Руханият

Әкелі-балалы ақындар қастерлі өнерге қылау түсірмей келеді

Әкелі-балалы ақындар қастерлі өнерге қылау түсірмей келеді

Шүкір, Жаратушының өзі көкейімізге – нұр, көмейімізге – жыр құйған халықпыз. Әсілі, батырдан – батырдың туғаны, байдан – байдың шыққаны біз үшін таңсық болмаса керек. Ал ақыннан ақынның тууы, баланың әкесінің жыршыл жолын қууы – сирек құбылыс. Менің білетінім – кезінде әйгілі дастандарымен «жыр жампозы» атанған, «Бақтиярдың қырық бұтағы» атты аса көлемді хиссаныалғаш рет толық күйінде жырлап, даңқы үш жүзге мәлім болған Жанұзақ Шыңанұлы мен оның орны ерек оғланы – Әрімжан Жанұзақұлы Тарбағатайдың жыр зеңгірінде сүмбіле жұлдызындай қатар жарқырады. Содан кейін байырғы Барқытбелдің баурайын мекен еткен алты Жұмық, бес Сатыда өлеңнің қос тізгінін қосарлана ұстаған әкелі-балалы ақын шықты дегенді естімеппін. Сөйтсем, Тәңірінің рахымы түскен, шаңырағына Сөздің киесі қонған ондай әулет өзімнің ата жұртымда тұрады екен.
Ал олармен, әуелі ізашар отағасы – Асылбек ақсақалмен таныстық былай басталған.
…Бұдан біраз жыл бұрын нағашылап Ақжар жақтағы Маңырақ ауылына барғам. Келін түсіргелі жатқан үйдің ағайын-туыс, үлкендері бас қосыпты. Бәрінің назары да, құлағы да орталарындағы бидай өңді ақсақалда. Әңгімені қиюын келтіріп, қиыстырып айтады екен. Жақынырақ жайғасып құлақ салсам, жастайынан қара қытайдан көрген қорлығын, шеккен мехнат-азабын, анау көкала төбенің арғы жағында қудаланып жүргендегі басынан кешкендерін жыр ғып отыр. Енді бір сәтте әлгі ақсақал «Әкри, сондағы көрген зәбір-жапам ішіме сыймай, былай деп өлеңге қостым» деп оншақты шумақ жыр жолдарын төгіп-төгіп жіберді. Мен елең ете қалдым. Запырандай зәрлі, шемендей шерлі жолдар селт еткізді. Көркемдігі асып тұрмаса да тағдыры талайсыз жанның ішкі сырын паш еткендей.
… Өттің бе қайран дәурен біздің бастан,
Тағдырым артта қалған – жисаң дастан.
Әкемнен жастайымнан жетім қалып,
Анамның ақ сүтімен көзімді ашқам…

Қаламды қиналғанда қолға аламын,
Өткенге ой жіберіп толғанамын.
Қайғы мен қасіреттің тауқыметін,
Өмірде бір адамдай тартқан жанмын…
дейді. Сәл-пәл тыныстап алды да:
Келгенше осы жасқа бәрін көрдім,
Құйтырқы қу заманның кәрін көрдім.
«Тұсында әр заманның бір сұрқылтай»,
Шулаған қазағымның зарын көрдім.

Көп пе еді көргенімнен көрмегенім,
Өмірде басылмады-ау шөлдегенім.
Жалғанда тірі күйік тартқызғанша,
Жақсы еді-ау бергеніңнен бермегенің… – деп барып тоқтады.
Аз-кем аман-саулықтан кейін ол сөз тізгінін қайта қолына алған.
– Менің де әке-шешем бір кезде Голощёкин деген сұрқияның қыспағымен өзге елге өтіп кеткен екен. Солардан ерте жетім қалып, өз ел, өз жеріме орала алмай жат елде қаңғып, ақыры атажұртқа қашып келген адаммын, – деді маған қарай еңсеріле бұрылып. –Жасымнан қайсар, тесікөкпе боп өстім. Әйтпесе баяғыда қара қытайдың түрмесінде шіріп қалар ма едім, кім білсін… Соның бәрін өзімше өлеңге айналдырып, дәптеріме түртіп қойып жүрмін, өзіңе бір апарып көрсетемін, – деген іш тартып…

АТАДАН ДАРЫҒАН ТЕРЕҢДІК

Сол қария айтқанында тұрып, көк дәптерін құшақтап бір күні Өскеменге келіпті. «Қарап көр. Ақындықтың ауылы менен алыстау, әншейін көңілде жүрген, көкейге түйген бірдеңелер ғой, ішінде дән-түйірі болса – айтарсың…» деп ертеңінде ауылына аттанып кеткен. Мен Асекеңнің маржандай ғып қағазға түсірткен жазбаларына үңілгем.
Ойлансам шамырқанып ми мен сана,
Басыма бір ой түсті жеке-дара.
Бір үлгі ұрпағыма қалдырсам деп,
Ұмтылдым ақ қағазға қалам ала.

