Бүгінгі кейіпкеріміз тек Шығысқа ғана емес, елімізге, тіпті республикадан тыс жерлерге де танымал тұлға. Жоқ, керісінше, ол кісінің арқасында қазақтың тіл үйірер дәмі, Алтайдың тамылжыған табиғаты әлемге танылды, талай шетелдікті тамсандырды. Соңғы екі жылда Шығысқа Италия, Германия, Канададан туристер келді. Бұл күнде АҚШ, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктерінде тұрып жатқан қазақтар Отанына келіп, әжесінің қолынан шыққандай дәмді тағамдардан ауыз тиді, Катонқарағайдың тұмса табиғатын тамашалады. Туған жердің топырағына аунап, Мұзтаудың шыңдарынан ғарыштық күш-қуат алып қайтты.
Кезінде Мәскеуде білім алған, әкесі лауазымды қызмет атқарған кейіпкеріміздің жолы о бастан даңғыл болды, кез келген салада табысқа кенелуі – заңдылық деп түсінеді кейбіреулер. Алайда қазіргі толағай табысқа жету үшін қаншама бұралаң жолдан өткенін, тақырға отырып қалып, бизнесін нөлден бастауға тура келгенін екінің бірі біле бермес. Біз ұлтжанды азамат, белгілі ресторатор, меценат, табысты кәсіпкер Мұхтар Тойбазаровпен кездесіп, өзінің табысқа жету сырымен бөлісуін өтінген едік.
– Мұхтар, өткенде сіз алтын уақытыңызды қиып өңірдің жас педагогтарымен кездесуге келдіңіз, салиқалы сұхбат болды. Ол жиынға мен де қатысқан едім, маған ерекше әсер етті…
– Мен үшін ерекше екі мамандық бар – мұғалім және кітапханашы. Осы мамандық иелерінің өтінішінен ешқашан бас тарта алмаймын, сол себепті олармен дидарласуға мүмкіндік таптым. Соңғы екі жылда мені мектеппен байланысты екі нәрсе қатты таңғалдырды. Біріншісі – Катонқарағай ауданы, Өрел ауылындағы мектептің заманауи жабдықталуы. Елді мекен өңіріміздің қиыр шетінде, төрт мемлекет шекарасының тоғысында орналасқан. Ары қарай ит тұмсығы өтпейтін ну орман, тайга, таулар. Ал балалардың от шашқан көздерін көрсеңіз! Олардың білімге деген құштарлығын, өздері әуестенетін дүниелер туралы айтқандағы жарқылдаған жанарын мен ешқашан ұмытпаймын. Екіншісі – Көкпекті ауданы, Казнаковка ауылындағы мектепке директор болып барған жас педагог Аралбек Берікұлы. Бұл – нағыз ерлік. Астанадағы жұмысын тастап, ауылға бару екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ал Аралбек болса өз жұмысынан ләззат алады. Мені осындай оқиғалар шабыттандырып, қанаттандырады.
Жетістікке жету үшін не істеу керек?
– Сіз жоғары білімді Мәскеуде алдыңыз ғой?
– Менің алғашқы мамандығым – тарихшы-архивист. Бұл – тарих пәнінің мұғалімі деген сөз емес. Мен Кеңес заманында оқыдым. Сол кезде одақтағы тарих зерттеушілерін даярлайтын жалғыз жоғары оқу орны саналған Мәскеудегі тарих-архив институтын тәмамдадым. Менің бүгінгі табысқа жетуімнің негізі сол жерден алған базалық білімім десем артық айтқандық емес. Институт қабырғасында бізге кез келген мәселені жүйелі түрде қарастыру керектігін үйретті. Мысалы, бір мәселе туралы жазу керек. Сен осы тақырыпқа қатысты барлық құжаттармен, пікірлермен таныспай, өз көзқарасыңды білдіре алмайсың. Ол үшін сен алдымен осыған қатысты барлық архивтік дереккөздермен танысып шығасың. Содан кейін сөз болып отырған кезеңге қатысты барлық мұрағаттық құжатты зерттеуге тиіссің. Одан кейін сен осы тақырыпқа бұрын жазылған материалдардың барлығын оқисың. Ары қарай олардың бәріне ортақ қандай мәселе барын саралайсың. Міне, тек осыдан кейін ғана сен өз пайымыңды шығара аласың! Мен барлық нәрсеге осы принциппен қараймын. Өзім бүге-шігесіне дейін жақсы білмейтін, кәсіби маман болып саналмайтын мәселеге қатысты атүсті пікір білдіру – маған жат. Мен үшін табысқа жетудің бірінші кілті – кез келген мәселені жүйелі түрде қарастыру.
