Мәдениет

Кеңдігіңді қайтейін, кем дүние…

Кеңдігіңді қайтейін, кем дүние...


Қамал бұзар қырықтың ішіндегі жігіт ағасымен Шығыс Қазақстан өнер мұражайының көрме залында әңгімелесіп отырмыз. Мен сұрағымды қағазға жазам, ол ауызша жауап береді. Әңгіме арасында бірдеңені нақтылай түсу үшін мен оның сөзін ыммен тоқтатып, қолыма тағы да қағаз бен қалам аламын… Сұхбаттасым – республикалық саңырау суретшілер ассоциациясының бұрын болған, қазір жоқ Өскемен филиалының төрағасы, қылқалам шеберлері арасында танымал суретші Марат Смаилов.

АЛМАС ҚАНЖАР ҚАП ТҮБІНДЕ ҚАЛМАЙДЫ

Баланың салған суреті! Қаншама қиял, ұшқыр ой, тапқырлық. Әлемге деген сондай бір пәк көзқарас, айнала өмірге өзгеше бір қырынан қарау. Дала гүлінің әдемілігі, аттың шабысы, ағаштың бүрлеуіне дейін оларды қандай қуанышқа бөлейді десеңізші… Үлкен өнердің баспалдағына бала дарын осылай қадам басады екен.

Баласының суретке әуестігі оның болашақ ғұмырына айналатындығын Әділғазының жүрегі сезуші еді. Мамандығы инженер-механик болғанымен, өзі де колхоз клубын безендіруге белсене қатысып жүретін. Алланың ісіне шарасы бар ма, баласы мүлде естімейтін болып туды. Сондықтан Маратының айналдыратыны – сурет салу. Қағазын, бояуларын тауып беріп, өзі бағыттап, қадағалап отырады. Ұйып отырған отбасының осы күндерін де көп көргендей Жаратқан ие жан жары Төлеуді де араларынан тым ерте алып кетті. Аналарының аялы алақанынан Мараты бесте, Жанаты екі жасында айырылып қалған еді.

Әділғазы Маратын алдымен Алматыдағы арнаулы мектепке апарған. Жұмыстағы адамға ол жаққа қатынап тұру қиын болғандықтан, атамекені Самардың Көкжырасынан Зырянға көшіп барып, ұлын сондағы есту қабілетінен айрылған балалардың арнаулы мектебіне берді.

Сурет өнеріне шындап бет бұруы сол Зырянда басталды. Мұның ерекше қабілетін байқаған мұғалімі Тамара Васильевна Чурсина Маратты сондағы бейнелеу өнері мектебіне жаздырады. Ол мектепті үздік бітірген Марат Смаилов Бүкілодақтық саңыраулар қоғамының Ленинградтағы көркемсурет политехникумына оқуға түседі. Оған да Әділғазының өзі апарып, баласына сәттілік тілеп қайтқан болатын.

¬- Суреттегі негізгі тәсілім – графика. Мені академиялық сурет салу тәсілінен осы графикаға ауыстырған – политехникумдағы Алексеев деген тамаша ұстазым еді, – дейді сонау алыста қалған студенттік шағын бір сәтке есіне алған шебер.

Қайта құрудың қарбалас кезеңінде елге оралған суретші біраз уақыт кеңселерді әрлеу, интерьерлерді әсемдеу сияқты ұсақ-түйек жұмыстармен айналыса жүріп, әр деңгейдегі көрмелерге қатысты. Оның суреттерін Өскеменнің, Зырянның, Алматы мен Астананың өнерсүйер қауымы тамашалаған болатын кезінде.
2001 жылы Маратты Ресей ұлттық мәдени одағы Мәскеуде өткен саңырау өнер қайраткерлерінің халықаралық конкурсына шақырған болатын. Ал оның жеңімпаздары Римдегі халықаралық фестивальға қатысатын.

