Қоғам

Шығыстың туристік әлеуетін тиімді жарнамалау қажет

Шығыстың туристік әлеуетін тиімді жарнамалау қажет

Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ төрағалығымен өткен кеңесте өңірдің туристік әлеуетін көтеру, су қоймаларының ахуалын жақсарту, ата-ана қамқорлығынсыз және жетім қалған балаларды қолдау бойынша кешенді жоспарды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

Демалыс күндері саяхат ұйымдастыруға тапсырма берді

Осыдан екі жарым ай бұрын ғана құрылған туризм және сыртқы байланыс басқармасына артылған жүк қомақты. Яғни, шығыс өңірінің туристік әлеуетін арттыру және халықаралық істерді үйлестіру – аталған басқарманың мойнында. Бүгінде өңірде туристік саламен айналысатын 8 фирма, 25 жеке кәсіпкер тіркелген. 2010 жылдан бері аймаққа туристердің келуі орта есеппен 7-8 пайызға артқан. Мәселен, 2012 жылы шығысқа 4300 турист ат басын бұрыпты. Биыл бұл көрсеткіш тағы артады деп жоспарлануда. Оның ішінде Ресейден келетін туристердің үлесі 75 пайызды құрайды. Бұқтырма, Алакөл және Катонқарағай ресейліктер арасында кеңінен танымал. Осыған орай, көрші елден келетін туристерді молынан тарту үшін шекаралық бекеттен өту жолдарын жеңілдету қарастырылу үстінде.

Басқарма басшысы Ержан Сембиновтің айтуынша, елордада өткен көрмеге қойылған туристік үздік жобаларға арналған 10 жүлденің жартысын Шығыс Қазақстан жеңіп алыпты. Осы орайда үздіктер қатарынан көрінген Катонқарағай ауданының үш жобасы, Жарма және Зырян аудандарының екі жобасы Индустрияландыру картасына қосылуы мүмкін. Алайда, Жарма ауданының жобасына қатысты жер телімі мәселесі әлі шешімін таппаған екен.

Облыс Әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаев жуырда туристік саланың түйткілді мәселелері қамтылған жиын өткенін жеткізді. Жиында айтылған келелі істің бірі – ішкі туризмді дамыту. Мәселен, демалыс күндері туристік саяхаттарды ұйымдастыру. Әсіресе, Риддер, Курчатов, Зырян іспетті бағыттар тиімді. Көлік және білім беру басқармалары оқушыларды демалыс күндері аталған өңірлерге апаруды ұйымдастырса, игі болар еді. Мәселен, жұма күні оқушылар пойызбен Риддерге шықса, жексенбіде қайтадан облыс орталығына келуіне мүмкіндік бар. Риддер қаласы әкімі, туристік компаниялар өкілдері де құптаған оқушылар саяхатын мемлекеттік бағдарламалар желісі арқылы оңтайлы жүзеге асыруға болады.

– Мемлекеттік бағдарламалар мен қаржы көздерін туризмді дамытуға арнауымыз қажет. Демалыс күндерді туристік мақсатта пайдалану туралы бастаманы тек облыс орталығында емес, басқа да қалалар мен аудандарға да енгізу керек. Зырян мен Риддерге баратын пойыз бағытын бюджеттен субсидияласақ та, тиімді пайдалана алмай келеміз. Жеңілдікті зейнеткерлер ғана қолданады. Сондықтан, оқушылардың аталған орындарға бару кестесін жасау қажет, – деді облыс Әкімі.

Аймақ басшысы туристік мақсатта пайдалануға берілетін жер телімінде мәселе туындамайтынын, Үржар ауданы әкімінің Алакөлдің туристік әлеуетін көтеру мақсатында мемлекеттік мекеме құру туралы бастамасын қолдайтындығын айтты. Катонқарағай мен Зырян аудандары әкімдеріне де осы бағытта ойлану керектігін тапсырған өңір басшысы:
– Себебі, біз демалушыларға жағдай жасауымыз керек. Әсіресе, демалыс аймағының тазалығын сақтау, көгалдандыру, безендіру және тағы басқа толып жатқан жұмыстарын тиімді үйлестіру үшін қажет деп ойлаймын, – деді.
Облыс Әкімі туристік нысандарды насихаттау бойынша қандай жұмыс атқарылып жатқанын сұрады.

