Қоғам

«Казцинк» жұмысшысы Германиядан жүлделі оралды

«Казцинк» жұмысшысы Германиядан жүлделі оралды


Риддер кен-байыту кешенінің Тишин кенішінде бекітуші болып жұмыс істейтін Александр Фраш Германияның Вольфсбург қаласында қол күрестен өткен турнирде күміс және екі қола медальді иеленіп қайтты (суретте сол жағында, қарсыласымен).

Вольфсбург қаласында жылда ұйымдастырылатын кәсіби турнир “OVER THE TOP” деп аталады. Оған биыл 100-ден аса спортшы қатысқан. Ал Александрдың иығына артылған жауапкершілік жүгі екі есе болатын. Себебі ол Қазақстанның намысын жалғыз өзі қорғады. Жарыста шығысқазақстандық спортшы 13 елден келген қарсыластарымен жиырмаға жуық жекпе-жек өткізіп, олардың басым көпшілігінде жеңіске жетті. Турнирдің қорытындысы бойынша Александр Фраш үздік үштіктен көрініп, өзінің 100 келіден жоғары салмақ дәрежесінде сол қолмен және оң қолмен күресте үшінші орын, ал сол қолмен шеберлік байқасуда екінші орын алып отыр. Сонымен бірге абсолюттік күресте қола жүлдегер атанды (абсолюттік чемпиондарды анықтауда салмақ категориясы есепке алынбайды).

– Нәтижеге көңілім толады. Алған әсерімді айтып жеткізу қиын. Оның үстіне мұндай жоғары деңгейдегі жарысқа ұзақ үзілістен соң шығып отырмын. Соған қарамастан жеңіске деген мүмкіндігім болғанына қуаныштымын, – дейді Александр.

Айта кетсек, Александр қол күресімен 20 жасынан бастап айналысады. Оған дейін бодибилдингпен шұғылданған. Қазір жасы 37-де. Риддерде өткен өзінің алғашқы жарысында бір ғана қарсыласын жеңіп, өзгелеріне жол берген болатын. Бұл жағдай өзін-өзі қамшылауға, спорттық бабын жетілдіре түсуге себеп болғаны анық. Бұдан соң Фраш ешбір турнирден жүлдесіз оралып көрген жоқ. Қала, облыс және республика чемпионаттарына қатысып соң, ондаған халықаралық турнирде бақ сынады.

Александр – халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанның бірнеше дүркін және Азияның чемпионы, сонымен бірге Әлем чемпионатының күміс жүлдегері (2009 ж.).

Қол күресі шеберінің еңбек жолы «Казцинкпен» және тау-кен ісімен байланысты болып келеді. «Казцинк-Шахтостройда» үңгуші болып бастаған, ол соңғы жеті жылда Риддер кен-байыту кешенінің Тишин кенішінде бекітуші болып еңбек етіп келеді. Александрдың айтуынша, кенші мамандығы жақсы физикалық форманы қажет етеді және бұл жолда спорттың берер пайдасы мол.

Александр Фраш – компания спартакиадаларының және «казцинктік» жарыстардың тұрақты қатысушысы. Өзінің спорттағы үлгісімен және қолдауымен көптеген әріптестерін армрестлингке тартып жүр, олардың кейбірі облыс және республика чемпионаттарының қатысушылары болды.

– Кәсіби деңгейде өнер көрсетіп, чемпионаттарға қатысуды бастағанда компания тарапынан үнемі қаржылық қолдау болды. Вольфсбургте өткен турнирге де «Казцинктің» көмегінің арқасында қатысып қайттым, – дейді Александр.

Аталған турнирге қатысуының Александрға жігер бергендігі соншалықты, енді ол бапкерлік жұмыспен айналысуды да мықтап ойға алған көрінеді.

– Маған өзгелерді жаттықтыру, білгеніңді қызығушылық танытқан басқаларға үйрету қызықты. Қазірдің өзінде әріптестерімнің ішінде ниет танытқандар, жаттыққысы келетіндер бар. Сондықтан бұл іспен шұғылданудың уақыты келді, – дейді ол.

Олай болса, қол күресінің шеберіне енді жаттықтырушылық қызметінде де жоғары биіктерді бағындыруды тілейміз.

Азамат Асхатұлы

Осы айдарда

Back to top button