Қоғам

«Казцинкте» жаңа мұржа орнатылады

«Казцинкте» жаңа мұржа орнатылады


«Казцинк» ЖШС-нің Өскемен металлургиялық кешенінде «Хальдор Топсе» деп аталатын жаңа қондырғыны орнату жұмыстары аяқталуға жақын. Аталған заманауи қондырғының көмегімен ауаға тарайтын зиянды қалдықтар мөлшерін барынша азайтуға болады, дейді компанияның экологы Вадим Кушнарев.

Алпауыт өндіріс орнының әкімшілік ғимаратында өткен баспасөз мәслихаты барысында компания мамандары 2018 жылдың қорытындыларын шығарып, алдағы жоспарларымен бөлісті.

– «Казцинк» қашан да экология мәселелерін алдыңғы орындарға қояды. Бұған кәсіпорынның күкірт қышқылы зауытының құрылғыларын жаңарту жұмыстары да дәлел бола алады. Жалпы, аталған іс-шара 2004 жылы басталған-ды. Содан бері Өскеменде ауаға тарайтын зиянды қалдықтар мөлшері бірнеше есеге азайған. Биыл аталған жобаның нүктесін қоямыз. 2018 жылы зауыт аумағында даниялық «Хальдор Топсе» компаниясының жаңа мұржасын орнату жұмыстары қолға алынған. Қалыңдығы сегіз қабат, ұзындығы 102 метрді құрайтын аталмыш мұржа арнайы тапсырысымыз бойынша жасалды, оны Өскеменге дейін жеткізудің өзіне шамамен екі айдай уақыт кетті, – деген маман мұржаның құны бір миллиард теңгені құрағанын да мәлім етті.
Белгілі болғандай, мұржаны орнату жұмыстары жақын арада басталуы тиіс. «Казцинк» инженерлері кәсіпорын мұржасын ауыстыру кезінде зауыт жұмысы тоқтамайтынын айтып отыр.

– Жалпы, бұған дейін жүргізілген өндіріс орнының тазалағыш құрылғыларын жаңарту жұмыстары нәтижесінде ауаға тараған күкірт диоксидінің мөлшері шамамен төрт есеге азайған. Бір ғана 2018 жылдың ішінде атмосфераға жайылған аталмыш заттың мөлшері бір мың тоннаға кеміді. Биыл бұл көрсеткішті тағы 500 тоннаға азайтуды көздеп отырмыз. Демек, облыс орталығының экологиялық ахуалы сәл де болсын жақсара түспек, – дейді В.Кушнарев.
Сондай-ақ баспасөз мәслихаты барысында «Казцинк» мамандары былтыр қоршаған ортаны қорғау мақсатына Өскемен металлургия кешені төрт миллиардтан астам теңге көлемінде қаражат бағыттағанын хабарлады.

Кездесуде сонымен қатар 2018 жылы «Казцинкке» қарасты қорғасын зауытының химия-металлургия цехын қайта жарақтау іс-шаралары аяқталғаны да белгілі болды. Осының арқасында енді өндіріс қалдықтарының мөлшері шамамен бір жарым есеге азаюы тиіс екен. Бұған қоса компания мамандары былтыр Өскемен металлургия кешені аумағында орналасқан құрамында күшәласы бар қалдықтар үйіндісі оқшауланғанын да жеткізді.

– Биыл жылдағы дәстүр бойынша көптеп ағаш және гүл отырғызамыз, сенбіліктер өткіземіз. Осындай жұмыстардың нәтижесінде өндіріс орнының аумағындағы, сондай-ақ оның іргесіндегі 22 мың шаршы метр жер жаз айлары сайын көкке оранады, – дейді компания экологы.

Айта кетейік, 2019-2020 жылдары Өскемен металлургия кешені қоршаған ортаны қорғау жұмыстарына екі миллиард теңгеден астам қаражат бөледі деп жоспарлануда.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button