Қоғам

«KEGOC» АҚ: жасампаздық энергиясы

«KEGOC» АҚ: жасампаздық энергиясы


Еліміздегі электр энергетикалық жүйесінің Жүйелік операторы саналатын «Электр желілерін басқару жөніндегі Қазақстан компаниясы «KEGOC»АҚ-ның құрылғанына биыл тура 20 жыл. 1997 жылы электр энергетикалық нарыққа шыққан компания ел экономикасын дамытудың нағыз драйверіне, энергетика саласындағы көшбасшы компанияға айналды.

Осыдан жиырма жыл бұрын«KEGOC» АҚ қарасты Шығыс Қазақстан өңірінде «Шығыс жүйеаралық электр торабы филиалын қалыптастыру туралы» 1997 жылғы №82 бұйрықтың негізінде «Шығыс ЖЭТ» филиалы құрылған болатын (әділет органдарындағы бастапқы тіркеу 1998 жылдың 19 қаңтарында болды). Осыған орай, «Шығыс ЖЭТ» филиалы орталық аумақтық электр желілерінің басшысы Дүзжан Тойболдиновпен кездесіп, филиал жұмысымен танысқан едік.
«KEGOC» АҚ 20 жыл ішінде Ұлттық электр нысандарын толығымен жаңартты. 2002 жылы «KEGOC» АҚ желілерді ауқымды жаңғыртуды бастады, ол екі кезеңмен жүзеге асты. 2005 жылға дейін барлық бастапқы құрал-жабдықтар ауыстырылды (оның ішінде ең қуатты үш қосалқы станциядағы сөндіргіштер, ажыратқыштар, трансформаторлар). 2007 жылдан 2010 жылға дейін барлық релелік қорғаныштың ауыстырылуы жүргізілді. 2014 жылға дейін «KEGOC» АҚ алғашқы кезең ішінде жаңартылмаған барлық қосалқы станцияларды жаңғыртты.

– Атқарылған орасан зор жұмыстардың нәтижесінде, барлық энерго жүйе енді әлемдік стандартқа сәйкес келеді, – дейді «KEGOC» АҚ «Шығыс ЖЭТ» филиалы орталық аумақтық электр желілерінің басшысы Дүзжан Тойболдинов.

Дәлел ретінде Дүзжан Қамашұлы кәсіпорынға қызмет көрсету аумағына енетін №7 қосалқы станцияны мысалға келтірді. Бұл өңірдегі ең ірі қосалқы станциялардың бірі, ол «Востокмашзавод» АҚ, «Керамика», «Нефтегазмаш» зауыттары, «Қазцинк» ЖШС, «ҮМЗ» АҚ, «ТМК» АҚ сынды ірі өндіріс орындарына қызмет көрсетеді.

2002 жылдан бастап №7 және «ТМК-220 кВ» подстанцияларында құрал-жабдықтарды толық жаңғырту жүргізілген болатын. Ескі құрал-жабдықтар алынып тасталып, олардың орнына «СИМЕНС» фирмасының жаңа құрал-жабдықтары орнатылды, осылайша бірқатар мәселелерді шешуге мүмкіндік берді.
Заманауи озық технологиялық құрал-жабдықтар тұтынушылардың электр қуатын үздіксіз алуын және энергия жүйесінің апатсыз жұмысын қамтамасыз етеді. Релелік қорғаныштың және басқарудың жаңа терминалдары жұмысты қашықтықтан басқаруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде қызметкерлердің оперативтілігі артты.

– Сіздердің қызметкерлеріңіз осындай жоғары технологиялық құрал-жабдықтармен жұмыс істеуге қаншалықты дайындалған?

