Қазына қаржысы қадағалауды қажет етеді
Бюджетті атқарудың маңызды міндеті – жалпы алғанда және әрбір қаржыландыру көзі бойынша салықтар мен басқа да төлемдердің толық әрі уақтылы түсуін қамтамасыз ету, сондай-ақ бюджетте бекітілген сомалар шегінде іс-шараларды қаржыландыру.
Нарықтық қатынастар дамыған жағдайда қаржылық-бюджеттік саясаттың басты міндеттерінің бірі – мемлекеттік бағдарламаларды дер кезінде қаржыландыруға, мемлекеттік қаржының түсімін, оның мақсатқа сай және үнемді пайдаланылуын, бюджеттік заңнаманың сақталуын тиімді бақылауға мүмкіндік беретін бюджетті атқарудың қазынашылық тетігі арқылы мемлекеттік қаржыны тиімді басқару.
Экономиканы нарықтық басқару әдістеріне көшкен кезде бүкіл бюджеттік үдерісті кең ауқымды реформалаудың тиімді шараларының бірі қазынашылық органдарын құру екенін халықаралық тәжірибе көрсетіп отыр.
Кез келген мемлекеттің қаржылық жүйесі үшін қазынашылықтың рөлі аса маңызды. Тарихи даму барысында қазынашылық органдары мемлекет қазынасының (кассасының) рөлін атқарып, олар арқылы бюджеттің ақшалай қаражатының қозғалысы жүзеге асырылуда. Екінші жағынан, қазынашылық органдары бақылау функциясын орындайды, өйткені мемлекет қаржысының кез келген қозғалысын тіркеуге және талдауға нақты мүмкіндігі бар.
Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясына сәйкес қазынашылықтың біріктірілген ақпараттық жүйесі салықтардың және басқа да төлемдердің уақтылы бюджетке түсуін, бюджет шығыстарының өткізілуін, Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқару органдарының қаржы ресурстарын тиімді басқаруын, мемлекеттік бюджетті атқарудың ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған. Басқаша айтқанда, қазынашылықтың біріктірілген ақпараттық жүйесі ел Президенті қойған басты мақсатты – мемлекеттік қаржыны тиімді басқаруды қамтамасыз етуге бағытталып отыр.
Қазіргі уақытта Қазақстан қазынашылығының арнайы міндеттері бар, атап айтқанда, бюджеттің атқарылуына кассалық қызмет көрсету, бюджет қаражаттарының пайдалануына алдын ала және ағымдағы бақылау жүргізу.
Қазынашылық бюджетті қалыптастырудан бастап, оны толық игеруге дейін барлық бюджеттік үдерістерге қатысады. Қазынашылықтың ақпараттық жүйесі арқасында салық, қаржы, кеден және атқару органдары мемлекеттік бюджеттің атқарылуы жөнінде толық ақпаратты күнделікті алып отырады.
Қазынашылық органдарының басты міндеттерінің бірі – бюджеттің толық әрі уақтылы атқарылуын қамтамасыз ету, сондықтан бюджетті атқару, мемлекеттік мекемелердің шоттарына қазынашылық қызмет көрсетудің сапасын арттыру және мемлекеттік бюджет қаражаттарын пайдалану барысында бұзушылықтардың алдын алуға ерекше назар аударылады.
Заманауи талаптарға сәйкес мемлекеттік мекемелерге және жергілікті атқару органдарына қызмет көрсету қазынашылықтың біріктірілген ақпараттық жүйесінде online режимде жүзеге асады. Мемлекеттік мекемелер электронды цифрлық қолтаңба қойылған қаржы құжаттарын «Қазынашылық-Клиент» жүйесіне жүктеп, олардың жай-күйін бақылап отырады. Сонымен қатар мемлекеттік мекемелер өздеріне қажетті қаржылық есептерді кез келген ыңғайлы уақытта қалыптастырып алады.
Мемлекеттік жүйеде қазынашылық бүкіл қаржы жүйесінің жалпы жай-күйіне әсер етеді. Мысалы, ағымдағы төлемдерді уақтылы төлеу міндетін алсақ, мұның артында жауапты кредитор және ақша айналымы үдерістерінің қатысушысы ретінде мемлекеттің беделі тұрады. Сондықтан мемлекеттік сектордың барлық саласының тұрақтылығы қазынашылықтың қаржы төлемдерін кідіріссіз жүзеге асыруына байланысты. Бюджеттік-қаржылық сервис пен бюджетті сапалы атқару саласында ұйытқы болатын қазынашылықтың технологиялық орган ретіндегі маңызы осында.
Шығыс Қазақстан облысы бойынша қазынашылық департаменті республикалық бюджеттің атқарылуына қызмет көрсету және жергілікті бюджеттерге есептік-кассалық қызмет көрсетуді жүзеге асырады. Облыстық қазынашылықтың құрамына 10 аудандық (қалалық) қазынашылық басқарма енеді.
Департамент пен аудандық (қалалық) қазынашылық басқармалар «Қазынашылық-Клиент» электронды құжат айналымы бағдарламасы арқылы мемлекеттік мекемелерге қызмет көрсетеді, ал 2012 жылдан бастап квазимемлекеттік сектор субъектілеріне, 2017 жылдан бастап қазынашылық қолдау шеңберінде құрылыспен байланысты бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру үшін мемлекеттік сатып алу шоттарына, 2022 жылдан бастап мемлекеттік бағдарламаларды қаржылық және қаржылық емес қолдау операторларына, мемлекеттік кепілдікпен қамтамасыз етілген мемлекеттік емес қарыздардың ақшасын есепке алуға және жұмсауға арналған шоттарына, қарыз алушылардың мемлекеттік кепілдікпен қамтамасыз етілген мемлекеттік емес қарыздарға қызмет көрсетуге және оларды өтеуге арналған ақшаны есепке алуға және жұмсауға арналған шоттарына қызмет көрсетеді.
Бір сөзбен айтқанда, бүгінде қазынашылық – мемлекет қаржысын тиімді басқару үшін ақпараттық негіз болып және бюджет тәртібінің атқарылуына қатаң бақылау жасайтын белсенді дамып келе жатқан қаржы институты. Мұның барлығы қазынашылық қызметкерлерінің білікті әрі жоғары кәсіби жұмысы және мемлекеттік бюджеттің атқарылуына тиімді бақылау жүргізу арқасында жүзеге асуда.
Ұлттық валюта күні қарсаңында облыс бойынша қазынашылық департаментінің ұжымы баршаңызды аталған мерекемен құттықтай отырып, зор денсаулық, қаржылық тұрақтылық пен өркендеу, отбасыларыңызға құт-береке тілейді!