«Казцинк» жергілікті кәсіпорындармен байланысты арттырады. дамытуда

Тау-кен өндіру және металлургия өнеркәсібінің көшбасшысы бола отырып, «Казцинк» еліміздегі шағын және орта бизнес кәсіпорындарымен белсенді ынтымақтастық жасауға ұмтылуда.
Ірі компанияның негізгі өндірістік алаңдары еліміздің Шығысында орналасқандықтан, облыс кәсіпкерлерімен байланысқа аз көңіл бөлініп жүрген жоқ. Қазақстандық үлесті дамыту аясында жыл сайын өңір өндірушілерімен өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қой қойылады. Соңғы бірнеше жылдың ішінде «Казцинкпен» ынтымақтасушы Шығыс Қазақстан облысы жеткізушілерінің саны ұзақмерзімді тапсырыстар бойынша да, қысқамерзімді тапсырыстар бойынша да айтарлықтай артты.
Облыстық кәсіпкерлер палатасында «Казцинк» ЖШС коммерциялық талдау және даму қызметінің басшысы Татьяна Иванованың Шығыс Қазақстан облысының түрлі ұйымдары өкілдерімен кездесуі болып өтті. Кәсіпкерлер ірі бизнеске арналған өз өнімдерін және мүмкіндіктерін таныстырды.
«Казцинкпен» жұмыс істеп жүрген фирмалар ынтымақтастықты кеңейту жолдарын ұсынды.
– «Казцинк» қазақстандық үлесті ұлғайту бойынша жоспарлы жұмыс жүргізуде. Бұл көрсеткіш өткен жылы да өсті. Жергілікті жеткізушілермен ынтымақтастықтың дамуына осындай диалогтық алаңдар да өз үлесін қосып келеді, – деп атап өтті Шығыс Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Игорь Шацкий.
Бүгінгі таңда тау-кен-металлургиялық компанияның еліміз бойынша 800-ден астам осындай тұрақты серіктестері бар. Қазақстандық фирмалар «Казцинкке» тауарлар мен қызметтер ұсынады, мердігер ұйым ретінде жұмыстар атқарады. Ірі компаниямен тұрақты ынтымақтастық көптеген кәсіпкерлерге өз бизнесін кеңейтуге мүмкіндік берді. «Казцинк» іргесі қаланған күннен бастап мына принципті ұстанып келеді. Егер отандық тауар сапасы, бағасы, жеткізу шарттары бойынша шетелдікінен кем түспесе, онда өз еліміздің өніміне басымдық берілетін болады.
2012 жылдың сәуірінде «Казинкте» қазақстандық үлесті дамыту бойынша кеңсе ашылды. Осы құрылымдық бөлімшенің мамандары компанияның ел ішіндегі іскерлік байланыстарын кеңейтіп, кәсіпкерлерге ынтымақтастық мәселелері бойынша кеңес беріп келеді. Мұндай амал-тәсіл айтарлықтай нәтиже шығарады. Жыл сайын компания отандық кәсіпкерлермен 2 мыңнан аса келісімшарттар мен келісімдер жасасады және бұл сан өсуін жалғастыруда.
– Біз қазақстандық құрам үлесін ұлғайтуға барынша мүдделіміз. Біздің жалпы сатып алуларда отандық өндірістегі тауарлар мен қызметтер (шеттен сатып алынатын шикізатты есепке алмағанда) 68 пайызды құрайды. Жыл сайын біз ел кәсіпорындарынан 186 миллиард теңге сомасындағы тауарлар мен қызметтерді сатып аламыз. Бұл «Казцинк» қазақстандық үлесті дамыту туралы Елбасы бастамасын қолдайтынын барынша анық растайды. Осы маңызды жұмыста біз NADLoC агенттігімен, Шығыс Қазақстан облысының әкімдігімен, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және «Даму» қорымен белсенді өзара әрекеттесе жұмыс істеп келеміз, – дейді Татьяна Иванова.
Мұнымен қатар, «Казцинк» ЖШС өкілдері жергілікті кәсіпкерлерді тендерлік шараларды жүргізу кезінде олқылықтарға жол бермеуге тырысуға шақырды.
– Кейде тауардың құны мен сапасы жақсы, бірақ банктен берілетін қарапайым бір құжаттың немесе дұрыс толтырылмаған анықтаманың кесірінен оң шешім шығару мүмкін болмай жататын жағдайлар болып тұрады. Бұл кіші-гірім болса да, рәсімнің бұзылуы, – дейді компаниядағылар.
Кездесу барысында Шығыс Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасының қолдауымен оқыту форматындағы диалог алаңын ұйымдастыру ұсынылды. Яғни, «Казцинкпен» табысты және ұзақ уақыт бойы ынтымақтасып келетін кәсіпорындар әріптестікті орнатуға енді ғана тырысып жатқандармен тәжірибе бөлісе алар еді.
Ержан Кеңесұлы