– Қазіргі таңда Шығыс Қазақстан облысының туристік орындары туралы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде фильм, кітап, буклеттер дайындалып жатыр. Аталған насихат құралдары елшіліктер арқылы шетелдерге таратылмақ. Алдағы 5-7 желтоқсанда Ресейдің Алтай аймағында халықаралық туризм көрмесі өтеді. Оған көп елдерден қонақтар келетіндіктен, көрмеде туристік әлеуетімізбен таныстырып, іскерлік байланыстар орнатуды көздеп отырмыз, – деді Ермек Көшербаев.

Сондай-ақ, 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күніне орай, облыс орталығының жанындағы демалыс орындарының бірінде қала тұрғындары мен қонақтары, балалар үйінің тәрбиеленушілерінің қатысуымен қысқы туристік маусымның ашылуы салтанатты түрде атап өтілмек.

Облыс көлемінде 245 туристік демалыс орны бар. Алайда, оның ішінде 114 нысан ғана жыл бойы үздіксіз жұмыс істейді. Сондықтан демалыс базаларының үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету де маңызды мәселе болып отыр.
– Біз Шығыс Қазақстан облысының аумағына келетін туристердің нақты есебін біліп отыруымыз керек. Қалалар және аудандар әкімдері туристерді тіркеу жүйесін жолға қоюы қажет. Оның ішінде шетелдік туристердің үлесін білуіміз тиіс. Туризмді насихатсыз алға жылжыту мүмкін емес. Ұшақта көз қызықтыратын түрлі-түсті суреттерді көресің. Сол сияқты Шығысымыздың ғажап орындарын тиімді насихаттай білуіміз керек. Туризмді үлкен жарнамалық маркетингісіз дамыту мүмкін емес, – деді аймақ басшысы.

Жетім балалар баспанамен қамтылады

Облыстық білім беру басқармасының басшысы Асқар Нұрғазиев жетім және қараусыз қалған балаларды патронаттық тәрбиеге алу және асырап алу бойынша әр ауданда атқарылған жұмыстардың көрсеткішімен таныстырды.
Басқарма басшысының айтуынша, 2012-2013 жылдары 352 бала Қазақстан азаматтарының асырап алуына берілген екен. Оның басым бөлігі Өскемен (118), Семей (126) қалалары мен Зырян (13), Аягөз (10), Жарма (10), Үржар (17) аудандарына тиесілі. Бүгінде облыста патронаттық ұйымдар саны – 917. Бірақ олардың 61,2 пайызы бюджеттік ұйымдарға жатады.

Облыста жетім балаларды қолдау мақсатында кешенді жоспарлар жүзеге асырылып келеді. Соның бірі – «Мейірім» акциясы. Аталған акция шеңберінде ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар кәсіпкерлердің қамқорлығына алынады. Олар баланың «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкіндегі» есепшотына қаржы құяды. Кәмелеттік жасқа жеткенде аталған қаржы тұрғын үй заемы есебінде төмен пайыздық үстемемен жеке пәтер сатып алуға жұмсалатын болады.

Үш жылға белгіленген жоспар бойынша биыл 62 бала баспанамен қамтамасыз етілуі қажет болатын. Осы уақытқа дейін мемлекеттік тұрғын үй қоры мен өзге де көздер арқылы 43 баспана беріліпті. Дегенмен, тұрғын үйдің басым бөлігі «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша тұрғызылған. Бұл – аталған мәселені тиімді шешпейтіндігін, жетім балаларды баспанамен қамтуға жеке демеушілер есебінен қаржы қарастырылуы қажет екенін жеткізген аймақ басшысы:

– Жыл соңына дейін жоспарланған тұрғын үймен қамтуымыз қажет. Қала және аудан әкімдерінің жұмысы осы мәселеге демеушілер табуымен бағаланады, – деді.

Облыс Әкімі жетім балаларды патронаттық тәрбиеге алу бойынша шағын және орта кәсіпкерлік пен банктің үлесі 15 пайызды ғана құрайтынын, бұл білім беру басқармасы жұмысының сылбырлығын көрсететінін айтты.

– Әр қала мен ауданға іссапарға шығып, «Мейірім» акциясы бойынша жұмыс жүргізу керек болатын. Ірі шаруа қожалықтары жетекшілерімен, фермерлермен, шағын және орта кәсіпкерлермен кездесу керек еді. Біз санаулы қалалар мен аудандарға барып, шаруаны біттіге санаймыз. Бұлай болмайды, – деген облыс басшысы ешқандай қолдаусыз қалған 88 баланың жыл соңына дейін тиісті көмектермен қамтылуына тапсырма жүктеді.
Басқарма басшысының айтуынша, облыс көлемінде отбасылық типтегі балалар үйі жоқ. Осы олқылықтың орнын толтыруға «Қазцинк» мекемесі ұсыныс білдіріп отыр. Аталған кәсіпорын басшылығы Риддер қаласындағы «Синегорье» демалыс базасын коммуналдық меншікке беруге ниет танытқан. Бірақ ғимаратты алу бар да, оны әрі қарай қаржыландыру бар.

