Қоғам

КЕҢЕС ӘСКЕРІНІҢ ҚЫЗЫҚТАРЫ МЕН ШЫЖЫҚТАРЫ

Бүгінгі әңгімеміз келмеске кеткен Кеңес әскерінің былайғы жұртқа белгілі-белгісіз қырлары мен сырлары жайында болмақ. Ол кездегі мектеп бітіріп, ер-азамат қатарына қосылған кез келген бозбаланың ең басты міндеті – Отан алдындағы борышын өтеу болатын. Заман талабы ма болмаса сол кезеңдегі қалыптасқан заң солай болды ма, кім білсін, әйтеуір ол кезде әскерге бармай қалған жас жігіттерге былайғы жұрт: «Әскерге неге бармады екен, әлде бір жері ауырып, жарамай қалды ма?» дегендей, әлдебір күдік-күмәнмен қарайтын. Содан да болар, «Әскер қатарына алынбай қалу» деген қылмыспен пара-пар саналатын. Қылмыстан бұрын бұл дегеніңіз, әлгі бозбалаға кесілген ауыр жаза іспетті болатын.

Сондықтан сол  тұстағы бозбалалар үшін болашақта оқитын оқуың да, алатын мамандығың мен істейтін жұмысыңа дейін, қыл аяғы үйленіп үйлі-баранды болуың да  екінші планға, яғни, әскерден кейінгі шаруаға жататын. Әскер қатарына шақырылған ұландарда «Анда барам, мұнда бармаймын!» дейтіндей таңдау болмайтын. Элиталы саналатын (десантшылар, теңіз флоты мен шекарашылар) әскери құрамдарды айтпағанда, тым құрығанда «стройбатқа» (құрылыс батальоны) түссе де, неғұрлым тезірек, қайткен күнде де сәтін тауып әскер қатарына ілініп кетуге тырысатын.

«Чайхананы» білмеймін, «Хана» болары сөзсіз…

 Қазақта «Азаматтық парыз» деген ұғым бар. Ал парыз өтелмесе, кім-кімге болмасын қарыз боп қалары сөзсіз. Сол кезеңдегі қазақ бозбалалары Отан алдындағы парызы мен қарызын қаншалықты сезінгендерін қайдам, бірақ оларда қарапайым ғана қазақы намыс деген болды. «Пәленшекеңнің баласы әскерге жарамай қапты» деген жалғыз ауыз сөз күллі әулеттің атына кір келтіретіндей көрінетін. Сондықтан намысқа тырысқан қазақ баласы (әрине, денсаулығында ақау болмаса) мейілінше қатарынан қалмауға тырысып бағатын. Сөйтіп жүріп көппен бірге әскерге аттанатын. Ол кездегі «Әскерге аттану!» деген, өзіндік қызығы мен шыжығы толып жатқан бөлек әңгіме…

Сонымен, намыстың қарагерін қамшылап жүріп, «Қайтсем қатарымнан қалмаймын!» деп, әскер қатарына алынған жас сарбазды ол жерде не күтіп тұр дейсіз ғой.

Иә, қызықтың көкесі де, әкесі де сол әскерде басталатын…

Өздеріңізге белгілі, әскердің тілі – орыс тілі. Ол жердегі үлкенді-кішілі командирлерден бастап, сол кездегі Кеңес үкіметінің түкпір-түкпірінен жиналатын түрлі ұлт өкілдерінің қолданысында тілің келсін, келмесін жалғыз ғана орыс тілі үстемдігін жүргізіп тұрды. Бүкіл бұйрық атаулы  да, командирлерге жасалатын баяндама (доклад), сауалнамалар да тек  орыс тілінде беріліп, жауабы да орыс тілінде алынатын.

Бұл тұрғыдан алғанда облыс, аудан орталықтарында өсіп-өнген жас сарбаздар тіл мәселесінде көп қиындық көре қойған жоқ, әрине. Есесіне, сонау шалғайдағы қазақ ауылдарынан шақырылған, өмірінде тірі орысты көрмеген ауыл балалары тіл тауқыметін бір адамдай тартты деуге болады. Дегенмен, осы күнге дейін қайран қалатыным, сол ауыл балаларының қай-қайсысы болмасын бастауыш сыныптан бастап орыс тілі пәнін оқыған жоқ па еді? Басқаны білмесе де, «здравствуй» мен «досвиданиені» түсінуі керек еді ғой. Соған қарамастан, сіздерге өтірік, маған шын, орысшалап «Мұрның қайсы?» десең, құлағын көрсететіндер де болды, арамызда.

