«Казпошта» ұтыс ойындарын өткізеді

Биыл «Қазпошта» акционерлік қоғамы 25 жылдық мерейтойын атап өтуде. Соған орай Өскеменде аталмыш компанияның қызметі арқылы зейнетақы мен жәрдемақы алушылар арасында ұтыс ойындары өткізілді.
Шараның ашылу салтанатында сөз алған қала әкімінің орынбасары Елена Литвинова қатысушыларға жылы лебізін білдірді.
Ұтыс ойындары алдымен облыстағы жеті мыңнан астам зейнеткердің арасында өткізілді. Бұдан соң «Қазпоштаның» басқа қызметтерін пайдаланатын клиенттер үшін 50 000 теңге көлеміндегі қосымша сертификат ұтысқа салынды. Жеңімпаздар «RANGDOM.ORG» бағдарламасының көмегімен анықталды.
Ұтыс ойындарының қорытындысы бойынша Семей қаласының тұрғыны Бекен Рақышев 200 мың теңгенің сертификатын жеңіп алды. Ал бородулихалық Анатолий Медвечук 100 мың теңгені қанжығасына байласа, 50 мың теңгенің сертификаттарына глубокоелық Күлдариға Қалиева, үржарлық Дүйсенбай Уәлиев, семейлік Дәметкен Мұқашева, тарбағатайлық Аяужан Оразова, зыряндық Таисия Ставская ие болды. Ал клиенттер арасында өткен ойынның нәтижесінде өскемендік Қуаныш Есдәулетов 50 мың теңгенің сертификатына қол жеткізді.
Бұдан соң келушілер арасында бес мың теңгеге дейінгі сомаға «Технодом» дүкендерінен тұрмыстық техниканы сатып алуға арналған ұтыс ойыны ойнатылды.
– «Қазпоштаның» қызметі төрт бағыт бойынша жүргізіледі. Біз жеке және заңды тұлғаларға қызмет көрсетеміз. Бүгін ұйымдастырылып жатқан «Kazpost-тан сыйлықтар жылы» атты акциясы қазан айының біріне дейін жалғасады. Оған поштадан зейнетақы және жәрдемақы бойынша есепшот ашқан клиенттер қатыса алады, – дейді «Қазпошта» АҚ-ның облыстық филиалы директорының орынбасары Гүлнар Мырзабаева.
Ажар Мұратқызы