Қоғам

«Казцинк» аймақ кәсіпорындарына қолдау көрсетіп келеді

«Казцинк» аймақ кәсіпорындарына қолдау көрсетіп келеді


2012 жылдан бастап «Казцинк»ЖШС-інде қазақстандық құрамды дамыту атты арнайы кеңсе ашылды.Қазақстандағы ірі компания содан бері еліміздегі, облыстағы шағын кәсіпорындардың қызметін пайдаланып, тауарын сатып алуға баса назар аударып келеді.

Облыс әкімдігінде өткен дөңгелек үстелде «Казцинк» компаниясының басшылығы шараға келген шағын бизнес өкілдеріне өнім өндірушілермен байланыстарын әрі қарай арттыра бермек екендіктерін жеткізді.

-Бүгінгі күні біздің 600-ден астам серіктесіміз бар. Қазақстандық фирмалар «Казцинкке» өздерінің тауарлары мен қызметтерін ұсына отырып, мердігер ұйымдар ретінде де біздің серіктестеріміз болып келе жатыр. Ірі кәсіпорынмен тұрақты ынтымақтастығы көптеген кәсіпкерлерге өз бизнестерін ұлғайтуға оңды жағдай туғызды. «Казцинк» компаниясы құрылған күнінен бастап, егер отандық тауар сапасы, бағасы, жеткізу шарты жағынан шетелдік тауардан кем түспесе, онда өз еліміздікін таңдайды деген қағиданы берік ұстанып келеді, -деді жиналғандарды кәсіпорынның алдағы жоспарларымен, тауарлар мен қызметтерді сатып алу шартымен таныстырған «Казцинк» ЖШС коммерциялық талдау және даму қызметінің басшысы Татьяна Иванова.

Ол қазақстандық құрамды дамытудың 2018 жылғы қорытындысымен таныстыра отырып,тау-кен, металлургия саласының көшбасшысы болып саналатын компания Қазақстандағы шағын және орта бизнес кәсіпорындарымен ынтымақтастықта болуға барынша күш салатынын атап айтты.

Қазіргі уақытта «Казцинк» кәсіпорны серіктестерінің 71 пайызы – қазақстандық өнім өндірушілер.

– Шетелден импорттауға мәжбүр болып отырған шикізаттарды есепке алмағанда, қазіргі уақытта отандық тауарлар мен қызметтер жалпы сатып алулардың 62 пайызын құрап отыр. Басқаша айтар болсақ, біз жыл сайын қазақстандық кәсіпорындардан 180 млрд. теңгенің тауары мен қызметін сатып алып келеміз. Бұл – «Казцинктің» Қазақстан Президентінің қазақстандық құрамды, яғни шетелдің емес, отандық өнім өндірушілердің тауарын, қызметін сатып алуға орай қойып отырған тапсырмасын, бастамасын жан-жақты қолдайтындығының көрінісі.Қазақстандық құрамды дамыту аясында жыл сайын жергілікті өнім өндірушілермен өзара ынтымақтастық туралы меморандумдар қабылданып келеді. Соңғы үш жылда Шығыс Қазақстанның мыңнан астам тауар өндірушісі «Казцинкпен» ұзақ және қысқа мерзімді тапсырыс бойынша жұмыс істеді. Сатып алудың жалпы сомасы 168 млрд. теңгені құрады,-дейді Татьяна Иванова.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Серік Айкешовтің төрағалығымен өткен дөңгелек үстелде өнеркәсіп саласындағы тауар өндірушілерді қолдап, қорғау бағытында мемлекеттің ірі кәсіпорындармен бірлесе жұмыс істеп, атқарып жатқан шаралары өте өзекті екендігі әрі өзінің оңды нәтижесін беріп жатқандығы айтылды. Оның басты айғағы – облыс әкімдігі мен «Казцинк» ЖШС арасындағы көпжылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан серіктестік бағдарламасы.

«Ертіс» ӘКК активтерді басқару және мемлекеттік бағдарламалар департаментінің директоры Рустам Сәдуақасов Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған ірі кәсіпорындар айналасында шағын және орта бизнесті дамыту бағдарламасы «Бизнестің жол картасы-2020» бірыңғай бағдарламасына еніп отырғандығын, қызығушылық танытып отырған әлеуетті кәсіпорындарды іріктеп алу «Казцинк» ЖШС қатысуымен өтіп келе жатқанын жеткізді. 2017 жылы «Казцинк» компаниясының қатысуымен келісім алаңдары өткізіліп, нәтижесінде ірі кәсіпорын шағын кәсіпорындармен ынтымақтастық байланыс жөнінде меморандумдар қабылдаған. Биылғы жылдың ақпанында «NADLoC» қазақстандық құрамды дамыту ұлттық агенттігі» АҚ, «Индустрияны дамыту жөніндегі Қазақстан институты» АҚ қатысуымен ірі компаниялармен келісім алаңы өткізілген.Мұндай келісім алаңы «Казцинк» компаниясымен де өткізілген.

Аймақтағы шағын кәсіпорындардың «Казцинк» компаниясымен өзара ынтымақтастық байланыстарының нәтижесі, болашағы жөнінде «Үлбі металлургия зауыты» АҚ, «Орика Қазақстан» АҚ, «Силумин Восток», «Полиус» серіктестіктерінің өкілдері өз пікірлерін ортаға салды. «Казцинкпен» қалай байланыс орнатуға болады? Компанияға өнімді сатуға қойылатын талаптар қандай? Кәсіпкерлер тарапынан қойылған осы және тағы басқа да сауалдарға кәсіпорын өкілдері жауап берді.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button