Қоғам

«Казправдадан» ешкім кеткісі келмейді

«Казправдадан» ешкім кеткісі келмейді


Бородулиха ауданына қарасты Петропавловка ауылдық округінде орналасқан шаруа қожалықтары жергілікті халықты толықтай дерлік жұмыспен қамтып, елді мекенге жан бітіріп отыр.

Осындағы ең ірі деген үш қожалықта ғана жүзден астам адам еселі еңбек етуде. Олар – «Труд», «Родина» және «Витязь» атты шаруашылықтар. Бұлардың жетекшілері Владимир мен Александр Майер және Александр Лехнер осы өлкедегі ең беделді әрі ауқатты азаматтар қатарынан саналады.

– Біздің берекелі ұжымда алпысқа тарта адам жұмыс істеп жүр. Дені – өз жерлестеріміз, осы округтен, сонымен қатар Семей қаласынан келіп еңбек ететін механизаторларымыз бар. Алатын жалақылары айына 60 мың теңгенің шамасында. Бұған еңбектеріне қарай берілетін сыйақыны, мал жемін, тұқымды қосыңыз. Жалпы алғанда әр еңбеккердің жылдық табысы 1 жарым миллион теңгеге жетеді ғой, – дейді бізге берген сұхбатында «Труд» қожалығының жетекшісі Александр Лехнер.

Округ әкімдігі берген мәліметтерге сүйенер болсақ, мұнда ауылшаруашылық бағытындағы 50 шақты кәсіпорын тіркелген екен. Олардың барлығы дерлік егіншілікпен мықтап шұғылданады. Жалпы көлемі 60 мың гектардан астам округке қарасты алқап өңделуде.

Топырағы құнарлы болғандықтан, өңірдегі өнімділік те жоғары. Мәселен, былтыр округ бойынша 154 мың центнер астық, 88 мың центнер күнбағыс, 154 центнер картоп алынған. Өзге өлкелермен салыстырғанда және аумақ ауданын ескерсек, аталмыш түсім – өте жақсы көрсеткіш. Бұдан бөлек, өткен жылы 6100 центнер ет пен 34 мың центнер сүт өндіріліпті. Ескерте кетерлігі, өлкенің басым бағыты – мал шаруашылығы емес, егіншілік.

– Бізде жұмыссыздық деген мүлдем жоқ деп айтуға болады. Ең бастысы – жастардың қалаға үдере көшуі тыйылған. Көбі өскен жерде қалып, еңбек етіп, отбасын құруда. Осы қуантады, – дейді округ әкімі Марат Жүнісов.

Округ құрамына Петропавловка, Мещанка, Изатолла және Воскресеновка деген ауылдар енеді. Тұрғындарының саны 1300-ден сәл асады. Халқының басым көпшілігі орталықтағы Петропавловка ауылын мекен етеді. Бір қызығы, жергілікті жұрт ауылды ресми атауымен атамайды екен. Бәрі де бұрынғы колхоздың атымен «Казправда» дейтін көрінеді.

Күз түссе, жауын-шашыннан көз ашпаймыз

Осы ауылға келе жатқан жол бойында орылмай қалған күнбағыс алқабын көрдік. Сөйтсек, иесі былтыр күзде «әне орам, міне орам» деп жүріп, уақыт өткізіп алыпты. Қар молынан түскен соң комбайн батып, жүре алмай қалған. Алайда жергілікті диқандар күнбағысты көктемде де орып алуға болады деп отыр. Далада қалған күнбағыс дәндері қыстан үсімей шығыпты. Десек те, егіншілікте әр істі дер уақытында атқарған абзал. Тек оған мүмкіндік әркез бола бермейді.

– Қожайыны күзде күнбағысты жинап үлгере алмай қалды. Сізге айтарым, соңғы кездері өңірдің ауа райы күрт өзгеріп кетті. Көп жылдан бері осы жермен шұғылданып келемін ғой, бұрындары климат құрғақ болатын, әсіресе күзде табиғат-Ананың өзі шуағын шашып, піскен егінді тездетіп оруға мүмкіндік беретін. Ал соңғы төрт-бес жылда күз түссе болды, жауын-шашыннан көз ашпаймыз. Ал егін күтіп тұрмайды, мезгілінде жинау қажет. Алқапқа шыққан техникамыз батып, жүрмей жатады, – дейді бізбен әңгімесінде Александр Лехнер.

«Труд» шаруа қожалығы бидай, арпа мен күнбағыстың тұқымдық және тауарлық түрлерін өсірумен айналысады. 13 мың гектардай жерлері бар. Техникалары жүзден асады. Бәрі жіптей тізіліп, егістік жұмыстарына сақадай-сай тұр. Олар күзде жиналатын дымқыл астыққа арнап екі бірдей шетелдік келтіргіш те сатып алыпты.

Заманның өзі жаңа әдістерді талап етеді

Фермердің айтуынша, олар итальяндық кептіргіш машиналар сатып алған екен. Әрқайсысының құны 100 мың долларды құрайды. Арзан емес, әрине. Бірақ басқа амал жоқ. Еуропалық қондырғының әрбірі тәулігіне 130 тонна астықты құп-құрғақ етіп шығарады екен, әлбетте, өнімнің сапасына зиянын тигізбей.
Жалпы, егіншілік саласында күнбағыс өте тиімді майлы дақыл болып есептеледі. Пайдалы болғандықтан, облыс диқандары негізінен күнбағыс өсіруге әуес. Осы дақылдың алқаптары да кеңейіп барады. Әсіресе Бородулиха, Үржар, Көкпекті, Шемонайха, Ұлан, Глубокое, Алтай және Катонқарағай аудандарында күнбағыс өсірушілер көп.

Күнбағыстың уақытында орылмай қалуына бірнеше себеп бар. Көбінесе, шаруалар ауа райы мен күнбағыс сұрпын үйлестіре алмайды. Кейде дән күзгі жауындарға дейін пісіп үлгермей жатады. Мұндай жағдайда оны орудан пайда жоқ. Ал енді күнбағыс толық жетіліп, бірақ жауын-шашын басталып кетсе, комбайн далаға шыға алмай қалады. Батпақпен жүру мүмкін емес. Не істемек керек?

Заманауи комбайндары мен құрал-жабдықтары барлар осы тұста ұтып тұр. Шетелдік техника алғашқы аяз түскенде өнімді жинап, оны кептіріп алуға мүмкіндік бермек. Бірақ шаруалардың бәрі де мұндай жаңа техникаға ие емес.

Қайырымдылық көрсетіп отырады

– Владимир Майер жетекшілік ететін «Витязь» шаруа қожалығы 1995 жылы құрылған. Алғашында шағын ғана шаруашылық болатын, қазір отбасылық бизнес бес кәсіпорыннан тұрады. Олар 60-тан астам адамға жұмыс беріп отыр, – дейді Марат Жүнісов.

Қазіргі кезде Майерлердің 11 гектар жерінде астық пен күнбағыс өсіріледі. Екі бірдей май сығу цехтары бар.

Владимир Майер – Петропавловкада спорт кешенін салған атымтай жомарт. Мұнда ауыл балалары спортпен тегін шұғылданады. Кәсіпкер кешен орынжайларын ауылдастарының қажетіне, түрлі той-томалақ, іс-шаралар өткізу үшін беріп тұрады.

Петропавловка ауылының шаруалары елді мекенді абаттандыру ісіне белсенді атсалысып, ұдайы қайырымдылық көмек көрсетіп отырады.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button