Қоғам

«KEGOC» акцияларын сатылымға шығарады

«KEGOC» акцияларын сатылымға шығарады

Елімізде «Халықтық IPO» бағдарламасының екінші кезеңі басталғаны белгілі. Бүгінгі күні электр желілерін басқару жөніндегі қазақстандық «KEGOC» компаниясы осы бағдарламаның бірден-бір қатысушысы атанып отыр. Осыған байланысты «KEGOC» АҚ өзінің қаржылық-өндірістік қызметімен жұртшылықты кеңінен таныстыру мақсатында еліміздің ірі қалаларында роуд шоулар ұйымдастыруда. Кезекті роуд-шоу Өскеменде өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов қатысты.
Отандық ірі энергетикалық компанияның ұйымдастырған алғашқы роуд-шоуы 5-қарашада Астана қаласында өтіп, одан кейін Алматы, Тараз, Шымкент, Қызылорда, Қостанай, Павлодар, Екібастұз, Көкшетау, Петропавл қалаларында жалғасын тауыпты. Өскемендегі Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың акт залында өткен роуд-шоу барысында шығысқазақстандық тұрғындар да ұлттық компанияның қызметі, қор нарығындағы сатылымдар, «Халықтық IPO» бағдарламасы жайында толық мағлұмат алу мүмкіндігіне ие болды. Осы шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов ең алдымен, облыс басшылығы атынан электр желілерін басқару жөніндегі компанияның өкілдеріне үлкен алғысын жеткізді.
– КЕГОК – ірі компания. Осы компанияның арқасында 250-дей облыс тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Өздеріңізге белгілі, таяуда Елбасымыз өзінің Жолдауында Қазақстанның жаңа экономикалық саясатын жариялады. Сондағы жеті басым бағыттың бірі – энергетикалық инфрақұрылымды дамыту болып табылады. Елбасының тапсырмасына сәйкес, біздің елімізде «Екібастұз-Семей-Өскемен», «Семей – Ақтоғай – Талдықорған – Алматы» бағыттарында жоғары кернеулі желілер салу бойынша екі үлкен жоба жұмысы қарқын алмақ. Өңірімізге қатысты осы екі жобамен де айналысатын өздеріңізге «Халықтық IPO» бағдарламасы шеңберінде акцияларын ұсынып отырған КЕГОК компаниясы болмақ. Осының өзінен-ақ біз компанияның болашағының зор екеніне көзіміз жете түседі. Мен осы орайда шығысқазақстандықтардың өзінің таңдауын жасайтынына, КЕГОК акцияларын сатып алу бойынша біздің өңірдің алдыңғы қатардан көрінетініне сенемін, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Роуд-шоуға жиналған қауымға «KEGOC» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Бақытбек Жазықбаев компанияның қызметі туралы арнайы баяндама жасады. 1997 жылы құрылған ұлттық компанияға 24,5 мың шақырым электр желілері тиесілі. Үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз ететін 77 қосалқы станциясы бар. Бүгінгі күні компанияда 4700-ден астам адам еңбек етеді. «KEGOC» 2004 жылдан бері еліміздің ұлттық электр торабына иелік етіп, жүйелік оператор қызметін атқарып келеді. Қазіргі таңда компания акцияларының 100 пайызы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына тиесілі. Жалпы ұлттық экономиканың негізгі инфрақұрылымдық элементтерінің бірі ретінде компания мемлекеттің қолдауына да ие.
Үстіміздегі жылдың 5-қарашасы мен 3-желтоқсаны арасында Қазақстанның қор биржасына «KEGOK» акционерлік қоғамының барлығы 25 999 999 қарапайым акциялары сатылымға шығарылмақ. Бір акцияның бағасы – 505 теңге.
Ал енді отандық ірі энергетикалық компанияның осынау акцияларын қалай сатып алуға болады? Бұл туралы жиналғандарға «Halyk Finans» АҚ өкілі Сабина Мұқанова баяндап берді. Оның айтуынша, егер сіз «KEGOC» АҚ-ның акцияларын сатып алу туралы шешім қабылдасаңыз, ең алдымен делдалдық компанияны таңдап, келісімшартқа отырғаныңыз жөн екен. Содан кейін орталық депозитарийдегі өз есебіңізге ақша аударып, акцияларды сатып алу туралы делдалға өтініш жазу қажет.
Сондай-ақ, «Қазпошта» АҚ облыстық филиалының директоры Ербол Көбентаев та сөз алып, «Халықтық IPO» бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде өңірлердегі «Қазпошта» АҚ қызметі» туралы кеңінен әңгімелеп берді.
Роуд-шоу соңында қонақтар жиналған қауымның түрлі сауалдарына жан-жақты жауап берді.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button