Білім

Қазақ тілінен емтихан тапсырады

Қазақ тілінің талай жыл қағаберісте қалып, әр салада ақсап келгені белгілі. Бұл тіпті білім саласында да бар болатын-ды. Ендігі жерде білім саласындағы тәртіп күшейіп, талап қатаңдатылмақ.

Бұған дейін мектептегі кейбір сынып оқушыларының қазақ тілінен емтихан тапсыруы міндеттелмеген еді. Енді бұл еркелікке жол берілмейді. Алдағы 2023 жылдан бастап 5-8 және 10-сынып оқушылары қазақ тілінен емтихан тапсыратыны туралы Оқу-ағарту министрлігі хабарлады. Осыған дейін қазақ тілінен емтиханды тек 9 және 11-сынып оқушылары ғана тапсырып келген болса, бұл сынып оқушылары да емтихан тапсыруды жалғастыра беретін болады. Бұл өзгеріс келесі  2023-2024 оқу жылынан бастап енгізіледі.

Бұл – ұстаздардың ұсынысы негізінде іске асып жатқан жұмыс. Осыған дейін бұл мәселені қазақ тілі мұғалімдерінің съезінде және Оқу-ағарту министрінің қатысуымен өткен мұғалімдер қауымдастығы өкілдерінің кездесуінде көтерген болатын. Енді, міне, орынды ұсыныс орындалып, алдағы жылы іске аспақ. Қазақ тілінен емтихан әдеттегідей жазбаша және ауызша түрде өтеді. Тыңдау, айту, оқу және жазу сияқты дағдылар негізінде бағаланады. Емтихан тапсырмаларын оқытушылар академиялық адалдық қағидаттарын сақтай отырып өздері құрастырады.

Емтихан негізінде 5-8 сынып оқушыларына қорытынды бағалар қойылса, 10 сынып оқушыларына емтихан және жылдық бағалау қорытындылары бойынша баға қойылмақ.

Алтай Ғали-Асқар

Осы айдарда

Back to top button