңтүстік өңірлерінен тілек білдірген отбасыларды көшіріп әкелу жұмысы Күршім ауданында да жалғасын табуда.
Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында ауданға жұмыс күші артық өңірлерден ерікті түрде қоныс аудару бойынша үстіміздегі жылы 20 отбасын, яғни 78 адамды көшіріп әкелу жоспарланған.
Бөлінген квотаны орындау үшін, Күршім ауданының әкімі Д.Қажанов, Абай ауылдық округінің әкімі Н.Сүлейменова, Балықшы ауылдық округінің әкімі Б.Жолдасбаев және жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы С.Ақсартов Қызылорда облысының Арал ауданына іссапарға аттанды.
Күршімдіктерді «Нұр Отан» партиясы Арал аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары мен жұмыспен қамту орталығының директоры жылы қарсы алып, тұрғындармен кездесуге оңтайлы жағдайлар жасады.
Дулат Қажанов бастаған аудан өкілдері Арал ауданының Қарақұм ауылдық округінің Абай елді мекенінде, Жіңішкеқұм ауылдық округінің Тоқабай елді мекенінде, Аманөткел мен Бөген ауылдық округінің, Октябрь ауылдық округіне қарасты Шижаға елді мекендерінде болып, тұрғындармен, жұмыссыздармен кездесті. Бұл кездесулерге жүздеген адамдар қатысты. Соңынан біздің өкілдер жұмыспен қамту орталығында болып, жұмыс іздеушілермен кездесті. Кездесулер нәтижесінде Күршім ауданына қоныс аударуға ниет білдірушілер белгілі болды. Алдағы уақытта бұл жұмыс одан ары жалғасын табады деп күтілуде.
Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы.