Кәдірбек Демесін, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артис: «Тамашаға» шығып, «миллионер» атандым

Осы аптада Алматыдағы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры Өскеменге гастрольдік сапармен келді. Айтулы өнер ордасының бұл Шығысқа 17 жылдан кейін ат ізін салуы екен. Осы орайда халқымызға есімі кеңінен танымал актер, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі, «Тамаша» әзіл-оспақ театрының актері Кәдірбек Демесінмен сұхбаттасудың сәті түскен болатын.
Әке-шешем Шұбартаудың тумасы
– Кәдірбек аға, Шығысқа қош келдіңіз! Қасиетті де киелі жерге талай табаныңыз тиген болар…
– Рақмет, айналайын! Өзім Талдықорған облысы, Бөрлітөбе ауданы Үлгі дейтін ауылда туып-өсіп, сол жерде онжылдықты бітіргеніммен, түп негізім осы Шығыстан шыққан. Ол кеңестік заман еді ғой. Үлкендер көп нәрсені бізге ашып айтуға жасқанатын. 1932 жылдың ашаршылығын, 1937 жылдың зұлматын айтуға тыйым салынған кез. Әкемнің Семей облысы Шұбартау ауданындағы Баршатас ауылының жанындағы Тоғызыншы ауылда туып-өстік деп айтып отыратыны есімде. Ал Талдықорған өңіріне қалай келгенін көп ашып айтпайтын еді. Тек тәуелсіздік алғаннан кейін ғана газет¬-журналдан, кітаптан оқып, көп нәрсені біліп, көзіміз ашылды. Халықта «өткенге тас атпа, ол сені зеңбірекпен атады» деген сөз бар. Осыны естен шығармау керек. Әркім өзінің түп тарихын білуге қақылы. Содан кейін мен Шығысқа күйеубала болып келемін. Өмірлік қосағым осы жақтың қызы.
– Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында 1973 жылдан бастап еңбек етіп келеді екенсіз. Өнер жолыңыз туралы айтсаңыз?
– Мектептен кейін 1969 жылы бірден консерваторияға түсіп кеттім. Ол кезде актерлерді даярлайтын театр факультеті консерваторияның ішінде болатын. Ол уақыт сырт көзге бәрі тегін, бір кеңшілік заман секілді көрінгенімен, ауыл баласы үшін өте күрделі еді. Шетел театры, шетел әдебиеті, театр тарихы деген оқулықтардың барлығы орысша. Сонда да сұрап жүріп, біреуге аудартып жүріп, талмай еңбектенудің арқасында әйтеуір бітірдік қой. Дегенмен, ол кезде жастардың талпынысы зор еді. Жанарларында от, жүректерінде намыс бар-тұғын. Қазіргідей бір оқудан шықсам, екіншісіне түсемін деген ой мүлдем болмайтын. Сөйтіп, 1973 жылы диплом алғаннан кейін осы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөсіпірімдер театрына жұмысқа орналастым. Биыл мектеп бітіріп, өнер жолын таңдағаныма тура 50 жыл болады екен. Менің курстастарым да тегін адамдар емес. Олардың қатарында Тұңғышбай Жаманқұлов, Досхан Жолжақсынов, Меруерт Өтекешова бар. Астанада Асылболат Смағұлов, Таразда Асқарбек Сейілханов, Павлодарда Шекербек Жабықбаев деген жігіттер бар. Осылардың ешқайсысы қазақша айтқанда, жерде қалған жоқ. Өйткені бізге дәріс берген ұстаздарымыз «Әртіс болмасаң да, айналайын, адам бол. Дұрыс адам болсаң сенен дұрыс әртіс шығады» деп айтатын еді. Ол кезде осындай қағидаттар болды.
Өнер жолы – ауыр жол
– Кеңестік заманда өнер адамына жағдай жасалды ғой. Осыған келісесіз бе?
– Иә, ол кезде қазіргідей «үй сатып алсам, өйтсем, бүйтсем» деген проблема жоқ болатын. Театрға келдің бе, сені пәтердің кезегіне қояды. Сөйтіп, ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір баспанаға қол жеткізетінімізге сенімді болатынбыз. Жүйкең жұқармайды. Сөйтіп, өзім ақырындап алдымен бір бөлмелі пәтерге қол жеткіздім. Сол пәтерде 16 жыл тұрыппын. Қарап отырсам, қазіргі жастар ондайға шыдамайды. Кейіннен бала-шағаның жағдайымен тағы да кезекке тұрып, үш бөлмелі пәтерге қол жеткіздім. Құдайға шүкір, тәубе дейсің. Жалпы, әртіс боламын деген адамның жүйкесі өте қалың болуы керек. Жүйкең жұқа болса, күйбең тірлік тентіретіп жібереді. Театрға бізбен бірге келгендердің ішінде де шыдамай, басқа салаға кетіп қалғандар бар. Содан кейін адам өзі талпынып, өзін-өзі дамытуы тиіс. Бір орында қалып қоюға болмайды. Театрдағы кейбір жастар жұмысқа кейде шаршап келеді. Той жүргізу оңай дейсіз бе? Мүмкін арасында шаршағанды басу үшін, елу грамдатып қоятын шығар. Айтыңызшы, олардан қандай өнерді талап етесің? Ал тамада болмайын десе, отбасын асырау керек.
