Ауыл шаруашылығыТОП

Қазақтың жабы жылқысын көбейтуді көздеп отыр

Азамат Темірбеков

Қазақтың жабы тұқымды жылқысын көбейтіп, Қалбаның қойын-қолатын үйір-үйір түлікке толтырған «Тайлақ» шаруа қожалығының осы атакәсіпке бет бұрғанына жиырма жылдан асыпты.  

Жарма өңірі асыл тұқымды мал шаруашылығын алға бастырып отырған аймақ ретінде бүкіл республикаға танымал. Бүгінде бұл ауданның аумағында қазақтың ақбас сиырын, қойдың байыс тұқымын, сонымен қатар қазақтың жабы жылқысын өсірумен айналысып отырған шаруашылықтар баршылық. Осындай шаруашылықтардың бірі әрі бірегейі Бірлікшіл ауылдық округінің Қойтас ауылында орналасқан «Тайлақ» шаруа қожалығы. Ағайынды Танабаевтардың және туған-туыстарының ұйымшылдығы арқасында құрылған шаруашылық шағын болса да асыл тұқымды жылқы шаруашылығын жүйелі түрде жүргізіп отыр. Танабаевтар әулетінің аға буын өкілдері мал шаруашылығын қолға алғанға дейін одақтың ыдырауын, 90-шы жылдардағы қиыншылықты көріп, түрлі салада еңбек етті. Мұны түсіне білген кейінгі ұрпақ олардың осы еңбегіне құрметпен қарап, ата-аналарына бар жағынан қолғабыс етті.

Бірлік бар жерде, тірлік бар

Танабаевтар Қойтас ауылының байырғы тұрғындары болып саналады. Осы ауылдың мектебінен білім алып, үлкен өмірге қадам басты. Сол тұстағы көптеген жас сияқты олар да әскери борышын өткеріп келгеннен кейін туған жерден қанат қағып, еліміздің әр өңіріне еңбек жолдарын бастаған еді. Алайда кіндік кескен жердің топырағы мен жұпар аңқыған ауасына, Қызылсудың бал татыған суына деген сағыныш оларды біраз жылдан кейін баба жұртқа «сүйреп» әкеледі. Сөйтіп талай жыл бойы ойда жүрген идеяны іске асырудың сәті туған екен.

Осылайша 2002 жылы береке-бірлігі жарасқан ұйымшыл отбасынан шыққан ағайындылар қазақтың жабы тұқымды жылқысы мен төрт түліктің өзге де түрлерін өсіруге ден қойып, «Тайлақ» шаруа қожалығын құрған. Қазақтың әйгілі асыл тұқымды жылқысын өсіруде мал бағуды ғылыммен ұштастыра білген Танабаевтардың жылдарға созылған ұзақ еңбегі жақсы нәтиже беріп, шаруашылықтың одан ары нығаюына жол ашылды. Осы уақыт аралығында шаруашылық басшылары екі мал базасын қалпына келтіріп, ауылда жаңадан үш үй салды. Кеңес Одағы ыдыраған тұста ауылда техника қалмағаннын айтқан қойтастықтар қазір «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы арқылы алынған жаңа тракторлар мен комбайндардың көбейгенін алға тартады. Жаны жомарт Танабаевтар меценаттықты да ұмытпай, өздері оқыған мектептің спорт залына күресе кілемін, музыкалық құрал-жабдықтар мен басқа да керек-жарақтарын сатып әперіпті.

– Шаруа қожалығымызды арғы атамыз Тайлақтың есімімен атадық, – дейді шаруашылықтың іс басқарушысы Олжас Ерсінов. – Барлығы біздің әкеміз Алтай мен ағамыз Руслан Танабевтардың ұжымдаса қолға алған бастау алған еді. Бастапқыда олар Катонқарағай ауданынан он бас бие сатып әкелді. Содан кейін жылқы басы көбейіп, әкеміз сырттан 167 бас мал сатып алды. Кейінірек Жағыпар, Ерлан, Елтай, Ержан, Сержан, Нұрлан Танабаевтар да осы іске ден қойды. Нәтижесінде фермамыздағы асыл тұқымды айғырлар мен биелерді көбейтудің сәті түсті. Бүгінде асыл тұқымды мал басы он есеге көбейіп, қазақтың ақбас тұқымды бұқасы мен бұзауларының саны екі жүзге жетті. Қойдың саны екі жүзден асты. Шаруашылықта он адам жұмыс істесе, олардың жұмыс өтілі ең аз дегені жеті жылдан асады.

Шаруашылық басшылары мал өсіру қажырлы еңбекті талап ететін сала екенін айтады. Тіпті үйде қолға азғана мал ұстаудың өзі машақаты көп іс екенін ауыл жұрты жақсы біледі. Ал мыңдаған гектар жайылымы, қыстағы мен жайлауы бар әрі аналық мал басын көбейтуді көздеген ірі шаруашылықты ұстаудың жөні бөлек, жұмысы шаш етектен.

Біздің анықтама: Жабы – Қамбар ата төлінің қазақ жерінде ертеден бері өсіріліп келе жатқан байырғы жылқысы. Ол суық ауа райына төзімді, көп күтімді қажет ете бермейтін, жайылым талғамайтын Қамбар ата түлігі. Ғылыми деректерге сүйенсек, адамдар қазіргі Қазақстан аумағында жылқыны 5 мың жыл бұрын қолға үйреткен екен. Ал жабының тұқымы қазақтың сонау ерте заманда қолға ұстаған жылқысынан тарайды. Жабы моңғол жылқыларына ұқсас келеді. Сондықтан олардың ата-тегі бір, яғни керқұлан (Пржевальский жылқысы) болуы әбден мүмкін. Ал жабы тұқым ретінде қазіргі Ақтөбе облысының оңтүстігінде қалыптасқан.