– Барғым-ақ келіп еді, қолдың қысқалығы жібермеді. Барып келгендермен хабарласқам, Рим папасының өзі қатысып, қомақты сый-сияпатпен оралған көрінеді. Әрине, өкінішті, – деп суретші екіұштылау жымиды.

КӨК КҮМБЕЗДІҢ ЖЕРГЕ ЖЕТКЕН КҮМБІРІ

Мараттың шеберлік қолтаңбасы ерекшелеу. Майлы бояу, темпере, акварельмен жұмыс істейді. Ал шығармаларының негізгі тақырыбы – тамыры сонау есте жоқ ескі замандағы аласапыран ахуалдарды бастан кешкен халқымыздың ұлттық нақыштары. Міне – асып алған садағы, қолында оңтайлы оққағар қалқаны, сайын даладағы балбал тастардың арасымен шапқан жауға қарсы сүлік қарасымен құстай ұшып келе жатқан «Батыр»… Жүк артқан түйені шөгеріп тастап, селеулі далада домбырасын күмбірлете шырқап отырған «Ақын»… Еуразияның Ұлы даласының кіндік мекені – бүкіл қазақ жерін өзінің ерекше әуеніне бөлеп жатқан «Көне қобыздың үні»…

Марат өзінің жұмыстарында әсем әуенді, сиқырлы сазды жиі бейнелейді екен. Иә, суретші өзі өмірі естіп көрмеген ішкі сезімінің әуенін пластикалық формадағы образдар арқылы бейнелеуге, басындағы маза бермей, толас таппай тұратын музыканы түрлі штрихтар арқылы, бояудың сан түрлі түстері арқылы бейнелеуді тамаша меңгеріп алған.

«Әуен сізге қалай естіледі?» деген сұрақ сұхбаттасымның көңіліне келіп қалар деп, алдымдағы бір жапырақ қағазға «Мына сурет қалай салынды?» деп мұражай қабырғасында ілініп тұрған «Көк күмбезіндегі музыкант» атты оның қияли суретін ымдадым. Суретшінің сынық жүзінен өмір бойы санасынан кетпеген сартап сағыныштың іздерін байқағандай болып, оның әңгімесін қағазға түсірдім.

… Толысқан айдың сәулесі маңайын өзінің сүт нұрына малып тұр. Сұп-сұрғылт бетон үйлерден аулағырақ, қырға шықты. Есіне өзінің Көкжырасы, іші де, сырты да бүгінгі ай нұрындай аппақ жер үйлері түсті. Анасының қазір кекілін сипап тұрғандай жып-жылы алақаны мен мұны мейірлене иіскегені көз алдына келді. Анасы сондай сымбатты, қолаң шашы толқындана төгіліп тұратын. Жүзі осы ай сәулесіндей аппақ болды-ау деймін. Одан асқан сұлу, одан асқан мейірімді адам жоқ еді Марат үшін. Бес жасар баланың есінде қалғаны – осы ғана… Бақида тіршілік болса, Төлеу ананың рухы да көк жүзінен бақылап, мұны жебеп жүрген болар. Суретші жігіттің басындағы күңгірлеген дыбыстар бірте-бірте әсем де сазды бір әуенге айналып, сонау көз жетпес көк жүзіне қалықтап бара жатқандай. Мұның аласапыран көңіл күйін байқаған жан анасы анау көгілдір күмбезден өзінің әлдиімен жұбатып тұрғандай. Жоқ, жалғыз Маратты емес, Төлеу ана сонау беймәлім биіктегі ғарыштан өзінің әдемі әуенімен бүкіл әлемді тербетіп тұрғандай… Суретші үйіне бұрылды. Еміс-еміс ой туды. Жақсы бір суреттің нобайы келді көңілге: анасына деген қолқаны суырып алардай сартап сағыныш, шексіз кеңістік, ай, әсем әуен…эскизін тезірек қағаз бетіне түсіруге асықты… Мен ойда қалған сауалыма да, жазбаша сұрағыма да жауап алғандай болдым.