– Қиналған сәттеріңізде театрдан кетіп қалғыңыз келген жоқ па?
– Театрдағы өмірім тақтайдай тегіс болды деп айта алмаймын. Қиналған кездерім болды. Бала-шаға асырау оңай емес қой. Бірақ мен шыдадым. Тек театрмен өмір сүрдім. Өзімнің алдыма айқын мақсат қойдым. Біріншіден, өнерімді өлтірмеу үшін тойға асаба болмаймын дедім. Екінші, ел жарысып, көлік мініп жатқанда, талай жағдайым болса да, өмір бойы машинаның рөлін ұстамаған адаммын. Жалпы, мен өзімнің жаныма жақын дүниеге ғана ұмтылатын адаммын. Осы екі қасиетімді кейде құрдастарым да мазақ етіп айтып жатады.
– «Тамашада» тұрмысты түзеп, баюдың сәті түспеді ме? 1980 жылдары «Тамаша» дүрілдеді емес пе?
– Жұрттың бәрі мені «Тамашаға» шығып, миллионер болып кетті деп ойлайды екен. Шындығында олай емес. Ешкім байып кеткен жоқ. Мардымсыз гонорар алсақ та, соны қанағат тұттық. Жалпы, біз ақша қуған адамдар емес едік. Сосын кейінгі кездері киноға түсуге шақыра бастады. Оның өзіне де жүгіріп бара бермейтінмін. Таңдаймын. Өзіме жақындау образды ғана сомдауға келісемін
Актер бесаспап болуы керек
– Жаныңызға қандай рөлдер жақын? Комедиялық па, әлде трагедиялық рөлдер ме?
– Мен осыған қарсымын. Актер деген бесаспап болуы керек. Бізде режиссер деген ағайындар бар, актердің бір жағын көріп алды ма, соған сала береді, сала береді. Сөйтіп, ақыры құртып тынады. Мен сонымен талай шайқастым. Штамп деген бәлеге кірген актер ол актер бола алмай қалады. Мұны көбі түсінбейді. Сан қырлы ойнағанға не жетсін! Кейде режиссерге «жоқ, мен ананы ойнағым келеді, мынаны ойнағым келеді» деп айтасың, «иә, иә» деп қойып, ескі сарынға қайта салып жібереді. Мен «Тамашаға» не үшін бардым? Театрда істей алмаған дүниелерімді «Тамашада» көрсетуге тырыстым. «Тамашаның» бір пайдасы сол. Екіншіден, «Тамашаның» аудиториясы үлкен. Қазіргі жастар неге сериалға түсуге жүгіреді? Өйткені барлығының танымал болғысы келеді. Бірақ маңдайдың жеті қабат терін сыпырып, мөлтілдетіп ағызбай ешқандай жетістікке жетпейсің. Әртіс болсаң, киноға түссең, байисың деген өтірік. Бірінші кезекке ақшаны қою – түсініктің таяздығы. «Ән айтсаң да жаныңды жеп айтасың» деген сөз бар ғой. «Тамаша» тек қосымша жұмыс, ал негізгі жұмысым – театрда болды. Айтайын дегенім, кез келген жұмысты істегенде «халтура» деп қарамау керек. Жақсы болсын, жаман болсын кез келген рөлімді әлім келгенше кәсіби тұрғыдан сомдауға тырысамын. Өйткені ол менің жеп жүрген наным, ол – менің мамандығым, ол – менің өмірім. Өмір бойы осындай ұстаныммен жұмыс істеп келемін.
– Жаңа бір сөзіңізде Шығыстың күйеубаласымын дедіңіз. Апамыз қай ауданның қызы? Қалай таныстыңыз?
