«Казцинк» пен хоккейшілер балғындарды құттықтады

Облыс орталығында «Біздің басты жеңістеріміз – балаларға!» атты жаңажылдық қайырымдылық акциясы өтті. «Торпедо» хоккей клубының ойыншылары команданың бас демеушісі – «Казцинк» компаниясының өкілдерімен облыстық Ана мен бала орталығында болып, балаларға жаңажылдық сыйлықтар табыс етті.
Жаңа жылды ауруханада қарсы алуға мәжбүр балғындарды осылайша құттықтау хоккейшілер мен тау-кен металлургия компаниясының қызметкерлері үшін тамаша дәстүрге айналған. Бұған дейін, 21 және 23 желтоқсан күні Спорт сарайында өткен хоккей матчтарында «Мишкопад» жұмсақ ойыншықтарды жинау шарасы ұйымдастырылған болатын. Ойындар аяқталысымен, жанкүйерлер мұз айдынына балаларға сыйлыққа деген ойыншықтарды жаудырған-ды. 27 желтоқсанда хоккейшілер жиналған сый-кәделерді бүлдіршіндерге сыйлау үшін облыстық Ана мен бала орталығына келді.
-Біз осымен екінші жыл қатарынан ауруханаға келіп, денсаулығына байланысты мерекені емдеу мекемесінде қарсы алуға мәжбүр балғындарды құттықтадық, – деді «Торпедо» командасының шабуылшысы Аркадий Шестаков, – Жанкүйерлерге белсенділіктері мен сыйлықтары үшін алғысымызды білдіреміз. Барлық қалалықтармен бірлесіп, балақайларға жақсы көңілкүй сыйладық.
Орталықтың нейрохирургия, хирургия, неврология және басқа да бөлімшелерінде жатқан балақайлар қонақтарды қуана қарсы алды. Өңірдің түкпір-түкпірінен келген кішкене пациенттер үшін бұл күн, шынында да,естен кетпес ерекше күн болғаны анық. Оларға әсіресе көңілдерін көтеруге келген жастардың инструкторлық орталығының аниматорлары ұнады. Ертегілер кейіпкерлері бүлдіршіндерге тамаша көңіл-күй сыйлады.
Жанерке есімді бүлдіршін қыз орталықтың хирургия бөлімшесінде әжесі Галина Бейсенбинамен екінші рет жатыр екен.
-Біз үшін, әрине, күтпеген сыйлық болды. Бүгін ғана бөлімше басшысы Серік Сейілханұлы бізге келіп, құттықтау болатынын ескертті. Немереммен осымен екінші рет түсіп қалдық. Мен Серік Сейілханұлы мен бөлімшенің медициналық қызметкерлеріне еңбектері үшін, науқастарға деген мейірімді жүректері үшін рақмет айтқым келеді, – дейді Жанеркенің әжесі.
Ал төрт жастағы Варвараға қонақтар бүлдіршіннің бойымен бірдей жұмсақ аю сыйлады. Сыйлықтың тосын болғаны соншалықты, балақай оған таңданып қарай берді. Өзіне қадалған сансыз камералар мен фотообъективтерден қысылды ма, сөйлемей қойды. Медицина қызметкерлерінің сөзіне қарағанда, Варвара – балалар үйінің тәрбиеленушісі. Қазір негізгі ота жасалған, денсаулығы түзеліп келе жатыр.
Жұмсақ ойыншықпен бірге әрбір балаға тәттілер салынған дорбаша тапсырылды.
-Біз бүгін Ана мен бала орталығына 200 мерекелік жиынтық әкелдік. Осындай алғашқы акцияны біз өткен жылы өткізген болатынбыз. Сол жолы біз хоккейшілер мен жанкүйерлер тарапынан жақсы қолдау тауып, ыстық лебіздерін естіген едік. Сол себепті биыл да қайталауды жөн көрдік. Екі матч кезінде жеткілікті мөлшерде ойыншықтар жиналды. Осы акцияға үлес қосқан әрбір өскемендік балаларға жаңажылдық таңғажайып сыйлаған нағыз мейірімді сыйқыршы деуге болады. Біздің бастамамызға атсалысқан әрбір мейірімді жүрек иелеріне алғысымыз шексіз, – деді «Казцинк» ЖШС директорының әкімшілік мәселелер бойынша орынбасары Андрей Лазарев.
Ана мен бала орталығының директоры Ермек Омарбековтің айтуынша, емдеу мекемесінде облыстың әр ауданынан келген балалар емделуде.
-Олар үшін Жаңа жылды үйден тыс жерде, аурухана қабырғасында қарсы алу, әрине, қуанышты нәрсе емес. Бүгінгі мерекелік көңіл-күй оларды аздап болсын бақытты ете түсті. Бүлдіршіндерге осындай қолдау танытқандардың барлығына алғысымыз шексіз, – деді орталықтың директоры.
Айна Ескенқызы