– Өте қызық. Зейін қойып оқыған студентке жоғары білімі басқа салада табысқа жетуіне де септігін тигізетінін сіздің мысалдан көріп отырмыз. Бизнеске қалай келдіңіз?
– Тоқсаныншы жыл ардың басы. Жоғары оқу орнын аяқтаған соң Мәскеуде қалуға да мүмкіндік болған. Бірақ мен елге оралдым. Мені Ережеп Мәмбетқазиев өз университетіне жұмысқа шақырып, сонда қызмет етіп жүрдім. Алайда табысым аз, күрмеуге келмеді. Ол кезде тұңғышым дүние есігін ашқан. Отбасымның шығыны көбейді. Баланың арбасының өзін қарызданып-қауғаланып жүріп әрең алдық. Ата-анаммен бірге тұрамыз. Мәскеуден алып келген жарымның алдында, баламның алдында ұят болмас үшін тірлік істеу керек деп шештім. Ол кезде елдің бәрі сауда-саттықпен айналысады, дүңгіршектерде сусын, арақ-шарап сатады. Саудаң жүру үшін өзгелерден ерекше нәрсе ойлап табу керек. Мен нарықты зерттеп, ыстық пицца сатуды қолға алдым. Нарыққа енді келген «Дока-пицца» өздерінің өнімдерін өткізе алмай жүр екен. Біз өзімен бірге алып кететін пиццаны пешке ысытып, ыстықтай сатуды қалада бірінші болып бастадық. Саудамыз қызып жүре берді. Алдымен бір жерден, одан кейін тағы бірнеше жерден аштық. Күн-түн демейміз, кәсібімізді дөңгелетіп әкеттік. Пысықтығымды байқаған болар, мені «Әділ» АҚ-ға коммерциялық директор қызметіне шақырды. Одан кейін мемлекеттік қызметке кеттім. Осылай қызмет баспалдағымен өрлей бердім. Жиырма сегіз жасымда қалалық кәсіпкерлер бөлімінің, жиырма тоғыз жасымда облыстық кәсіпкерлер басқармасының басшысы болдым. Мәслихаттың депутаты болып сайландым. Ең жас басшымын, айналамда алпысты алқымдап қалған адамдар. Мен бұл жерде не істеп жүрмін? Орда бұзатын отызға да жеткем жоқ, бірақ көңілім алаң. Менің көптеген арманым бар еді ғой. Бір жарым жыл істеп, мемлекеттік қызмет мен үшін емес екенін түсіндім. Адам қоғамға пайдалы ағартушылық іспен айналысуы керек, не болмаса жұмысынан ләззат алып, шабыттанса ғана бақытты. Мен өз еркіммен жұмыстан кетіп, ауыл шаруашылығымен айналысуды жөн көрдім.
– Бұл қадамыңыз қаншалықты сәтті болды?
