
Өскеменде «Казцинк» серіктестерінің форумы өтті. Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-да кен-металлургиялық компанияның мердігерлері мен жеткізушілері, мемлекеттік, сондай-ақ қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері күндізгі және онлайн форматта бас қосты. Қатысушылар бірлесіп жұмыс істеу тәжірибесі туралы және өзара ықпалдастықты мүмкіндігінше жемісті жалғастыру үшін сақталуы қажет қағидалар мен нормативтер туралы айтты.
Іс-шараға жүзден астам қатысушы жиналды. «Казцинк» тарапынан қатысқан өкілдер әлеуетті серіктестер компаниямен ынтымақтастық орнату үшін өтуге тиіс рәсімдер туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Компания сақталуы тиіс салық заңнамасының талаптарына және ішкі корпоративтік нормаларға жеке тоқталды. Мемлекеттік органдардың өкілдері «Казцинкпен» жұмыс істеу аясындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы, еңбек, табиғатты қорғау құқықтары туралы баяндады. Ал қазіргі серіктестер, қоғамдық ұйымдардың қызметкерлері компаниямен орнатқан қарым-қатынас тәжірибесі туралы сөз етті. Кездесу барысында қатысушылар маңызды ақпаратпен алмасып, ынтымақтастық жайлы сұрақтарын қойды.
– Мұндай форматтағы кездесу біз үшін жаңа бастама, – деді «Казцинктің» бас директоры Александр Хмелев. – Біз «Казцинк» пен оның серіктестеріне қатысты ынтымақтастықты, өзекті мәселелер мен міндеттерді талқылау үшін ортақ алаң құруды ұйғардық. Өз тарапымыздан біздің мүмкіндіктеріміз туралы және орындалуын сұрайтын нормаларымыз бен талаптарымыз туралы айттық. Іскерлік серіктестерімізден бірлескен жұмыстың нәтижелері туралы, сондай-ақ қарым-қатынасты одан әрі жетілдіру жөніндегі ұсыныстарын естідік. Форумды 9 желтоқсан – Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орайластыруымыз бекер емес. Сөйтіп біз компанияның заңсыз қызметтің кез келген түріне қарсы екенін көрсеткіміз келеді. Болашақта форум тұрақты әрі тиімді диалог алаңына айналады деп сенеміз.
– «Казцинк» сияқты ірі компания серіктестермен, мемлекеттік органдармен бірлескен жұмысты талқылау үшін ауқымды іс-шара өткізіп жатқаны қуантады, – деді облыс әкімінің орынбасары Шәкәрім Бұқтұғұтов. – Бірлескен диалог, заңнаманың сақталуын талқылау мүмкіндігі, жұмыстағы басты мәселелерді айқындау, қарым-қатынастың жаңа, ортақ жолын табу – барлығы үшін өте пайдалы.
«Казцинк» еліміздегі ең ірі кен-металлургиялық компаниялардың бірі ретінде отандық бизнеспен ұзақ жылдар бойы ынтымақтастықта екенін айта кеткен жөн. Өз өндірісін дамыта отырып, «Казцинк» 20 жылдан астам уақыт бойы қазақстандық өндірушілерге басымдық беріп, оларды тапсырыстармен қамтамасыз етіп келеді. Компания серіктестерінің 70 пайызға жуығы – отандық кәсіпорындар. Мұндай шешім жергілікті бизнеске жаңа жұмыс орындарын құруға, шығарылатын тауар түрлерін кеңейтуге, өндірісті жаңғыртуға, ең бастысы «Қазақстанда жасалған» белгісі бар өнімдердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.