Кәсіпкерлікпен айналыссам, кәсібімді дамытсам деген ауылдағы қыз-келіншектерге жаңа мүмкіндіктер ашылып жатыр. Облыста наурыз айынан бастап әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға арналған «Cocа-Cola белестері» жобасына өтінімдер қабылдау басталады. Қайтарымсыз грант беріп, әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға арналған бұл жобаға биыл ауылдың қыз-келіншектерін көптеп (80 пайыз көлемінде) тарту көзделіп отыр. Ал қолынан іс келетін ауыл тұрғындарының кәсіппен айналысуына қолдау көрсетуге бағытталған «Бір ауыл – бір өнім» жобасына енді әйелдермен қатар ер-азаматтар да қатыса алады. Биыл облыста кәсіпкерлікті өркендетуге орай мемлекеттік грант (тегін қаржы), қайтарымсыз қаржы беріп, қолдау көрсететін тағы қандай бағдарламалар жүзеге асырылмақ? Олардың тиімділігі неде? Талаптары мен шарттары қандай?
«Cocа-Cola белестері» грант бөледі
Әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға арналған «Cocа-Cola белестері» атты республикалық жобаға былтыр біздің облыстан төрт бірдей қыз-келіншек қатысып, төртеуі де қайтарымсыз қаржылай грант (2 млн теңге мөлшерінде) ұтып алды. Елімізде он жылдан астам уақыттан бері жүзеге асырылып келе жатқан жобаға биыл ауылдардағы қыз- келіншектерді көптеп тарту көзделіп отыр. Былтыр облыста өткен ауыл әйелдерінің форумында аталған жобаны жүзеге асыруда ауылды жердегі әйелдердің кәсіп көзін табуына көмектесуге басымдық берілетіндігі қадап айтылды. Сондықтан Тарбағатай, Күршім, Самар, Катонқарағай, Зайсан, Марқакөл және басқа да аудандарда тұратындар үшін бақ сынап, өз жобаларын ұсынып, қаржылай көмекке қол жеткізетін сәт туып отыр.
Өскемендегі «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту» орталығының мамандары «Cocа-Cola белестері» жобасына қатысушы әйелдердің жеке кәсіпкер (ИП) болуы міндетті емес екендігін айтады. Қарап отырмай, тігін тігумен, нан-тоқаш өнімдерін өндірумен, гүл, құлпынай, қарақат өсірумен, қолөнер бұйымдарын, жартылай фабрикаттар жасаумен айналысып, сиыр сауып, құрт, май жасап, құрғақ жеміс түрлерін жасап, қаз, үйрек, мал өсіріп, бал өндіріп, тағы да басқа өзінің қолынан келетін іспен, өзі жақсы көретін (хобби) іспен шұғылданып отырған нәзік жандардың бәрі жобаға қатыса алады. Ол үшін үміткерлер Өскемендегі «Әйелдер кәсіпкерлігі орталығына» келіп (орталық менеджері Әсем Смаилованың кеңес беріп, көрсетуімен) құжаттарын тіркеуі қажет немесе «Cocа-Cola белестері» сайтына кіріп, тіркелуге тиіс. Тіркелген соң онлайн оқу (екі-үш күндік) курсынан өтіп, оқып-тоқығаны бойынша тест тапсырып, сертификат алуы қажет. Жобаға қатысу үшін өз тарапынан қосымша қаржыландыру қажет емес. Ең бастысы, қатысушының кәсіп көзін тапсам деген талпынысы, идеясы болғаны абзал. Өтінім берушілер өнімді өндіруге қажетті шикізатты қайдан алатындығы, бәсекелестік қабілетін қалай көтеретіндігі, кәсібін қалай дамытатындығы туралы сауалдарға жауап бере отырып жоба сайтындағы бизнес-жоспар үлгісін толтырады. Электронды поштасын, телефон нөмірін көрсетіп, қалдырады. Жеңімпаздарға берілетін гранттың ең минималды сомасы – 2000 АҚШ доллары. Өтінім қабылдау 1 наурыздан басталады.
Былтыр «Coco-Cola белестері» жобасының грантына ие болған Глубокое ауданының тұрғыны Полина бал өндіріп отыр, Ольга косметика жасап жатыр. Өскемендік Перизат ескі киімдерден жаңа киімдер тігумен айналысады, Людмила шыныдан мүсіншелер жасап, сатуда.