– Бәрі Алланың бұйрығы ғой. Есімі Қатира, Зайсанның Қаратал дейтін совхозынан. Ол да мен секілді Алматыға оқуға келіп, кейін жұмысқа қалып қойған. Медицина саласының қызметкері. Бірден ғашық болдым деп айтсам, өтірік болып кетеді. Негізі ауылда жүргенде бір қызбен ұзақ дос болдым. Сезімнің ең тазасы сол мектептегі махаббат болуы керек. Қазір бұл өмірде жоқ. Алланың бұйрығымен Қатира екеуіміз үйлі-баранды болдық. Үйленбей тұрғанда-ақ жұмысымның тәртібін түсіндіріп айттым. Әйтпесе, қызғаныштың кесірінен талай отбасының шаңырағы шайқалды ғой. Сахнада бірнеше әйелдің серігі болып ойнайсың. Біреудің әкесі, біреудің күйеуі боласың дегендей. Ол әйелдердің де өзінің отбасы бар. «Тамашада» да сондай. Ал қаншама сыртымыздан өсек жүрді. «Тамашада» жүргенде үйдегі телефонға звондап біреулердің шағыстырған кездері де болды. Тіпті әйелімнің жақын туысы үйге келіп арнайы тексерген күндері де бар. Өсек-өтірік деген қазір тіпті өршіп кетті ғой. Ұялы телефон деген жақсы болды. Тек осындаймен шұғылданатын адамдар бар. Шіркін соларды ұстап, сотқа тартса ғой. Ал өсек дегеніңіз жүрегі нәзік адамдарға қатты тиеді.
Бірде құрдасымыздың тойына бардым. Ауыл адамдарының бірі «Бері кел» деп шақырып алды. Салиқалы әңгіме айта ма деп, қасына барсам: «Тамашада» сенімен ойнайтын анау жуан қатын үйдегі келін бе?» деп сұрайды ғой. Жоқ, оның өзінің отбасы бар деп жатырмын. Сөйтсе, ауылдағылардың өзі бірімен-бірі дауласады екен. Бәрі қу өсектің арқасы ғой.
– Өзіңіз вацапты пайдаланбайсыз ба?
– Жоқ, менікі қарапайым телефон. Анадай қымбат телефонды балалар үш рет әкеліп берді, үшеуінде де алмай қойдым. Өйткені уақытымды жейді. Содан кейін байқасаңыз осы бәлең адамның миын басқа жаққа бұрып жатыр. Қазір бұрынғы адамдар жоқ. Бәрі ертелі-кеш телефонға шұқшып, телефонмен өмір сүреді. Сосын қазіргі журналистердің де іздейтіні сенсация. Ана бір жолы бір журналист қыз маған сұрақ қойды. Сондай ыңғайсыз, қойғаны менің құрдастарым қоятын сұрақ. Оған не керек? Әрине, сенсация. «Қой, айналайын, мен саған сұхбат бере алмаймын» деп кетіп қалдым.
Әмина апамның шабаданын көтеріп жүретінмін
– Биыл әйгілі актриса Әмина Өмірзақованың 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде тойланып жатыр ғой. Ол кісінің көзін көрген актерлердің бірісіз. Әмина апамыз туралы не айтасыз?
– Енді мен Әмина апайдың шабаданын көтеріп, талай гастрольде жүрдім ғой. «Ей, ұл, мынаған ие бол» дейді, бітті. Ол шабаданда көйлек-көншектен басқа не бар дейсің. Әмина апамыз өмірде тауқыметті көп көрген адам ғой. Жастай күйеуінен айырылып, үш баламен қалады. «Өзім әйел, өзім еркек болдым» деп айтатын апамыз. Екі ұл, бір қызды өсіріп жеткізу оңай ма? Өнерде биікке қол жеткізсе, бәрі өзінің қайсар мінезінің арқасы. Үлкен ұлы режиссер еді, қайтыс болды. Қазір кіші ұлы бар, бірақ орыс тілді. Сол ұлымен ана жолы бір хабарда бірге болдық. «Біз шешемізді көрмейтінбіз. Үйде дәу қара телефон бар. Соған қоңырау шалып: «Тоңазытқыштағы бұрышта тұрған тамақ сенікі, астында тұрған көже сенікі, соны ғана іш. Ана екеуіне қалдыр» дейтін еді. Баламыз, ол кезде түк түсінбедік. Өзіміз үй болғанда ғана бәрін түсіндік. Шешеміз қандай қайратты, қажырлы адам болған!» деп әңгімесін айтты. Сонда қолы тимейді ғой. Айлық аз. Театрдан шығып, дубляжға барады, дубляждан шығып, киноға барады. Одан телевидениеге барады. Бір ғажабы, Әмина апай ауылдық жерге барғанда қарапайым ғана ауылдың адамы болып кететін еді.
– Өзіңіздің балаларыңыз қазақша біле ме?
– Біледі, Алматыдағы №86 мектепте қазақша оқыды.
– Күш-қуатты қайдан аласыз?
– Рөлің жақсы шықса, содан аласың. Шабыттанған кезіңде қайратың тасиды. Ал жүрегіңде титтей қызғаныш болса, күштің бәрі кетіп қалады. Сондықтан да мен керісінше жасауға тырысамын. «Ананың өнері менен бір елі асып тұр, мен неге одан қалуым керек» дегендей мақсат қоямын. Бәріміз де пендеміз ғой. Мына дүниеге бәріміз де қонақпыз, бірақ соны ұмытып қаламыз. Адамның артында тек ізі, істеген ісі қалады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан – Мейрамтай Иманғали