Кедергілердің күрмеуін шешуге көңіл бөлінбек
Кеше облысқа Парламент Мәжілісінің депутаты Жанат Омарбекова жұмыс сапарымен келіп, өңірдегі туризм саласының өзекті мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өткізді.
Жанат Әнуарбекқызының айтуынша, елімізде 2025 жылға дейін қабылданған туризм саласын дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында кейбір осы салаға қатысты заңнамалық актілерге де өзгерістер енгізу қарастырылған.
- Елімізде туризмді дамытуға айрықша көңіл бөлініп келеді. Еліміздің байтақ екендігін білесіздер. Соған қарамастан әр өңірде туризмді дамытуға қажетті инфрақұрылымдарға көңіл бөлініп келеді. Дегенмен еліміздің әр өңірін қамтыған туризмді дамытуға қолайлы топ ондығын белгілеудегі мақсат 2025 жылға дейін осы нысандарды дамытуға күш салу болатын. Оған қаржылық қолдаумен қатар, заңнамалық тұрғыдан қандай кедергілер бар екендігін естіп, қажет болса өзгертулер енгізу қажеттігін басшылыққа алдық. Бұл Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған негізгі басымдықтардың бірі болатын. Елбасы да алдағы бес жылда туризм жалпы ішкі өнімнің сегіз пайызын құрау керектігі жөнінде де тапсырма берген. Бүгінгі дөңгелек үстел өңірдегі туризмді дамытуға заңнамалық тұрғыдан тосқауыл келтіріп тұрған мәселелерді анықтауға себеп болады деген ойдамын,-деп атап өтті депутат.
Жалпы, Шығыста туризм саласы соңғы жылдары қарқынды дамып келеді. Оны өз сөзінде туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Марат Қабақов та атап өтті. Оның айтуынша, өңірде ең алдымен туристерді жайғастыру орындары көбейіп, саны 700-ге жеткен. Бұл жағынан облыс елімізде көш бастап тұр. Туристер саны да 600 мыңды құрап, оларға өткен жылы алты млрд. теңгенің қызметі көрсетілген.
Сондай-ақ Марат Қабақовтың айтуынша, топ ондыққа енген Алакөл жағалауын абаттандыруды жалғастыру, әлемдік көрсеткіштерге жақындату мақсатында үш және төрт жұлдызды қонақүйлер үшін 60 гектар жерді инвестициялық жобаларға беру жоспарланған.
Алакөл жоспарға сай дамып келе жатқанымен, өзге нысандардың көш түзеуіне заңнамалық кедергілер жоқ емес. Дөңгелек үстелге қатысқан мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері оны отырыс барысында ортаға салды.
«Батыс-Алтай мемлекеттік қорығы» мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары Григорий Наговициннің айтуынша, мұнда инклюзивті және өзге де әлеуметтік туризмді дамытуға мүмкіндік мол. Алайда қорық ерекше қорғалатын аймақ саналатындықтан, оған тек бір тәулікке кіруге рұқсат берілген.
- Жалпы, қорықтың төрт туристік маршруты бар. Келушілер, қызығушылық танытушылар көп. Алайда мұндағы туризм маусымдық болып саналады. Сондай-ақ қорыққа кіруге тек бір тәулікке рұқсат берілгендіктен мұнда туризмді дамытудың болашағы бар деу артық. Қорыққа қарай тартылып жатқан электр желілері жағдайды жақсартқанымен, дәл қорық аумағында әлеуметтік туризмді дамытуға бұл жеткіліксіз. Өткен жазда қорықтағы туристік маршруттар бойынша мүмкіндігі шектеулі балаларды серуендеттік. Таза ауа, тұмса табиғат олардың көңіл күйлері мен денсаулықтарына оң әсерін тигізгендігін ата-аналары байқаған. Тау-шаңғы туризмін дамытуға да бізде мүмкіндік бар. Алайда маусымдық туризмге жатқызылуымыз бұған кедергі,- деп атап өтті ол.
Сондай-ақ Шығыс Қазақстан туристік ассоциациясының атқарушы директоры Серік Жүнісов облыстағы туристік нысандардың дамуын тұсап тұрған жалпы заңнамалық кедергілердің он шақты түрін атап өтіп, арнайы ұсыныс хатты депутатқа ұсынды.
Олардың қатарында жеке бизнес өкілдерінің жағажайға шлагбаум қоюға рұқсат беру, жол бойында туристік нысандар салу мүмкіндіктерін қарастыру сынды ұсыныстар бар.
«Алтай Альпілері» тау-шаңғы базасының иесі Александр Чиликин туризмді дамытуды мақсат етуші бизнес өкілдеріне жерді жалға емес, меншікке беру мәселелерін қарастыру қажет екендігін алға тартты. Немесе жалға берудің ережелерін жұмсарту қажет. Оның айтуынша, көптеген қаржы салынған жерді мемлекет ұсақ-түйек құқық бұзушылықтар үшін де қайтарып алуы мүмкін. Кәсіпкерлер сол жерге инвестиция салуға осы баптан ығады.
Лаура Тілеубайқызы