Кедергілер азайып, мүмкіндіктер көбейді

Облысымызда жеке және заңды тұлғалардан өтініштерді қабылдау бойынша қанатқақты жоба қолға алынды. Жобаның алғашқы таныстырылымы Өскемендегі Белинский көшесінде орналасқан Тұрғындарға қызмет көрсету орталығында өтті.
Бас прокуратура әзірлеген «Тиімді шағымдар қоғамына» жобасын іске асыру аясында 1 қарашадан бастап облыс аумағында «Электронды үкімет» порталының көмегімен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы жеке және заңды тұлғалардан өтініштерді қабылдау бойынша қанатқақты жоба іске асырыла бастады.
Енді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының (Тұрғындарға қызмет көрсету орталығы) кез келген филиалында сала қызметкерлері азаматтарға электронды сандық қолтаңбаны пайдалана отырып мемлекеттік органға өтініш жазуға және жолдауға көмектесетін болады.
Егер өтініш берушіде электронды сандық қолтаңба болмаса, оны бірнеше минут ішінде Тұрғындарға қызмет көрсету орталығынан алуға болады. Ол үшін жеке куәлік қана қажет.
Өтініштерді қабылдау «Электрондық үкімет» порталының «Электрондық өтініштер» сервисі арқылы іске асырылады.
– Бұл бастаманың қарапайым тұрғындарға берері не? Біріншіден – қолжетімділік. Кез келген уақытта және кез келген жерден азаматтар электронды сандық қолтаңба арқылы өз өтініштерін тиісті мемлекеттік органға жөнелте алады. Екіншіден – ашықтық. Өз өтінішінің қаралу дәрежесін онлайн бақылау және жауапты «үйден шықпай-ақ» порталдан алу мүмкіндігі. Үшіншіден – қаржылық шығын қажеттілігі жоқ. Өтініш сіз тұрып жатқан өңірден тысқары аумақтағы тисті органға бірер минутта-ақ жіберіледі. Төртіншіден – шенеунік пен азаматтың көзбе-көз қарым-қатынасы болмайды. Бұл жеморлықтың алдын алады. Бесіншіден – шағымның тиісті органға жедеқабыл жетуі азаматтың құқықтарын қорғау шарасын едәуір жеделдетеді, ал бұл – өте маңызды, – дейді жобаны таныстырған Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті басқармасының аға прокуроры Эльвира Сүлейменова.
Жоба тұрғындардың өзекті мәселелерін шешу кезіндегі кедергілерді азайтуға бағытталған.
Тұрғындардың өтініштері, оның ішінде арыз-шағымдары бостандық индикаторы, әлеуметтік жағдайдың өлшемі, мемлекеттік басқаруды жетілдірудің құралы болып табылады.
Осы ретте 17 ғасырда өмір сүрген ағылшын ақыны және ойшылы Джон Мильтонның мына бір сөздерін айта кетпеске болмайды – «Мемлекеттің мықтылығы азаматтары тарапынан арыз-шағымдардың аздығымен өлшенбейді, азаматтарының кез келген шағымы мұқият тыңдалатын, тиянақты талқыланатын және жылдам әрі әділ шешілетін мемлекет қана мықты болып танылмақ».
Жалпы еліміздің құқықтық саясаты тұжырымдамасында «азаматтардың мемлекеттік органдарға және мемлекеттің лауазымды тұлғаларына жүгіну тегершіктерін жетілдіру қажет» делінген. Бастау алған жоба – осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі.
Ержан Әбіш