Отандық өнім

«Казцинк» КӘСІПОРЫНДАРМЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ОРНАТТЫ

Өскемендегі «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өңірлік филиалында жергілікті бизнес өкілдері мен өңірдің ірі компаниясы «Казцинк» ЖШС арасында сатып алу мәселелері бойынша кездесу өтті.

Ұйымдастырылып отырған диалог алаңы «Казцинктің» отандық шағын және орта бизнесті қолдау жөніндегі жеке бағдарламасына кіреді. Шара моноқалалардың экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған. Кездесу 2022 жылдың қыркүйегінде «Казцинкте» басталған «Серіктес» атты ауқымды бизнес-жобалар конкурсының жалғасы.

Кездесу барысында «Казцинк» компаниясы өзінің әлеуетті серіктестерін және өздерімен байланыста жұмыс істеп жатқан серіктестерін кәсіпорынның қажеттіліктері туралы, 2023 жылға жоспарланған сатып алулары туралы хабардар етті. Облыстың шағын және орта бизнес өкілдері болса, өз кәсіпорындары, шығарып жатқан өнімдері  мен көрсетіп отырған  қызметтері туралы айтып, жұмыстарымен таныстырды.

Естеріңізге сала кетейік, «Казцинктің» отандық шағын және орта бизнесті қолдау жөніндегі жеке бағдарламасының негізгі міндеттері – импорт алмастырудың жаңа бағыттарын іздеу және облыстағы ірі кен металлургиялық компаниясының айналасында ШОБ (шағын және орта бизнес) белдеуін дамыту.

«Серіктес» бизнес-жобалар конкурсының отандық өндірушілер арасындағы танымалдығы артып келеді. Бес айдың ішінде 130 өтінім қаралып, шағын кәсіпорындардың тауарларын сатып алу, қызметтерін пайдалану жөнінде 92, 2 миллиард теңгенің келісімі жасалған.

Импорт алмастыру бойынша 13 компаниямен келісімге қол қойылған. Солардың ішінде, кальций қосылған сода шығаратын зауыттың құрылысы, жұмыс істеп тұрған кен-шахта және металлургиялық жабдықтар өндірістерін кеңейту жобалары сияқты маңызды да ірі импорттық өнімдерді алмастыру жобалары бар. Қол жеткізілген келісімдер бұрын өскемендік металлургтер ішінара Ресей Федерациясынан, Австралиядан, Германиядан және Қытайдан сатып алып отырған тауарларды өзіміздің жергілікті өнімдермен алмастыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар «Серіктес» бизнес-жобалар конкурсының аясында «Казцинк» ЖШС-мен бірлесе отырып әлеуметтік жобаларды да дамытуға, жүзеге асыруға жол ашылды. Ежелгі жартас кескіндемесін цифрландыруға, роботты техника мектебіне және зағиптар қоғамы өндіретін өнімдердің түрлерін көбейтуге меморандумдар жасалды.

Татьяна Иванова, «Казцинктің» жер қойнауын пайдалану басқармасының басшысы:

  • Елішілік құндылықтарды дамыту – ірі бизнес үшін басым бағыттардың бірі. Біз отандық жеткізушілермен қарым-қатынасты 20 жылдан астам уақыт бойы дамытып келеміз. Тек 2022 жылдың өзінде компания қазақстандық серіктестерден 360 миллиард теңгеден астам тауарлар мен қызметтер сатып алды. Соңғы бес жылдың ішінде  5000-ға жуық қазақстандық кәсіпорын біздің серіктесіміз атанды. Біз қоғам үшін маңызды жобаларға инвестиция салу арқылы әлеуметтік кәсіпкерлікке де көп көңіл бөлеміз. Металлургтер жыл сайын әртүрлі салалардағы өндірушілердің басын қосып,  компанияның шетелден сатып алып отырған импорттық өнімдерін жергілікті сапалы отандық тауарлармен алмастырудың мүмкіндіктерін қарастырып келеді.

Дәурен Мұратхан, Шығыс Қазақстан облысы өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:

–  «Казцинк» компаниясымен облыстағы шағын және орта бизнес саласы кәсіпорындарының импорттық өнімдерді жергілікті тауарларға алмастыруға байланысты диалог алаңы жыл сайын өткізіліп келеді. 2022 жылы «Казцинкпен» өткізілген диалог алаңында облыс кәсіпорындары ынтымақтастық туралы 8 миллиард теңгенің 9 офтейк-келісіміне қол қойды. Былтыр желтоқсан айында өткен форум барысында 13 жергілікті өнім өндірушіден 17 миллиард теңгенің өнімі мен қызметтерін сатып алу туралы меморандумдарға қол қойылды. «Казцинк» компаниясы осылайша өңірдегі шағын және орта бизнес саласының дамуына өзіндік қолдау көрсетіп отыр. Бүгінгі шара жергілікті өнім өндірушілер мен ірі компанияны жалғастыратын  байланыс көпірі.

Жамал ЕРМЕН

Back to top button