Осыған орай сарбаздар арасында түрлі анекдоттар да айтылып жататын. Солардың бірі, еріксіз еске түсіп отыр.

Бірде әскерге жаңадан алынған жас сарбаздардың алдында болашақта баратын бөлімдерінің (часть) тәртібі мен жай-жапсарын түсіндіріп тұрған командирге ауылдан келген өзбек пе, қазақ па, әйтеуір бір сарбаз:

– Тәбәриш, кәмәндир! А там «Чайхана» будет? – деп сауал қойса керек.

Сонда командир:

– Товарищ, рядовой! Чайхана будет, не будет не знаю, но «хана» точно будет, – деген екен.

Сол командир айтпақшы, әскер жарықтық талай-талай «хананы» көрсетті ғой, ауылдың қарасирақтарына. Ес білгелі емін-еркін жүріп, қалаған уақытында тұрып, не ішем, не кием деп уайымдамай, еркіндікке әбден үйреніп қалған ауыл баласына әскерге келген күннен бастап, күнде таңғы сағат 6-да «Рота, подъем!» деген құлақ тұндырар айғаймен ояна сап сапқа тұру, одан пәлен шақырым кросс жүгіріп кеп, шапшаңдатып төсек-орнын жинау, зыр жүгіріп жүріп казармаға уборка жасау, одан шала-шарпы жуынып-шайынып,  сапқа тұрып таңертеңгілік асқа барудың т.б. өзі психологиялық тұрғыдан үлкен «өзгеріс» екені белгілі. Өзгеріс қана емес, бұл өзі білген адамға кәдімгі бір күйзеліс десе болғандай.

Елде жүргендегі еркін де, ерке күндері көзден бұл-бұл ұшып, бір-ақ күнде адам айтса нанғысыз «тозақ» тірлікке топ ете қап, жыларман болған жас сарбаздың адам аярлық күйін көрген бір сержант: – Бұл сенің болашақта көретін көрешегіңнің басы ғана, – дейтін көрінеді мысқылдап.

Бірақ, ойнап айтса да, сержант сөзінің жаны бар. Өйткені әскерге жаңа ғана шақырылған жас сарбаздар бар болғаны 45 күн карантинде болып, осы аралықта сапта қалай жүріп-тұруды, қаруды қалай оқтап және қандай жағдайда, қалай пайдалануды, асханада қанша уақытта тамақтанып үлгеруді, командирге қалай  сәлем беруді, киімді қалай үтіктеп, пагонды қалай тігіп, төсек-орнын қалай жинап, қанша секундта киініп-шешіну керек дейсіз бе, толып жатқан алғашқы әскери даярлықтан өтеді. Осыдан кейін ғана барып салтанатты түрде ант қабылдайды.

«Не болар, солдат болып көрген күнім..?»

 Міне, осы атың өшкір антты қабылдаған күннен бастап сол кездегі Кеңес сарбазының мойнына салмағы зіл батпандай ауыр әрі аса жауапты міндеттер жүктеледі. Ол міндеттердің барлығын тәптіштеп жатудың қажеті бола қоймас, дегенмен жалғыз ауыз сөзбен қайырар болсақ, ант қабылдаған сарбаз қандай жағдайда болмасын, өзі берген антындағыдай «Отанына адал қызмет етуге» міндетті. Ал берген антынан тайған сарбаздарға «Военный трибунал» деген кешуі жоқ әскери сот бар.

Осындай зор жауапкершілікті мойнына алған, ата-анасының аялы алақанынан ажырағанына бар болғаны бір ай ғана болған жас сарбаздарды ендігі қалған әскери мерзімін өтейтін «часть» деп аталатын «құтты мекендері» күтіп тұрады. Ол жердегі қалыптасқан тәртіп, жазылмаған заң-зәкөндер карантинмен салыстырғанда арасы жер мен көктей. Қайсыбір шалғайда орналасып, қараусыз қалған, тәртіп дегеннің не екенін атам заманда ұмытқан жабайы частьқа түскен сарбаздар карантинде көрген азын-аулақ қиындықтарымен жылап көрісетін жағдайлар да болады…

Сөз орайы келгенде салыстырмалы түрде болсын айтылуы тиіс бір мәселе бар. Ол – бір кездердегі кәмелет жасқа енді ғана толған қазақ бозбалаларының бойында атойлап тұратын намыс пен ұят деген қасиетті ұғымдардың бұл күндері жастар санасынан өшіп, жыл өткен сайын мүлдем ұмыт боп бара жатқандығы.

