Кең тынысты кеніш

Екі жыл. Тұп-тура екі жылдан соң, Ақтоғай тау-кен байыту кешені еліміздегі мыс өндіретін ең ірі кәсіпорынның бірі әрі бірегейіне айналады. Көрде тұр. Аягөз ауданына жасаған жұмыс сапарында облыс әкімі Даниал Ахметов осыны айтты.
«Kaz Minerals» Тобы Директорлар кеңесінің төрағасы – Олег. Новачук ұсынған деректерге сүйенсек, биылғы тоғыз айда аталған кешенде 95,4 мың тонна мыс өндіріліпті. Жыл соңына дейін бұл межені 110-130 мың тоннаға дейін жеткіземіз деп отыр ақтоғайлықтар.
– Ақтоғай бассейнін дамытудың ең маңызды кезеңін бастадық. Қазіргі уақытта екінші фабриканың құрылысы жүргізілуде. Бұл өңірді айтпағанда еліміз үшін аса маңызды жоба. Құрылыс жұмыстары екі жылдың ішінде толық аяқталады. Нәтижесінде Ақтоғай еліміздегі аса ірі мыс өндіруші кәсіпорынға айналады. Жобаның құны 1,2 млрд. доллар. Алдағы уақытта мұнда шетелден техникалар жеткізіледі, – деп атап өтті аймақ басшысы.
Қазіргі күні Ақтоғай кенішіндегі сульфидтік кен өңдеудің жылдық қуаты 25 млн. тонна болса, екінші фабриканың іске қосылуымен бұл көрсеткіш 2021 жылдың соңына қарай 50 млн. тоннаға жеткізілмек. Бір айта кетерлігі, кәсіпорын кен өндіру ісінде әлемде баламасы жоқ индустрия 4.0 цифрлық техникасының бірегей үлгісін қолданады.
Бизнестің әлеумет алдындағы жауапкершілігін бек сезінетін «KAZ Minerals» компаниясы «Парыз» қорымен белсенді жұмыс істеп, Елбасы Жолдауында айтылған міндеттер – халықтың әлеуметтік мәселелерін шешуге, тұрмыс сапасын жақсартуға барынша атсалысып келеді.

Аймақ басшысының жұмыс сапары барысында тағы бір жағымды жаңалықты естідік. Ақтоғай кентіне баратын жолды жөндеу жұмыстары келер жылдың алғашқы жартыжылдығында аяқталып, кенішке барып-келіп істейтін еңбеккерлерге ары-бері қатынау жайлы болмақ.
– Сонымен қатар сәулет-тұрғын үй құрылысы, жер мәселелерін шешу бойынша облыстық басқармалар белсенді жұмыс жүргізуде. Былайша айтқанда, арнайы құрылған штаб аясында басқармалардың басшылары «KAZ Minerals» компаниясының басшылығымен бірлесіп экономикалық маңызға ие мәселелерді шешетін болады, – деп сөйлеген облыс әкімі Даниал Ахметов кәсіпорынды қажетті мамандармен қамтамасыз ету жағы да назардан тыс қалмағанын жеткізді.
Қазірдің өзінде өңірдегі оқу орындары компанияның сұранысына ие мамандарды даярлауды бастап кеткен. Ал кәсіпорынның өзінде тәжірибесі жоқ жас мамандарға компанияда жұмыс істеуге мүмкіндік беретін «Тағылымгер» бағдарламасы қолға алынған. Биыл өңірдің жоғары оқу орындары мен колледждерін бітірген 40 түлек осы бағдарлама бойынша оқып жатыр. Алдағы жылы олардың саны 238 адамға жетпек. Кадр даярлау бүгінгі күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелердің бірі екенін баса айтқан аймақ басшысы Өскемен мен Семейдегі колледждердің бірінің базасында заманауи қондырғылармен және технологиялармен жабдықталған, WorldSkills талаптарына сай келетін бірлескен орталық ашуды ұсынды.
«Дидар» ақпарат