Ауылдың өнімін брендке айналдырмақ
Екі жылдан бері елімізде ауыл тұрғындарының кәсібін қолдауға арналған «Бір ауыл – бір өнім» жобасы іске асырылып жатыр. Алғаш Жапонияда ойлап табылған бұл әлеуметтік жобаның мақсаты белгілі бір аймақтың еркшелігін көрсететін бірегей, сапалы өнім өндіруге болатын кәсіп көзін (иесін) тауып, жергілікті ресурстардан сапалы өнім шығарып сатуды жолға қою. Жергілікті өнімді өткізу мүмкіндіктерін кеңейте отырып оны жергілікті және халықаралық нарыққа шығарып, ауылдың өнімін брендке айналдыру. Жоба аясында елді мекенде жұмыссыз отырған қыз-келіншектердің, ер-азаматтардың шығарып жатқан түрлі бұйымдары облыстық, халықаралық көрмелерге қойылып, жарнамаланады.
Әсем Смаилова, «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту» орталығының менеджері:
– Ауыл тұрғындары «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысып, жеңімпазы атанса кәсіпкерлікті дамыту үшін жыл сайын мемлекеттен бөлінетін 5 млн теңге көлеміндегі грант алу үшін конкурсқа қатыса алады. Аудандарда ауылдардағы кәсіпкерлікті дамытуға арналған жобаларға, «Кәсіпке бағыт», «Мен кәсіпкер» жобасына қатысқысы келетін тұрғындар, жастар өте көп. Оларға мемлекеттік қолдауды, грантты қалай алуға болатынын кеңінен түсіндіру қажет. Олар белсенді болып, өз кәсіптерін өркендетуге талпынса, бізге хабарласып, байланысқа шықса дейміз. Біз өзіміз де ауылдарда жиі болып жүргенімізбен, жолықтыра алмай қалатын кездер болады. Мысалы, Күршім ауданында Әсел Рамазанова деген жас қыз мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа тарта отырып әскери бөлімге қызмет көрсетіп, әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысып келеді. Осы ауылда барлық жабдығымен жылыжай салып жатқан жас кәсіпкер жігіт те бар. Зайсан ауданында киіз үй жасап жүрген ауыл тұрғыны, Ақжар ауылында өзінің қолөнерімен мүмкіндігі шектеулі балаларды, адамдарды қолөнерге баулып жүрген Виктория Мұхтарова деген көпбалалы ұстаз бар. Катонқарағай ауданында Бақытгүл Сейтжаппарова деген шебер тұрады. Өзге де іскер, кәсіп көзін тапқан жандар әр өңірде бар. Олар осындай мемлекеттік бағдарламалар туралы аса пайдалы ақпаратты қалт жібермей, оқып, үйренуге, тәжірибе жинауға талпынып, грант алуға ұмтылса деймін. Бізбен хабарласып, кеңес сұрауға болады, ватсап нөмірім: 8-705-701-40-11
Биылдан бастап, «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысып, жеңімпаз атанған ауыл тұрғындары 5 млн теңгеге дейінгі мемлекеттік грант алу конкурсына қатыса алады. Кәсіпкерлік және индустриялық- инновациялық даму басқармасы мамандарының айтқанындай, былтыр облыстағы кәсіпкерлік субъектілерінен 5 млн теңгеге дейінгі гранттарды алуға 284 өтінім келіп түсіп, 241 өтінім конкурсқа қатысуға қабылданған. Конкурс қорытындысы бойынша облысымыздың тоғыз өңірінен 49 кәсіпкерлік субъектісіне жалпы сомасы 243 млн теңге мемлекеттік гранттар берілген. Биыл гранттық қаржыға 72,5 млн теңге ғана қарастырылып отыр. Себебі биылдан бастап грант берудің ережелері өзгерген. 2023 жылы жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік гранттар (5 млн теңгеге дейін) беру жылдағыдай «2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» шеңберінде жүзеге асырылған болса, енді мемлекеттік гранттар барлық министрліктердің 2023 жылғы қарашадағы бірлескен бұйрығымен бекітіліп, әзірленген «Мемлекеттік қаржылық қолдау нысандары, мемлекеттік қолдауға жататын жеке кәсіпкерлік субъектілері қызметін жүзеге асыратын экономика салалары» аясында берілетін болады.
Биылғы 1 қаңтардан бастап Үкіметтің 2023 жылғы қыркүйектегі №828 қаулысымен кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаның күші жойылған. Тиімсіздігінен немесе сыбайластық тәуекелдігіне байланысты жойылды ма, ол жағы белгісіз.
Бес миллион кімге бұйырады?