Бір кездері осы Өскеменде республикалық саңырау суретшілер ассоциациясының филиалы құрылып, Марат Смаилов сол филиалдың төрағасы болып, мүгедек суретшілер арасында біршама игі істер атқарылған еді. Республикалық ассоциация да, бірқатар облыстық бөлімшелер де осы күнге дейін жұмыс істеп жатыр. Ал Өскемендегі филиал жалға, салыққа төлейтін ақшалары болмағандықтан, осыдан оншақты жыл бұрын-ақ құрдымға кеткен.

Мараттың әйелі Елена да суретші, екеуі үш бала өсіріп, тәрбиелеп отыр. Қазір екеуі де жұмыссыз, ІІІ топтағы мүгедектіктеріне алатын мардымсыз ақшаларына өмір сүріп, сол қаражатпен балаларын ақылы колледжде оқытып отыр. Жұмыс табу сау адамға да оңай емес. Марат біраз қиналды, сандалды, кейбір адамдардың пәтеріне жөндеу жүргізумен де айналысты. Қалалық еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне де барған, аяғына дейін жеткізіп, нәтиже шығара алмады. Сол мекемеде Марат сияқты мүгедектерге арнайы техникалар бөлінеді екен. Өткен жылы олардан телефон, факс алған. Енді компьютер мен вибросағаттың кезегінде тұр. Бірақ оның қашан келетіні белгісіз.

Әңгімеміздің соңында бір парақ ақ қағазға «Шығармашылығыңыз қалай, қандай суреттер салып жатырсыз, нендей арманыңыз бар?» деп жазып, Мараттың алдына қойдым. Оның таңдана бұрылған шаршаңқы жүзінен сауалымның орынсыздау болғанын аңғардым. Дегенмен, табиғатынан биязы жігіт ағасы қинала отырып, жауабын берді:

– Өнердегі менің басты тақырыбым – халқымыздың тарихы. Дәл қазір «Жібек жолы» деген бір дүниені қолға алып едім. Сенсеңіз – бояу, қағаз, кенеп тіпті, дұрыс қылқалам алуға ақша жоқ. Сондықтан ол жұмыстың қашан аяқталарын өзім де білмеймін. Қағазға салынған біраз суреттер бар, бірақ оларды дұрыстап рамаларға орнату үшін де біраз қаражат қажет. Біз отбасымызбен 38 шаршы метр ғана үйде тұрамыз. Шығармашылықпен айналысуға ешқандай мүмкіндік жоқ. Қаражат жағынан көмек берер қайырымды меценаттар, демеушілер болса, билік басындағы азаматтар бір шеберхана тауып берсе – ештеңеге алаңдамай, жанымды салып шығармашылықпен айналысар едім, – деп қамыға күрсінді суретші жігіт.

Айтмұхамбет Қасымов,
журналист

Кеңдігіңді қайтейін, кем дүние...
Кеңдігіңді қайтейін, кем дүние...

Редакциядан: Он екі мүшесі сау адамның өзін тығырыққа тірейтін кездері аз болмайтын мынау алмағайып заманда мүгедек суретші Марат Смаиловтың жағдайын билік басындағы лауазым иелері, қолы ашық меценаттар, облыстық мәдениет басқармасының басшылығы жете түсініп, мүмкіндігінше көмек қолын созар деп үміттенеміз. Шығыс өңірі тума таланттарға кенде емес. Марат – солардың бірі болса да, бірегейі. Оның шығар биігі мен алар асулары алда. «Шеберханам жоқ» – деп налымай-ақ, әлі талай ғажап туындыларын дүниеге әкелеріне күмән жоқ. Елдегі атқамінер атымтай азаматтар аман болса, шеберхана мәселесі де шешіліп қалар.

Жігерің жасымасын, Марат!

Осы айдарда

Back to top button