Өмір мен өнерді, тағдыр мен тарихты сахнада тоғыстырып, көгілдір экран арқылы көпшілікке жеткізіп жүрген жандар көп. Осы тұрғыда актерлардың еңбегі оразан зор. Біз үшін жалпақ жұртқа танымал жерлесіміз, актер Алмат Сақатовтың жөні бөлек. Туған жерге шығармашылық сапармен келген өнерпазбен болған сұхбатты оқырман қауымға ұсынып отырмыз.
– Ауылға келгенде алдыңыздан қандай балалық шақ шығады?
– Мен – балалық шағы бақытты өткен жандардың бірімін. Менде ешқандай дүниеге мұқтаждық болмады. Сондықтан да сол бақытты балалықты үнемі сағынып жүремін. Қазір, міне, жерорта жасқа келіп қалдық. Адам 50 жасқа дейін болашақты армандап өмір сүрсе, 50 жастан кейін өткен шақты сағынып өмір сүреді екен. Осылайша, ақырындап-ақырындап аттың басын ауылға бұра беретін болып барамын.
– Бірақ балалықтың естеліктерін еске түсірер көп дүние жоқ дейсіз ғой?
– Иә, аудан ауылға айналып, ауыл дауылға ұрынғандай. Кезінде қаншама халық театрлары шыққан даңғарадай мәдени ошақтың бұрышында бес-алты-ақ адам жұмыс істеп отыр. Мен туған Былғарытабыт ауылында 40 үй бар еді, содан жеті ғана үй қалыпты. Құлаған үйлер, қираған құрылыстарды көргенде жүрек ауырып, жан сыздайды. Егер қайтадан аудан атауын берсе, туған жердің мәдениетін дамытуға шақырса, келіп үлес қосар едім. Әлі де 15 жыл жұмыс істеуге қауқарым бар. Мәдениет саласында жинаған тәжірибем де жетеді.
– Қазір құрдымға кеткені болмаса, Марқакөл кезінде талай өнер майталманы шыққан өңір ғой?
– Кезінде «халық театры», «үгіт театры», «халық ансамблі» сияқты ұжымдық өнерге берілетін атақ пен абыройдың барлығын еншілеген өңір болатын. Ол кезде әлеуметтік мұқтаждық жоқ болғандықтан адамдар шығармашылықпен айналысуға уақыт тапты. Баяғы бабалар «Құланның қасуына шүріппенің басуы» дегеніндей, таланттар да бір өңірде тамыр жайып, бірлесе жұмыс атқарған. Зейнолла Омаров деген кісі менің әкем бастаған таланттарды жинап, өнерге өріс ашқан екен. Ең бастысы, сол кезде өнер адамдарында халыққа деген құрмет, халықта өнерге деген талғам болды. Қазір, мысалы, кім көрінген сахнада сайран салып жүр. Мәскеуден Б.Щукин атындағы жоғары театр училищесін бітірген менің әкем ауданға келіп режиссер болып жұмыс істеді. Ал қазіргі балалар Астанадан облысқа қайтпай қалады. Енді, міне, аудан жабылып, халық кеткен соң өнер де құрдымға кетті. Қазіргі билік жүйесі адам аз болған соң аудан мәртебесін бере алмаймыз деген уәж айтады. Керісінше аудан мәртебесін берсе, халық кері көшіп келер еді ғой. Халық бар жерде жұмыс та болады, жұмыс болған жерге жастар да барады.
– Туған өлке өнердегі ұлын іздемеді, шақырмады деп іштей налитын кезіңіз бола ма?
– Енді өкпеледің не, өкпелемедің не, қысқа жіптің күрмеуінде өмір өтіп жатыр ғой. Өкпелеп уақыт өткізгім де келмейді. Алтайдың өзі сияқты халқы да көп иіле бермейді, ол мінез біздің де бойда бар. Біз кішірейіп келмеген соң кім іздесін. Әлгі «сұрамаған балаға емшек жоқ» деген мақал біздің өскемендіктерге арналған деуге болады. Десе де дәстүрлі үрдісті үзген халық емеспіз. Осы жолы Күршім, Зайсан, Қалжыр, басқа да өңірдің азаматтары ат мінгізіп, шапан жауып құрмет көрсетіп жатыр, одан артық не керек?!
