Қоғам

«Казахстанская правда» газеті атындағы ауыл

 «Казахстанская правда» газеті атындағы ауыл

Бородулиха ауданында іссапарда болған кезде Александр Майер басқаратын «Родина» шаруа қожалығының жұмысымен таныстық. «Казахстанская правда» газеті атындағы ауылда негізінен немістер мекендейді екен. Олардың біразы нарықтық эконномика басталған кезде тарихи отандарына қоныс аударыпты.
Алайда, бірнеше жанұя кіндік қандары тамған Қазақстанға кері оралған. Ал алпыстың асқарына таяп қалған Александр Александровичті ата жұрттағы туыстары аттай қалап шақырса да оны құп алмаған. «Алманияға бардым, туыстармен қауыштым, бірақ экономикасы қанша дамыса да ол жер ұнамады. Біздегідей орманы жайқалған, жері шүйгінді, кең-байтақ өлкені қайдан табасыз. Ал мен жастайымнан жердің қадірін көкейге түйіп өстім, егін егіп, ауыр еңбектің игілігін көруді ұнатамын»-дейді зор денелі, екі иығына екі кісі мінгендей жауырынды жігіт ағасы А.Майер.
Аудан әкімі Григорий Акулов «Казахстанская правда» газеті атындағы ауылда тұратын азаматтар,оның ішінде шаруаға ұқыпты, немістер жайында жылы пікір білдірген. Мәселен, жеті ағайындының үлкені, «Труд» шаруа қожалығының иесі Александр Лехнер Алманияны жерсінбей менің елім Қазақстан деп кері оралған. Мұнда ағайынды үш Майерлер тұрады екен. «Витязь» және «Березка» шаруа қожалықтарын інілері Виктор Александрович пен Леонид Александрович басқарып, жыл сайын егіннен мол өнім алуда. Ал бізбен әңгімелесіп отырған Александр Майер екі ұлы Владимир және Виталиймен бірге биыл да он мың гектарға егін еккен. Ірі қара малы да бар. «Родина» шаруа қожалығында 50-ден астам трактор, комбайн, Камаздар бар екен. Егін орағы басталған кезде олар ешкімнен көмек сұрамай астықты орып,жинап алған соң жерлестеріне қолғабыс жасайтын көрінеді.
–Семей қаласында осыдан бірнеше жыл бұрын «Родина» сауда үйін салғанбыз. Ондағы мақсат – 350 мыңға тарта халқы бар семейліктерді арзан ет, сүт, ірімшік, қырықжапырақ, сарымсақ, басқа да көкөніспен қамтамасыз ету. Бұл өнімнің барлығын өзіміз шығарғандықтан бағасы да арзан, сондықтан саудамыз жүріп тұр. Қазір сауда үйінде 12 адам еңбек етеді. Ал қожалықта 28 адам жұмыс істеп, жалақыларын уақтылы алады, оларға барлық жағдайды жасаймыз,–дейді Бородулиха ауданының Құрметті азаматы, бірнеше медальдардың иегері, Қазақстан, Ресей, Беларусь, Украина мемлекеттері арасындағы «Үздік адам» атағын жеңіп алған қожалық иесі А.Майер.
Қожалықтағы комбайншы В.Малыга, механизатор В.Перик, Майердің ұлдары Владимир және Виталиймен тілдескенде, олар биыл да егіннің шығымы жақсы екенін, көкөністің жайқалып өсіп тұрғанын, малға қажет жемшөпті қазірдің өзінде жинап алғанын айтты.
-«Ең бастысы, татулық, ынтымақ, Елбасымыздың кемел саясаты нәтижесінде Қазақстан қарыштап дамып келеді, демек, еліміз көркейіп, ұлттар достығы тереңдей түседі,–дейді қарапайым еңбек адамдары.

Оңдасын Елубай,
журналист.

Бородулиха ауданы.

Осы айдарда

Back to top button