- Әкем Серік Тойбазаров элеватордың директоры болатын, өзіне шақырды. Жаңа жұмысыма әдеттегідей шығармашылық тұрғысынан келуге тырыстым. Бір элеватор аздық етеді, оның айналасында бізге үнемі бидай жеткізіп тұратын бірнеше шаруа қожалығын құру керек деп шештім. Алайда жерден өнім алу, мал бағу мен ойлағандай оңай, жеңіл болмай шықты. Оған бірнеше жылымды сарп еттім. Ақыры бес жылдан кейін тақырға отырып тындым. Неге? Осы жерде мен табысқа жетудің екінші сырын ұқтым. Кәсіпте жетістікке жету үшін сен оны жақсы білуің, кәсіби деңгейде меңгеруің керек. Әрине, бес жылда мен осы салада көп нәрсені зерделеп, түсініп, біраз нәрсенің байыбына бардым. Алайда бұл түйгенім ауыл шаруашылығында табысты кәсіпкер болу үшін жеткіліксіз еді. Сен қай мезгілде бидайды, қай уақытта арпаны не күнбағысты егу керектігін, малың қашан қоң жинайтынын түйсігіңмен сезінуің керек. Бұл үлкен тәжірибе мен терең білімді қажет етеді. Жұмысшыларыңның күнделікті көңіл-күйінің қандай екенін, әрбір детальді біліп отыруың керек. Онсыз шаруаң өрге баспайды. Бірақ қанша жерден кәсіби болсаң да, қанша күш-жігеріңді салсаң да, бір ғана қуаңшылық сенің ұзақ жылғы есіл еңбегіңді зая кетіруі мүмкін. Сол себепті ауыл шаруашылығы бүкіл әлемде субсидияның көмегімен күнелтеді. АҚШ-та да, Еуропада да, бізде де солай.
- Егер ісім өнсін десең…
– Қазір сізді бүкіл әлемге ұлттық тағамдарымызды паш етіп жүрген, өңірімізде авторлық туризмнің негізін қалаушы деп ешқандай әсірелеусіз айта аламыз. Феникс құсы сияқты қайта түлеп шығуға күш-жігерді қайдан алдыңыз?
– Шабыттан! Бизнесімнен айырылған кезде отбасымызда төрт бала өсіп жатты, көпбалалы әкемін. Жанұямды асырау керек. «Мұхтар, сен мұндай күйге қалай жеттің? Сенде барлығы сәтті басталып еді ғой» деп өзімнен сұраймын… Бәрін қайта бастауға тура келді. Бірде қазіргі Резиденция аралы орналасқан жерден өтіп бара жатып, кілт тоқтадым. Кіріп шығайыншы, ішінде не бар екен деген ой жылт етті. Шөп басып, қараусыз қалған аралды айналып шыққанда іштей толқыдым. Егер қиялға ерік берсе, дәл осы жерде өте әдемі бір жобаны қолға алуға болатын сияқты… Санамдағы көріністен шабыттанып, оны қалай жүзеге асырудың жолдарын ойластыра бастадым. Алдымен кәсіби жүргізуші, фотограф, ұйымдастырушылардан мықты команда жасақтадым. Шатыр сатып алып, айналасын гүлмен, жасыл желекпен көмкердік. Үйлену тойы – екі жастың мерекесі, солардың қалауынша өткізген дұрыс қой. Ақырында қаламызда жас жұбайлар некелесетін ең әдемі, қиялдарындағы ертегі әлеміне саяхаттайтын ғажайып арал пайда болды. Басында тек демалыс күндеріне тапсырыс берсе, қазір аптаның бос күні жоқ. Іші иран бағына ұқсайды, жұпар иісі аңқыған алуан гүлдер мен ағаштардың түр-түрі өседі. Олардың ішінде тіпті шетелден әкелгендері де бар, жұмысшыларымыз мәпелеп, баптап, күтті, соның нәтижесінде жайқалып тұр. Ол жайында тағы бір жолы айтып берермін.
– Шабыт – табысқа жетудің тағы бір кілті дейсіз ғой… Ал сіз маған мынаны айтыңызшы, туризмді дамытуға тәуекел ету өзін-өзі ақтай ма?