– Бұл жолы ағайынның ортасына арнайы шақырумен келдіңіз бе?
– Мен өнер сапарына ауылдан аттанған жанмын. Сондықтан да болар, мерейлі 55 жасыма арналған шығармашылық сапарымды туған жерден бастауды жөн көрдім. Мені ешкім арнайы шақырған жоқ. Алайда ауылға келіп концерт қоймағаныма 20 жылдай болып қалыпты. Бұл елдің баласы екенімізді, бар екенімізді көрсетіп, батасын алып қайтуды мақсат етіп шыққан сапар. Қазіргі үлкен өнер майданында біздің өңірден, Марқакөлден шыққан азаматар аз. Бұл жолғы өнер сапарымда өңірдің өнерлі азаматтарына талпыныс жасау керектігін көрсетуді де мақсат еттім. Сол себепті де шығармашылық кеште тек Шығыстың азаматтары өнер көрсетеді. Осы қыста ауылдың жас балаларына барып сабақ беріп, кейін концертіме қатыстырдым. Осының бәрі – өнерлі жастар талпыныс жасасын деген мақсат. Әйтпесе, Алматыдан не түрлі өнер иелерін алып келуге болар еді. Бірнеше күн бойы Күршім, Зайсан, Самар, Ақсуат өңірлеріне концерт қойып қайттық. Енді Ертістің бергі бетін аралайтын боламыз. Одан кейін сәуірдің 1 күні Өскеменде «Туған елім – тұғырым» атты өміріме, шығармашылығыма арналған концерт беретін боламын. Бұл енді біржағы концерттік бағдарламаны ауылдағы, елдегі ағайынның сынынан өткізу, одан кейін барып күзде Алматыда қорытынды концерт беруге деген дайындық.
Өнердегі ұстазым – әкем, өмірдегі ұстазым – халқым
– Актер болуыңыз тағдыр ма әлде таңдау ма?
– Бұл – менің тағдырым. Көзімді ашқаннан көргенім –осы өнер. Менің қолымнан басқа ештеңе келмейді. Сондықтан мен бұл салаға армандап емес, кәсіби түрде келген адаммын.
– Актерлік өнер адамның өміріне, болмысына, мінезіне әсер ете ме?
– Әрине, әсер етеді. Сен кейіпкерді алып шығу үшін жаныңды жеп ойнайсың. Жаман адамның, яғни кісі өлтірушінің рөлін ойнау үшін ішіңдегі жамандықты шығаруың керек. Егер образ шынайы шықсын десең, солай істеуге мәжбүрсің. Адамның ішінде 50 пайыз жақсы қасиет болса, 50 пайыз жаман қасиет бар. Ал рөлге кіру кезінде іштен шығып кеткен жамандықты қайта ішке кіргізу кәсібилікке байланысты. Бірақ, бәрібір де іштен бір шыққан дүние өміріңде көрініп қалып жатады.
– Қазақ қалжыңының салмағын жоғалтып алған жоқпыз ба?
– Мен өз басым әзілдің салмағы дегенмен келісе бермеймін. Шынайы әзіл, өтірік әзіл, мазмұнды әзіл деген сияқты бөліп қараған жөн шығар. Қазақ қалжыңының салмағы емес, азуы кеткен. Азусыз әзіл көбейіп кетті. Әзіл деген тіліп түсуі керек қой. Мысалы, қазіргі жастар көп көретін Жайдарманда әзілдің мазмұны ғана бар. Ал театрда ойын, образ, еңбек бар. Осыны айыра білген жөн.
– Әлеуметтік желіде ащы мысқал, әжуа айтып отырасыз. Бұл бүгінгі қоғам алдындағы шарасыздық па?