Жорғала жан серігім – сырлы қалам,
Жыр бар ма бұл пәниде сен жазбаған?
Жанымды ұғар мұңдасым сен болған соң,
Сырымды саған айтпай, кімге айта алам…
деп лек-легімен келетін жыр жолдары жанымды баурап алған. Содан болар, ит арқасы қияннан үміт арқалай келген үлкен кісінің жазғандарына жүрегім жылып, жұрт назарына ұсынғанды жөн көргем…
***
Былтыр Асекеңнің жүзден астам өлеңі «Ой түбінде жатқан сөз…» деген атпен шағын жинақ болып жарық көрді. Сол туындысының біріне қолтаңба жазып беріп отырып, «менің бойымдағы осы бір мысқалдай дарын-қабілетім ұлым Мырзабекке де дарыпты. Байқасам, оның жазғандары менікінен күштірек сияқты…» деген мерейленіп. Мен тағы да елең ете қалғам. Санамда «Апырау, бұл нағашы жұрттан әкелі-балалы аға сұлтан шығып еді кезінде, енді, міне, әкелі-балалы ақын шығып отырғандығы қандай керемет! Тектіліктің нышаны-ау! Құдайым тіл-көзден сақтай гөр!» деген мінәжат ой қылаң беріп өткен. Мырзабектің өзін жыға танығаныммен, қашан көрсең де жылы жымиып тұратын және үнемі кеңсе қызметінде жүретін осы бір ақкөйлек азаматтың өлең өнеріне жуықтығы мен туыстығы барын білмеппін. Ендігі аңсар қарт ақынның бел баласына ауғандай. Мырзабекпен одан кейін де бірнеше рет жолықтық. Бірақ кім өлеңін қалтасына салып жүрсін, «жазғандарын көрер ме еді» деген дәмелі көңілмен күндер жылжып, ай сырғыды. Жыл өтпей жатып, Асекең тағы да олжалы болды – Өскемендегі баспадан проза кітабы жарық көрді. Туған жері – Шығыс Түркістан мен ата жұрты – Тарбағатайға етене тартып, екіге жарылған бірбүтін тағдырын сылдыр сөзбен сыдырта баяндап шықпай, жиынтық образ арқылы көркем шығармаға айналдырыпты. Сөйтіп, ұлт тарихындағы бір дәуірдің, дәуір болғанда сұм дәуірдің зобалаңын жеткізуге шама-шарқынша қалам тербепті. Бүгінгі ұрпаққа ғасырлар қойнауында қалған дүрмекті кезеңнің дүбірін түйсіндіруге тырысыпты. Есімі ел жадынан әлдеқашан ада болған дәулескер күйші, Орта жүзге төрт рет төбе би боп төрелік еткен Қайрақбай Шәлекенұлының аруағын тірілтіпті. Саналыға ой саларлық мұқабамен қапталған бұл еңбегіне «Найзағай соққан қарағай» деп астарлы ат қойыпты. Кітабының «Әке көрген – оқ жонар» деген соңғы тарауын жолын қуған ұлымен еншілесіпті. Оның аяқ алысы мен сөз тастасы әкесінен де пәрмендірек пе деп қалдым…
***
Задында, Асылбек ағаның руы – Бұрымбет деген іргелі ел болады. Ол – билік айтар ақыл-парасатымен, дау тоқтатар көсемдігімен, сөз тоқтатар шешендігімен әйгілі қадірлі жұрт. Аға сұлтан Бұтабай қажы мен оның бел баласы Зейнолла – осы рудың ақылы елден асқан асқарлары, бір болыс елді бірінен кейін бірі басқарып, орыстың талауына бермей аман алып қалған арыстары. Бүгін жетпісіңді орталап, жетелі жастың қыр желкесінде отырған Асекеңнің бойында қанмен келген кемелдік, атадан сіңген тереңдік және ақындықтың желігі бар. Басынан сөз асырмас қайсарлығы мен жөнсіз асып-тасымас жайсаңдығы тағы бар.
Ең бір сүйсінерлігі – сөздің парқын, ойдың нарқын түсінер сол тектілік пен тереңдіктің ұрпағына, оның ішінде үлкен ұлы – Мырзабектің болмысына жұғысты болғандығы. Әке мен баланың қастерлі сөз өнерінен қамшының қосөріміндей үйлесім тапқандығы…