Әсіресе, тәуелсіздік алғалы бері «Елге, жерге қорған болады-ау!» деген жас жеткіншектеріміздің бойынан ондай қасиеттерді көре алмай, пұшайман күй кешіп жүргеніміз ешкімге де жасырын емес. Бұрынғының бозбаласы «Әскерден қалмау керек!» деген қағиданы ұстанып өссе, бүгінгінің жастары, «Қалай болғанда да, әскерге бармау керек!» дегенге көбірек мән беретін секілді. Бұл үрдіс, әсіресе еліміз тәуелсіздігін жариялаған тұстан бастап жаппай етек ала бастады. Біреулер әскер билетін ақшаға сатып алса, енді біреулер араға тамыр-таныс, құда-жегжатын салып жүріп жол тапты, қайсыбіреулер сап-сау баласына «сырқат» деген анықтама әперіп, қысқасы, ата-ананың басым көпшілігі қайткен күнде де баланы әскерге жібермеудің амалын күйттеп кетті. Қайсыбір сала мамандары мұның басты себебін әскердегі әлімжеттікпен байланыстырады.

Бәлкім, болса болар. Бірақ әскердегі әлімжеттік бұрын да болған, қазір де бар және болашақта да өз жалғасын таба беретін жазылмаған заң іспетті дүние екендігін ұмытпағанымыз абзал.

Әскердегі жазылмаған сондай заңдардың бірі – дедовщина деп аталатын. Бұл қарапайым қазақтың тілімен айтқанда әскерге бұрынырақ шақырылғандардың, яғни, «дедтердің» өзінен кейінгі жас толқынға көрсететін зорлығы мен зомбылығы. Ондай зорлық-зомбылықты сол жердегі командирлер білмейді емес, біледі, көрмейді емес, көреді. Бірақ тағы да сол жазылмаған заңдардың қағидасына сәйкес, көрсе де, көрмегенсіп, білсе де, білмегенсіп жүре береді. Олар, командирлер (рота, взвод командирлері, рота старшинасы және т.б. лауазым иелері) сол «дедтердің» яғни әскерге шақырылғандарына бір-бір жарым, әйтпесе екі жылға таяп қалған, тіс қаққан қасқырлардың арқасында күндіз-түні, жыл он екі ай ротадағы тәртіп пен тазалықты сақтап, жөндеу жұмыстарын жүргіздіріп, тағы да басқа керек-жарақ дүниелерді жөнге келтіріп отырады. Сондықтан «дедтерден» зәбір көрген жас сарбаздың командирлерге барып арыз айтуы, шағымдануы құр далбаса әрекет және ең бастысы – ол жазылмаған заңға қайшы келетін кешірілмейтін күнә.

Қызық, жазылмаған заң дегеніңіз, бұл өзі әр кезеңде заманның ағымы мен талабына сай сәл-сәл өзгерістерге ұшырап отыратындығы болмаса, атадан балаға, баладан немереге мұра боп келе жатқан, құдды бір баға жетпес құнды жәдігер секілді. Кеңес үкіметінің тұсында да әскердегі әлімжеттікке төза алмай әскер қатарынан қашып кету, өз-өзіне қол жұмсап атылып қалу, үлкен сарбаздардың қол-аяқтарының бата тимесе, қата тиюі салдарынан жас сарбаздың қаза боп кетуі секілді оқиғалар болған.

Бір қызығы, әлде ғажабы дейміз бе, Кеңес үкіметінің тұсында ондай оқиғалар көбінесе жергілікті жерлерде шешіліп, көп даурықтырмай, жабулы қазан, жабулы күйінде қалып қоятын.

Серік ҚҰСАНБАЕВ

(Жалғасы бар…)

Осы айдарда

Back to top button