«Казцинктің» мыс зауыты өзінің алғашқы мерейтойын атап өтті

2011 жылы Шығыс Қазақстан облысының ірі компаниясының тарихындағы ең маңызды жобалардың бірі – Өскемен металлургия кешенінде Мыс зауытының құрылысы жүзеге асты. Бүгінде кәсіпорын толық жобалық қуатында жұмыс істеуде. «Казцинк» компаниясының ең заманауи өндірісі саналатын Мыс зауыты шілде айының соңында өзінің онжылдығын атап өтті.
2005 жылы компанияда ауқымы бойынша теңдессіз «Жаңа металлургия» жобасын іске асыру туралы шешім қабылданды. Ол өндірістік базаны жаңартуды, қорғасын зауытын жаңғырту есебінен экологияға келтірілетін зиянды едәуір азайтуды және жаңа өндірістер құруды қамтыды. Жоба аясында мыс зауытының құрылысы төрт жылға созылды, мұнда әлемнің 10 елінен 5 мыңнан астам маман жұмыс істеді. Нөлден бастап салынған өндіріс Өскемен металлургия кешеніндегі басқа бөлімшелердің құрылымына біріктірілді. 2011 жылы жаңа зауыт алғашқы өнімді шығарды, ол – Cu 99,99 жоғары сапалы таза катодты мысы.
Бүгінгі таңда бұл – Австралия, Германия, Жапония, Австрия және Швецияның жетекші өндірушілерінің технологиялары қолданылатын ең заманауи кәсіпорын. 450-ден астам адам еңбек ететін Мыс зауытының құрамында төрт цех бар, олар жылына 70 мың тонна катодты мыс өндіруге мүмкіндік береді.
Мерейтойға орай үздік қызметкерлерге құрмет грамоталары, сондай-ақ естелік сыйлықтар табыс етілді.
– Біз үшін зауытты он жыл бұрын еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өз қолымен іске қосқаны аса маңызды, – дейді металлургия жөніндегі атқарушы директор, Өскемен металлургия кешенінің директоры Тұрарбек Әзекенов. – Бұл өндірісті одан әрі дамытуға ерекше серпін беріп, жобаларымызға қуатты қарқын сыйлады. Бүгінгі таңда Мыс зауыты – елімізден тыс жерлерге танымал ең заманауи, технологиялық өндіріс.
– Он жыл ішінде біз 10 миллионнан астам катодты мыс пластинасын шығардық, – деп атап өтті Өскемен металлургия кешені Мыс зауытының директоры Дмитрий Тилиляев. – Зауыт құрамында негізгі металдың үлесі небәрі 10-12% мыс шикізатын өңдеу бойынша мол тәжірибеге ие. Осы өлшем жөнінен бүгінгі таңда біз – австралиялық Isasmelt технологиясы бойынша әлемдік көшбасшылардың біріміз. Мұның бәрі біздің кәсіби мамандарымыздың – «Казцинк» еңбеккерлерінің арқасында мүмкін болып отыр.