Көп жыл бойы жабы тұқымының сапасын одан ары арттырып, жетілдіру түсу мақсатында оны дон жылқыларымен будандастыру жұмыстары жүргізілген. Бір қызығы қазақтың жабысы дон тұқымынан әлдеқайда ірі болып шыққан. Аса өсімтал, қыстың аязы мен жаздың аптабына төзімді, күш көлік ретінде пайдалануға таптырмайтын жабы жылқысының балдай тәтті қымызы мен мол етін де табыс көзіне айналдырса ұтылмайды.

Жабы жылқыларының басы пропорционал, құлағы кішкентай және денесіндегі бұлшық еті нығыз әрі мол. Жабының бойы 1,44 –1,80 метр, арқасы жалпақ, белі мықты. Кеудесі кең, аяқтары мықты. Түгі ауа райының жағдайына қарай өзгеріп тұрады. Қыс маусымында түгі қалыңдай түссе, көктем шыға түлеп, жұқарады.

Ғылыми жұмыстардың жемісі

Зоотехниктердің айтуынша «Тайлақ» шаруа қожалығы құрылған күннен бастап еліміздегі селекциялық-асыл тұқымды бағытта жұмыс істейтін ғылыми-зерттеу мекемелеріндегі мамандармен қоян-қолтық байланыс орнатқан. Соның арқасында еліміздің ғылыми қоғамдастығының өкілдері жармалықтарға жылқы өсіру саласындағы жұмыстарына қолдау білдіріп, инновациялық технологияларды қолдануға көмектесіп отырады. Осылайша, өсіріліп жатқан ауыл шаруашылығы жануарларының нарықтағы бәсекелестігін арттырып, тұқымын жақсартуға және санын көбейтуге мүмкіндік жасалды.

– Ұзақ жылдар бойы бізге Қазақстан Ғылым академиясының академигі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Игорь Нечаев кеңес беріп келеді, – деп сөзін жалғады Олжас Ерсінов. – Ол – етті жылқылардың үйірін ұстаудың техникасын ойлап тапқан республикаға танымал зерттеуші. Оның басшылығымен етті әрі сүтті жылқының мұғалжар тұқымы алынған болатын. Сонымен қатар шаруашылығымыздың алға басуында Валерий Степачев, Аман Ақымбеков сынды профессорлардың да еңбектері зор болды. Бүгінгі күні бізбен Қазақ ұлттық аграрлық-зерттеу университетінің Қайрат Исхан, Амантай Төребаев сияқты қызметкерлері жұмыс істеп жатыр.  Осы бағытта аталмыш ғылыми мамандардың басшылығымен былтыр шаруашылық базасында өткізілген көшпелі семинар жармалық ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері үшін өте табысты болды десем артық айтпаған болармын. Аталмыш іс-шара барысында үйірдегі жылқылардың арасынан жақсыларын таңдау, сапасыздарын тану, құлындарды барлық селекциялық қасиеттері бойынша кешенді бағалау, сапалы тұқым алу мақсатында аталық және аналық жұптарын таңдау бағыттарында бірқатар пайдалы кеңестер берілды.

Біздің анықтама: 1998 жылы елімізде жабы тұқымды жылқылардың негізінде Қамбар ата түлігінің жаңа түрі, яғни Мұғалжар тұқымы алынған болатын. Қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыстар ел өңірлерінде әлі де болса жалғасын тауып келеді. Дене бітімі ірі және үйлесімді болуы, аяқтарының қалыпты орналасуы, терісінің монохроматикалық болуы Мұғалжар тұқымының өзіндік ерекшелігі һәм артықшылығы. Мұғалжар тұқымды биелердің сүті мол. Ересек жылқы 255 келіге дейін ет беріп, сою өнімділігі 56,7 пайызға дейін жетеді. Бұл олардың жақсы ет өнімділігін көрсетеді. Мұғалжар жылқыларының еті барлық жағынан жоғары тағамдық құндылығымен ерекшеленеді. Атап айтсақ, химиялық-биологиялық көрсеткіштері жоғары, целлюлоза, майлылығы, ақуыз, сонымен қатар құнары жақсы. Мұғалжар айғырының орташа тірі салмағы 530 келі болса, биелері 480 келіге дейін тартады.

Егіншілікке де ептеп бет бұра бастады

«Тайлақ» шаруашылығының жабымен қатар мұғалжар жылқыларын өсіріп отырғанына да үш жылдың жүзі болды. Оларды әуел баста Ақтөбе облысының алдыңғы қатарлы шаруашылықтарынан сатып алған. Енді міне «Тайлақтың» өзі де асыл тұқымды жылқыларын сатылымға шығарып отыр. Бұл шаруа қожалығының түлігін сатып алушылар қатары Шығыс Қазақстан және Абай облыстарымен шектелмейді, жайылымын асыл тұқымды жылқымен толтыруды мұрат еткен еліміздің өзге өңірлеріндегі шаруашылықтар да «Тайлақпен» алыс-беріс орнатқан.

Танабаевтар отбасының алға қойған мақсаты да көңілге қонымды. Олар бірінші кезекте селекциялық-асыл тұқымды жұмыстарға заманауи технологияларды жүйелі түрде қолдануды жалғастырып, шаруашылықты барлық жағынан нығайтуды қолға алмақ. Содан соң өсімдік шаруашылығына да мән бермек. Қойтастың маңайындағы өздеріне тиесілі алқаптарда өңірімізде сұранысы жоғары арпа, бидай, күнбағыс сынды дақыл түрлерін өсірмек.

Осы айдарда

Back to top button