– Мамандардың барлығы дерлік арнайы оқыту курстарынан өткен және «СИМЕНС» фирмасының сертификаттарын алған. Мұнымен қоса, біздің мамандар арнайы курстарда біліктіліктерін тұрақты түрде көтеріп тұрады. Мәселен, мен де Венеция еліне барып, білім алып келдім. Бұл біздің мамандарымыздың еуропалық энергетика нарығының стандарттарына сәйкес келуіне мүмкіндік береді. «Шығыс ЖЭТ» филиалы қызметтерінің үйлесімді жұмысы тұтынушыларды электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Біздің салада мамандардың кетуі деген түсінік жоқ. Еңбекақы тұрақты беріледі. Компания қызметінің нәтижелілігіне орай сыйақы да алып тұрамыз, – дейді Дүзжан Тойболдинов.

– Филиалдың құрылу, қалыптасу жолдары есіңізде қалды ма?

– Әрине, олар қалай ұмыт болсын. Қиыншылықтар болды. Орталық ТЭЖ-дер ойламаған жерден құрылып жатты. Бастапқыда не меншік жер, не алаңқайлар, не көлік-техникалар болмады. Жұмысқа жаяу қатынайтынбыз, тіпті Ертістің сол жағалауынан да жаяу келіп жүрдік. Бірақ «KEGOC» АҚ басшылығының ұзақ мерзімге ойластырылған іс-шаралардың арқасында, орталықтағы мәселелер кезең-кезеңімен шешімін тауып, электр желілері жаңартылды, заманауи озық құрылғылар орнатылды, жұмыскерлердің әлеуметтік жағдайлары да едәуір жақсарды. Нәтижесінде көптеген монтаждық ұйымдардың қызығатындай қажетті механизмдермен толық қамтылдық. Мәселен, 35 метрлік биіктікке дейін көтеретін гидрокөтергіштері бар қаладағы бірден-бір энергетикалық компаниямыз, -дейді Дүзжан Қамашұлы.

Жалпы «KEGOC» АҚ компаниясы 20 жыл ішінде атқарған жұмыстары орасан. 2016 жылдың 6 желтоқсанында жалпыұлттық телекөпір барысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Солтүстік – Шығыс – Оңтүстік транзит 500 кВ жоғары вольтті желісінің құрылысы» (шығыс транзиті) көлемді инвестициялық жобасының бірінші кезеңін іске қосуға келісімін берді. Осы жоба аясында жалпы қашықтығы 700 шақырымдық «Екібастұз – Семей – Өскемен» 500 және 220 кВ жоғары вольтты әуе желілері (ӘЖ) және 500 кВ «Семей» жаңа қосалқы станциясы салынған болатын, сонымен қатар, жұмыс істеп тұрған «Екібастұз», «Өскемен» қосалқы станцияларын, Шүлбі СЭС-інің тарату құрылғысын кеңейту бойынша жұмыстардың айтарлықтай көлемі орындалды.

«KEGOC» АҚ 2025 жылға дейінгі кезеңге арналған ұзақмерзімді даму стратегиясы жаңа жобаларды іске асыру арқылы Ұлттық электр желісін (ҰЭЖ) дамытуды қарастырады. Электр энергиясын таратуға арналған маршруттардың айтарлықтай қашықтығын ескере отырып, компания тұрақты ток электр желілерінің құрылысын көздеуде. Қашықтығы 800 шақырымнан асатын мұндай электр желілері дәстүрлі ауыспалы ток желілері алдында басымдыққа ие және айтарлықтай алыс қашықтыққа қуаттың үлкен көлемін таратуға мүмкіндік береді. Ұзақмерзімді перспективада тұрақты ток электр желісін салу Қытайдан Еуропаға, Иранға қысқа жол ретіндегі Қазақстанның транзиттік және экспорттық мүмкіндіктері үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.

– Бастан-аяқ құрылу, қалыптасу жұмыстарына қатысқан компанияңызбен мақтанатын шығарсыз?

– Әлбетте! 20 жыл ішінде үлкен белестерден өттік, компания толағай табыстарға қол жеткізді, менің де еңбектерім бағаланып, бірнеше марапаттарға ие болдым. Компаниямды мақтан тұтамын, өз ісімді сүйемін! – дейді Дүзжан Тойболдинов.

Андрей Кратенко
Өскемен.

Осы айдарда

Back to top button