“Қазір екінің бірі – қаламгер”
Мейрамтай Иманғали
Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы орталық қалалық кітапханада балалар мен жасөспірімдерге арналған кітап апталығы өтіп, осы шара аясында оқырман қауым жазушы-драматруг Қуат Қиықбаймен кездесті.
Жазушы Қуат Қиықбай есімі біздің газет оқырмандарына жақсы таныс. Өткен жылы Оралхан Бөкейдің туған күніне орай «Ауыл хикаялары» атты тұңғыш республикалық байқауда Қуат Қиықбайдың «Аран» атты хикаяты бас жүлдені жеңіп алған болатын.
Бұл жолғы кездесуде де қаламгер әңгімесінің әлқиссасын өзінің шығармашылығына ерекше әсер еткен жазушы Оралхан Бөкейдің шығармашылығынан бастады.
– Оралхан кез келген тақырыпты өзі игеріп алмайынша, сіңіріп, пісіріп алмайынша қалам сілтемейтініне сіз оқырман ретінде де, әдебиетші ретінде де көз жеткізе аласыз. Оның Қызылқұмға бір аптаға арнайы іссапармен барып жазған «Құм мінезі» деген повесі бар. Мұндағы ерекшелік – тақырыпты игеруі. Шығармашылық адамының қырағылығы мен байқампаздығы. Оралханның бұл қасиетіне Шерхан Мұртазаның өзі де таңғалған екен, – дейді Қуат Қиықбай.
Мысалы Оралхан Бөкейдің қоғамның шындығын, адамның сұмдығын әшкерелейтін бір ғана «Қасқыр ұлыған түнде» әңгімесінің өзінде қаншама астар, қаншама ой бар. Оралхан Бөкейдің биіктігі, Оралхан Бөкейдің кеңістігі деген осы. Жазушы туындылары сонау алпысыншы жылдардың аяғында, жетпісінші жылдардың басында қазақ әдебиетінде қаншалықты үлкен таңданыс тудырса, бүгінгі күнде де түрлі қырынан ашылып жатыр. Оралхан Бөкейдің шығармаларына ешқандай жарнаманың керегі жоқ. Оның шығармаларын мектеп жасындағы бала да, студент те, үлкен кісілер де оқи береді. Өйткені жазушы шығармаларында ой, сезім бар, шынайы өмір де, лирика да, натурализм де бар. Осы тұрғыдан алғанда, оның туындылары құнды, шығармаларының тақырыбы өзекті.
Сөз арасында жас жазушы Семейдегі Шәкәрім атындағы университетте әдебиет теориясынан дәріс оқып жүргенін де айтып өтті. Бүгінде балалар неге кітап оқымайды немесе жас жеткіншектердің әдебиетке неге қызығушылығы жоқ деген сауалға да жауап беруге тырысты. Айтуынша, шындап келгенде мұның астарында көп дүние бар. Біз өзімізде бар дүниені насихаттай алмай келеміз.
Қазір жұрт жазушымен кездесу, ақынмен кездесу болады дегенге анау айтқандай селт ете қоймайды. Өйткені қазір екінің бірі – ақын-жазушы. Қазақстанның әр өңірінде жыл сайын «Ғибратты ғұмыр», «Өнегелі өмір» деген атаумен 40-50 кітап шығатын көрінеді. Ал екі кітабы жарық көрген адам оқырманмен кездесу өткізіп, шығармашылық кеш жасайды. Соның салдарынан бүгінгі қоғам қаламгермен кездесу өтеді десе елең етпейтін болды. Ал бұрын халық ақынмен, жазушымен өтетін кездесуді тағатсыздана күтетін. Тіпті Одақтың кіші залындағы кездесулер дүрілдеп өтетін. Ол кезде арнайы бір елек болатын. Сол үшін жазылған шығармалардың көркемдік деңгейін әйгілеп отыратын арнайы орта керек сияқты, – деді жазушы-драматург Қуат Қиықбай.
Сондай-ақ жазушы өзінің жазған туындылары, шетел әдебиетінен жасаған аудармалары, драматургия жанрындағы ой толғамдарын ортаға салды.
Қаламгерді Ұлан аудандық мәслихат депутаты Нұртай Тілеужан, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті «Абай» орталығының директоры Айжан Картаева құттықтап, ізгі тілегін білдірді. Ал Жастар театрының көркемдік жетекшісі Едіге Қайыртайұлы Шығыс Қазақстан облыстық драма театрының директоры Руслан Қайырсыновтың атынан Алғыс хат табыстады.
Залда отырған қауымға ақынның қызы Айзере Ұлы Абай атасының өлеңдерін оқып берді.