Қоғам

«Казтест» тапсырушылардың қатары ұлғайып келеді

«Казтест» тапсырушылардың қатары ұлғайып келеді


Мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болған қазақ тілі – ұлттық руханиятымыздың өзегі. Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуы тиіс екенін айтады. «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу». Сондықтан да мемлекет азаматтары үшін қазақ ұлтының тарихын, мәдениетін, рухани байлығын, тілін білу аса маңызды.

Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында мемлекеттік тілді меңгерген ересек тұрғындардың үлесін 2020 жылға қарай 90%-ға жеткізу міндеті қойылған. Аталған көрсеткішке жетудің бірден-бір жолы ретінде азаматтардың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін бағалау жүйесі – «Казтест» тапсырудың нәтижелері арқылы анықтау жұмыстары жүргізілуде. Осыған орай, облыста Қазтест жүйесі негізінде бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр және барлық мемлекеттік тілді оқыту орталықтары жұмыла кірісіп, аталмыш нұсқау бойынша толыққанды жұмыс жүргізуде.

Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығында бірқатар мемлекеттік органдар: бюджеттік сала мамандары, әскери қызмет, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, мемлекеттік қызметкерлер «Казтест» жүйесі арқылы диагностикалық тестілеуден өткізілді. Атап айтқанда, олар: «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамының облыстық филиалы – «Халыққа қызмет көрсету орталығы» департаментінің Өскемен қалалық №1, №2, №3 бөлімдерінің қызметкерлері, «Қазақстан» РТРК облыстық филиалының қызметкерлері, облыстық жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру департаментінің қызметкерлері, облыстық әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу орталығы» департаменті, облыстық Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкерлері. Диагностикалық тестілеудің нәтижесінде аталған мекеме қызметкерлері «Қазтест» жүйесі бойынша дайындық курстарына оқуға тартылып, сертификаттық тест тапсыруға әзірлік жүргізіледі.

Алдағы уақытта облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығы тест тапсырушылар контингентін ұлғайтып, тіл оқыту жұмыстарын дамыта түспек.

А.Мурсалимова

Осы айдарда

Back to top button