– «Егер ісім өнсін десең, ретін тап» деп Абай атамыз айтпақшы, қолға алған істі сапалы атқарсаң, бәрі де оң шешімін табады. Соңғы екі жылда мынаны түйсіндім. Қазақстан шетелдіктерге ашық, қызықты болу керек. Әлемнің талай жерін араладым, халықтар бір-бірімен араласқаннан, басқа ұлттың мәдениетімен танысқаннан жақсы әсер алатынын көрдім. Туристер көбірек келсе, жергілікті тұрғындар үшін – бақыт. Біз мұнай мен металлургия өнімдерінен түскен табысқа тәуелді болмауымыз керек. Туризмді, оның ішінде этнотуризмді дамыту арқылы ауылдың жағдайын жақсартуға болады. Шетелдіктерге біз өзіміздің ұлттық мәдениетімізбен, салт-дәстүрімізбен, ұлттық дәмімізбен қызықтымыз. Ұлан мен Катонқарағай аудандарында ақшаңқан киіз үйлерді тігіп тастап, келген қонақты атпен қыдыртса, бие саууды көрсетсе, бүркітпен суретке түссе, құрт пен майынан, ыстық бауырсағынан дәм татқызса, жент пен шайын берсе, қымызын ұсынса, керемет емес пе?! Осы кәсіппен айналысатын ауыл адамдары сонда бақытты болар еді, оларда жарқын болашаққа деген сенім пайда болады. Біз туристік елге айналуымыз керек, оған барлық мүмкіндік бар. Кіп-кішкентай Грузияға жылына тоғыз миллион турист келеді, өзбектерге 3,5 миллион, тіпті қырғыз бауырларымыз бен іргедегі моңғолдар жылына бір миллион демалушыны қабылдайды. Миллион турист дегеніміз қанша? Мәселен, екі-үш ай бар болғаны бес-ақ мың ресейлік біздің қаладан транзитпен өтті. Сол кезде барлық қонақ үйлер мен қоғамдық тамақтану орындарында бос орын болмады. Осы саламен айналысатындар мол табыс тапты. Енді миллионнан түсетін пайданы елестетіп көріңіз?! Бізге келетін туристердің саны жылына 60-100 мыңнан аспайды, 2019 жылы Катонқарағай ұлттық паркі бар болғаны 80 шетелдікті қабылдапты. Бүркітші қазақ қызы Айшолпан Нұрғайыптың өзі ғана Моңғолияға келетін туристердің санын еселеп арттырғанын көріп отырмыз. Қазақтың салт-дәстүрінің арқасында басқа елге туристердің ағылуы мен үшін парадокс. Осыны өзімізде дамытуға не кедергі?
– Сіз «Қазақтың асы дәмді, тұрмысы сәнді» деп айтудан жалықпайсыз…
– Біз ұлттық тағамдарымызды заманауи талапқа сай түрлендіруден қорықпауымыз керек. Одан олардың құны түсіп, не дәмі өзгеріп кетпейді. Кеше ғана АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше әрі өкілетті елшісін қонақ етіп, күтіп жібердік. Күндізгі серуен кезінде дәмін татқан қоспа елшіге ұнап қалғаны соншалық, арнайы әзірлеген кешкі аста «қоспа бола ма?» деп сұрады. Әлеуметтік желі арқылы бізді танып-біліп отырған талай лауазымды тұлға, шетелдіктер, шетте тұрып жатқан қазақ бауырларымыз арнайы келіп Катонды аралап, ас-тұзымыздан дәм татты. Сондай жандардың «Еліміздің ең орыстанған қаласында қазақтың ұлттық ас мәзірін ұсынатын мейрамхана ашып отырғаныңызға тәнтіміз» деген бір ауыз сөзі бүкіл командамызға, өзіме қанат бітіреді.
– Өміріңізге рухани азық болған кітаптар бар ма, болса атап берсеңіз?
– Ерекше сүйіп оқитын үш авторды атайын, Ремарк, Достоевский. Үшіншісін, өкінішке қарай өзім үшін тым кеш аштым, бірақ оның талантының алдында басымды иемін. Ол көркем сөздің шебері, әңгімелеріне ауыл адамдарының тұрмысын арқау еткен жерлесіміз, ұлы жазушы – Оралхан Бөкей. Шығармаларын орысша аудармадан оқыдым. Енді түпнұсқада оқитын деңгейге жетсем деп талпынып жүрмін.
- «( Әсерлі әңгімеңізге көп рахмет! Жетістіктерге жете беріңіз!
Сұхбаттасқан – Айна Ескенқызы