– Сөзден іске көшетін кез жетті. Қағазды бұрқырата бермей, нақты жұмыс істеу керек. Балалар үйінің азаюын құптаймын. Әр бала туғаны болмаса да, ата-ана қамқорлығын көріп өсуі қажет. Бірақ балаларды шетелдіктердің тәрбиесіне бермей, өзіміз асырап алуымыз керек. Әр бала біздің назарымызда болуы тиіс. Оларды тұрғын үймен және жұмыспен қамту мәселесін тиімді шешу керек, – деді облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ.

«Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» облыста 1 326 балаға қызмет көрсетеді. Жалпы есебі 4 млрд. 560 млн. теңгеге келісім жасалған. Келісімшарттың орташа көлемі – 3 млн. 439 мың теңге. Аталған банктегі жеке есепшоты арқылы жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар демеушілерден көмек ала алады. Бұл нәтижесіз де емес. Бүгінде 112 мллион теңгеден астам қаржы жинақталған. Бұл қаражат тәрбиеленушілердің балалар үйінен шыққан соң тұрғын үй сатып алуына пайдаланылады.

Дегенмен, банк филиалының директоры Нұрлан Күзембаевтың айтуынша, демеушілер әлеуметтік көмек көрсету туралы келісімшарт жасағанымен, бекітілген жарнаны есепшотқа құймайды. Балалардың құқығын қорғау басқармасының көмегімен жұмыс біраз алға жылжығанымен, көптеген қала және аудан әкімдіктері тек қағаз жүзінде «жақсылық» жасаумен қалып қоятыны жасырын емес. Патронаттар туралы жекелеген мәліметтер алу да қиын болып тұр.

Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ өзінің орынбасары Жақсылық Омарға, облыстық білім беру және балалардың құқығын қорғау басқармаларына нақты тапсырмалар жүктеп, аталған жұмыстардың негізгі үйлестірушілері екендігін атап өтті.

Су қоймалары талапқа сай ма?

Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қалихан Байғонысовтың айтуынша, Шығыс өңірі су ресурстары жағынан елімізде алдыңғы орында. Тек Ертіс өзенінің бассейнінде 13200 тонна су ағыны, Балқаш-Алакөл бассейнінде 198 өзен бар. Ертіс өзеніндегі су ағыны Ертіс, Бұқтырма, Өскемен және Шүлбі су қоймалары арқылы реттеледі. Сондықтан Ертістен келер қауіп жоқ. Дегенмен, басқа су қоймаларында қатер жоқ емес. Биыл тамыз айында Катонқарағайда орын алған сел қаупі кез келген уақытта өзге орында қайталануы ықтимал. Яғни, «сақтықта қорлық жоқ».

Бұл ретте өңірдегі су қоймалары мен олардың меншік иелерін есепке алу бойынша іргелі жұмыс жүргізілді. Атап айтқанда, өңірде 203 гидротехникалық құрылым есепке алынған. Оның ішінде 102 су қоймасы «Шығыс су қоймалары» мемлекеттік мекемесінің, 70 су қоймасы республикалық меншіктің қарауына алынғаны анықталды. Жеке меншікке жиырмадан астам су қоймалары қарайды. Дегенмен, өз баланстарына берілген су қоймаларын қабылдау жауапкершілігінен қашып отырғандар да бар.

Облыс басшысы барлық су қоймаларын есепке алып, құжаттау жұмыстарын толығымен аяқтау керектігін, осы арқылы республикалық бюджеттен бөлінген қаржыға тозығы жеткен су қоймаларына жөндеу жүргізу керектігін атап өтті.

– Қыс басталып келеді. Ертең кездейсоқ су деңгейі көтеріліп кетсе, суды қабылдайтын қоймаларымыз болуы керек. Сондықтан қай аудандарда қиындық бар, сол жердегі су қоймаларының жағдайын жіті тексеруіміз қажет, – деген облыс басшысы республикалық ведомстволардың кейбір ұстанымдарына сын айтып, олардың облыс мүддесіне жұмыс істеуін қатаң ескертті.

Думан Анаш

Осы айдарда

Back to top button