– Бұл енді сахнаның жоқтығы мен концерттің аздығынан деуге болады. Қазір сахна арқылы жеткізе алмаған дүниені әлеуметтік желі арқылы айтуға мәжбүрміз. Бір жағы, шарасыздық деуге де болатын шығар. Сонымен қатар әлеуметтік желі арқылы болсын ұрпақтың тәрбиесіне, қоғамға үлес қоссам деген мақсат. Оның біреуге болмасын, біреуге пайдасы тиіп жатқан болуы бек мүмкін. Ертеректе маған бір жас жігіт хабарласып, өзінің жайын айтты. Айтуынша, жұмысы жоқ, басқа жұмысқа барайын десе сескенеді, қорқады. Содан мен оған мына мысалды айтып бердім. «Баяғыда бір торғай жалғыз ағашты пана тұтыпты. Жалғыз ағашқа ұя салып, балапан өсіріп, бірсарынды жүріп жатады. Алайда алыста ну орман барын көріп жүреді. Бірақ ол жаққа барғысы келмей, жалғыз ағашын паналап жүре береді. Іштей ол жақта да осы өмір ғой деп түйеді. Бір күні жалғыз ағашты жел құлатып, ұясыз далада қалады. Амалсыз балапандарын ертіп алыстаға орманға келеді. Келсе, орман іші қайнаған өмір екен. Біреуі той жасаған, біреуі шаруа ісетеген деген сияқты. Мә, өмірдің қызығы осында екен ғой деп, ұя салып, тіршілік бастапты». Осыны естіген әлгі бауырым біраз күннен соң хабарласып, «индрайверде» таксист болып істеп жүргенін, күніне 15 мың теңге ақша табатынын айтып хабарласып тұр. Міне, осылай кейбір адамдарға ащы мысалдарымның пайдасы тиіп жатады.
– Театрға келе бермейтін көрермендерді ұстап отырудың да бір амалы дейсіз ғой?
– Конфуций айтады: «Егер сен бір нәрсені жеңе алмасаң, онда сен соны үйрен» дейді. Сол сияқты біз қазіргі интернет жүйесін, әлеуметтік желіні жеңе алмаймыз. Балалардың тәрбиесін бұзды, қайдағы жоқты көрсетті деп айта бергеннен ештеңе өзгермейді. Сондықтан үйреніп, дұрыс бағытта пайдалана білуіміз керек. Бұл – соның бір амалы. Осы әлеуметтік желі арқылы болсын әзіл-қалжың әжуамызды жеткізіп, театрдың халыққа беретін дүниесінің тамшыдайын болсын жұртқа жеткізу. Сондықтан осылай күресуіміз керек. Өйткені бұл – біз қашып құтыла алмайтын мәжбүрлік.
– Халықтың өнерге деген талғамы мен талабы өзгерді деуге бола ма?
– Қазір өнерден емес, дүниеден ләззат алатындардың қатары көбейіп кетті. Сонымен қатар интернеттің игілігіне жүгінген жұртта уақыт та, шын өнерге құлақ асайын деген құлық та жоқ. Шығармашылықтың көбі интернеттің илеуінде жүргендіктен, жанды концертті көргісі де келмейтін болды. Сондықтан цифрлық әлем, яғни интернеттің игілігі өнерге, өнер адамына ауыр да, жеңіл де тиіп тұр. Өйткені «жалаңаш жүгіріп өте шыққан» адам қазір танымал болып шыға келетін заман болды. Ал шын өнер мен талантты таныту қиын болып барады. Десе де жанды концертті рахаттанып көретін көрермен де бар екенін көріп келеміз. Сондықтан халықтың талғамы мен талабы заман ағымына сай құбылып тұр деуге болады.
– Өнердегі һәм өмірдегі ұстазыңыз кім?
– Өнердегі ұстазым – әкем, өмірдегі ұстазым – халқым. Сені өсіретін де, өшіретін де – халық. Ал өнерді, оның формуласын әкем үйреткендіктен ұстаз тұтам. Жалпы алғанда, уақытпен шыңдалып, халықтың қошеметімен өстік қой.
– Сіз өзіңіздің бойыңызда жоқ қандай мінезді іздейсіз?
– Менің әкемде кез келген іске келгенде болмай қалады-ау, істей алмай қалам-ау деген ешқандай күмән, күдік болмайтын еді. Осы мінез менде жоқ.
– Сүбелі сұхбат бергеніңіз үшін рақмет!
Сұхбаттасқан – Қызырбек Дүргінбайұлы