2024 жылы мемлекеттік гранттар әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне (әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізіміне енген) және «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасының финалистері болып есептелетін шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне конкурс арқылы өтеусіз негізде беріледі. Яғни, биылдан бастап әлеуметтік кәсіпкерлер тізіміндегі кәсіпкерлер мен «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысып, жеңімпаз атанған ауыл тұрғындары 5 млн теңгеге дейінгі грант бөлу конкурсына қатыса алады. Бұл ауылдағылар үшін тағы бір гранттық қаржы алудың мүмкіндігі болып отыр. Бір кәсіпкер үшін мемлекеттік грант сомасы мемлекеттік грант алуға ұсынылған өтінімге байланысты 5 млн теңгеге дейін болады.
Басқарма мамандары түсіндіргендей, әлеуметтік кәсіпкерлерге осы тізімге енген әртүрлі санаттағы әлеуметтік кәсіпкерлер тобы, сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі жандармен бір жылдан астам уақыт жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлер жатады. Сондай-ақ білім беру орталықтары, мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтып отырғандар, мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсетіп, өнім жасап жатқандар жатады. Ол үшін осындай қызметтерді көрсетуші кәсіпкер әлеуметтік кәсіпкерлер реестріне тіркелу керек.
Әлеуметтік кәсіпкерлер тізіміне әр тоқсан сайын, 1 наурыздан 15 наурызға, 1 маусымнан 15 маусымға, 1 қыркүйектен 15 қыркүйекке, 1 желтоқсаннан 15 желтоқсанға дейін кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы арқылы тіркелуге болады.
Биыл 5 млн теңгеге дейінгі гранттарды беру конкурсы бюджет қаражатының бөлінуіне қарай мамыр айында өткізіледі деп жоспарланған. Конкурстың өтуі туралы хабарландыру өңірлік үйлестіруші – кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының ресми сайтында, веб-порталда орналастырылатын болады: Kezekte.kz және ресми әлеуметтік желілерде: Instagram, YouTube (upiir_vko).
Ақжар ауылындағы көпбалалы ана Виктория Мұхтарованың мамандығы – мұғалім, Тарбағатай ауданындағы «Жартылай стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» мекемесінің тәрбиешісі. Виктория биыл ауылдағы қыз-келіншектерге, ауыл тұрғындарына, кәсіпкерлерге арналған жобалардың біріне қатысуды жоспарлап отыр.
– Біздің орталықта үш жастан 49 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі қызмет алушыларымыз бар. Қызмет алушылардың жасына шектеу жоқ. Орталыққа келушілерді қолөнер бұйымдарын жасауға үйретіп, өз бетімен жұмыс істеуге бейімдеп, машықтандырып жатырмын. Гипстен күнделікті қолданысқа пайдаланатын заттарды жасаудың арнайы курсын оқыдым. Сол оқыған жерімнен, Астанадан, Алматыдан қажетті материалдарды тапсырыспен алғызып, қазір балалармен гипстен әртүрлі өнімдер жасап жатырмыз. Қымбат болуына байланысты көп заттардың қалыбын ала алмадым, сегіз түрі ғана бар әзірге. «Арома шамдар» да сатып алдым. Оның да курсын оқығанмын. Дайын өнімімізге осы майшамды құйып одан да бір өнім шығарып жатырмыз. Қызмет алушы балалардың ішінде бір-екеуі болса да осы істі меңгеріп алса мен үшін үлкен жетістік. «Арома майшам» мен гипс материалын да өз қаржыма сатып алдым. Балалар орталыққа қызығушылықпен келсін, өзімнің қолыммен бір нәрсе жасаймын деген оймен келсін деген ниетпен алдым. Қазір жасаған бұйымдарымызды сатып алуға ұсыныстар түсіп жатыр. Бірақ мен заттарды жай ғана сата салмай осы балалардың еңбегін көрсетіп, балалардың өзін тарта отырып арнайы көрме ұйымдастырып, гипстен жасалған қобдиша, сабын салғыш, құмыра, хош иісті «арома – саше», «баблс шарлары», «раушан гүлдері» сияқты балалардың қолымен жасалған қолөнер бұйымдарын көрмеге қойсам деген жоспарым бар, – деген Виктория грантқа ие болып жатса, ол өзі үшін де, балалар үшін де үлкен жеңіс болатынын айтты.
Бес миллион ба, бір миллион ба, қанша теңге болса да қайтарымсыз қаржы маңдай терін төгіп жүрген талаптының, шын мұқтаждың қолына тиіп, еңбегін еселесін.
Суретте: Виктория Мұхтарова