ҚАНМЕН КЕЛГЕН КЕМЕЛДІК

Мырзабек әке кітабына енгізген бір өлеңінде оған қаратып былай дейді:
Ақ батаң жаралғандай шуақтардан,
Ән-күйің тебіреністі сыр ақтарған.
Санама сәуле құйдың шырақтардан,
Әз әке, бердің маған қуатты арман.
Әкесінің тағдырлас досы ћәм құрдасы болған Тарбағатайдың тарлан ақыны – Хамит Балшабекұлы өмірден озғанда өзегі өртене тебіренеді:
Аза тұтып, құрметтеді пендесін,
Жиған шығар ел-жұртың да енді есін.
Хамит деген – ақындардың дүлдүлі,
Бұзып-жарған мүшәйраның көмбесін.

Қайран Хама – Шығысымның тарланы,
Бәрінен де биік тұрған талғамы.
Көп ақыннан артық еді салмағы,
Орындалмай кетті-ау, асыл арманы.
Мырзабек – орынсыз кимелеп, өзеурей бермейтін орнықты жігіт. «Мен – ақынмын!» деп кеуде кермейді. Бойындағы дарынын, ойындағы арынын көрінген жерде жалаулата бермейді. Тіпті «мен өлең жазушы едім» деп те зорсынып көрген емес. Ақындықты Алланың берген сыйы, тектен тараған бекзаттықтың белгісі деп ұғады. Ел көзінде, сын тезінде жүрген азаматқа осындай жобалғылық жарасса керек. Ауылды жердің қым-қуыт тірлігінің бел ортасында жүріп өлең жазу – екінің бірінің қолынан келе бермес. Демек, оның болмысында да ойына тамызық тастап, қолына қалам ұстатып, ақ қағазға үңілдірер бір құдіретті күш бар. Қанмен келген кемелдік бар.
Мұқағали емеспін, Абайың да,
Ондай бақыт жоқ мүлде орайымда.
«Жырларыңның жылуы кемшін» десең,
Кетейін парақтарды жабайын да.
Басқа өнерден барқадар табайын ба?..

Лермонтов та емеспін, Пушкин-дағы,
Кей шумақ пен өлеңнің мүшкіл бағы.
О, Муза, қанатымды қомда менің,
Кеудеме күркіреген күш құй-дағы.

Кененмін деп айтпаймын, Жамбылмын да,
Әлде өжет жырыммен таң қылдым ба?
Ешкімге ешқашан да ұқсамаймын,
Алдымда жол жатқанда даңғыл мына!
Естуімше Мырзабекте екі жүздің үстінде өлең бар көрінеді. «Кісіге қарап сөз алма, сөзіне қарап кісіні ал» деген хакім Абай. Сол зият жырлардың жинақ боп жарық көруі – осы бір өрелі өнерге, қала берді сол өнерді өміріне – серік, көңіліне – көрік еткен өр мінезді өренге көрсетілген құрмет болар еді. Ондай сақилықтың тұтқасы – ақындық дегеннің ерекше жаратылыс екенін зейінімен зерделей алатын мәрт мінезді адамның ғана қолында. Шүкір, аймаңдай азаматын жерге қаратпайтын атымтай азаматтар Тарбағатайдың өзінде де баршылық. Бірі болмаса, бірі жомарттық танытар деген дәмем зор.
***

Әкелі-балалы ақындар қастерлі өнерге қылау түсірмей келеді

… Барқытбелдің бауырында, семсер ұстағанды – батыр дейтін, өлең ұстағанды – ақын дейтін егей елдің Маңырақ дейтін ауылында жарыса жөңкілген телағыстай жарасым тапқан, өлең атты өрелі өнерге қылау түсірмей қастерлеп келе жатқан осындай әкелі-балалы ақындар бар. Әке бойындағы асыл қасиеттің баласына қонғаны, ал баласының әкесінен озғаны қандай ғанибет десеңізші! Міні жоқ мінәсәр өмір деген осындай болса керек!Тіліміз – тасқа…

Жұмағазы Игісін,

журналист
Өскемен.

Осы айдарда

Back to top button