«KAZ Minerals» түлектерге грант бөледі

Іргемізде орналасқан «KAZ Minerals» тобы Ақтоғай кен байыту кешені Аягөз ауданының талантты мектеп түлектеріне қолдау көрсету туралы шешім қабылдады. «KAZ Minerals Aktogay» ЖШС жоғары оқу орнында білім алу үшін түлектерге грант бөледі.
Сондай-ақ, Аягөз политехникалық колледжін жабдықтауды қаржыландыруды көздеп отыр. Жалпы, бұл мақсаттарға компания 94 млн. теңгеден астам қаражат қарастырды. Ақтоғай, Қопа және Таңсық ауылдарының мектеп түлектерінің гранттарына 30,4 млн. теңге бөлінеді. Компанияның грантына ие болу үшін мектеп түлегі ҰБТ-да 90 балдан төмен болмайтын нәтиже көрсетуі тиіс. Сонымен қатар мектепте оқыған кездегі үлгерімі жақсы болғаны, республикалық және халықаралық деңгейдегі олимпиадаларда, конкурстарда және турнирлердегі жүлделі орындардың болғаны абзал. Үміткерлерді арнайы құрылған комиссия іріктейді. Егер нәтижелері бірдей екі студент болса, халықтың аз қамтылған тобынан шыққан түлекке басымдық беріледі.
Ал мұндай түлектер Өскемендегі Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-да білім алатын болады. Қазір оқу орнымен келісім жасалды. Оқуды тәмамдаған мамандар компанияның кәсіпорындарына жұмысқа қабылданады. Қажетті мамандықтардың тізімі жаңартылып отырады. Бір студентке арналған гранттың сомасы – жылына 760 мың теңге. Оның ішіне оқудың ақысы, шәкіртақы және жатақхананың ақысы кіреді. Бірінші курстың бірінші семестрінде студенттің шәкіртақысы 15 мың теңгені құраса, кейін үлгеріміне орай 30 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін. Үлгерімі нашар студенттерге шәкіртақы төленбейді. Кезекті сессия қанағаттанарлықсыз бағамен аяқталса, оқыту шарты бұзылады.
Сол сияқты, 63,6 млн. теңге Аягөз политехникалық колледжіндегі екі сыныпты қайта жабдықтауға бөлінеді. Бөлінген қаражатқа электриктер мен дәнекерлеушілердің сыныптарына заманауи жабдықтар орнатылады және бөлмелер жөнделеді. Орнатылатын жабдықтар Ақтоғай КБК-де қолданылатын жабдықтарға сәйкес келеді. Сонымен қатар колледж түлектері Ақтоғай кен орнында өндірістік тәжірибеден өтеді және бос орын болса, жұмысқа қабылданады.
Жалпы, «КAZ Minerals» – Қазақстанда заманауи, аз шығынды тау-кен өндірісін дамытуға бағытталған, өсу әлеуеті зор мыс өндіруші компания. Компания операциялық іс-қызметін Павлодар облысы мен Шығыс Қазақстанда орналасқан Бозшакөл және Ақтоғай кен байыту кешендерінде, сонымен қатар біздің облыста орналасқан үш кеніш пен үш кен-байыту фабрикаcында және Қырғызстандағы Бозымшақ мыс-алтын кенішінде жүргізеді. 2017 жылы мыстың жалпы өндіріс көлемі 259 мың тоннаны құрады, ілеспе өнім ретінде 58 мың тонна концентраттағы мырыш, 179 мың унция алтын мен 3,506 млн. унция күміс өндірілді. Топтың өндірістік кәсіпорындары – Бозшакөл мен Ақтоғай саладағы ең қарқынды даму көрсеткіштерін қамтамасыз етіп, «KAZ Minerals-ты» қорының басым бөлігі әлемдік деңгейдегі ашық түрдегі кеніштерден тұратын компанияға айналдырмақ. Операциялық шығындары бойынша Бозшакөл халықаралық мыс өндіруші кәсіпорындар арасында бірінші квартильге кіреді. Бозшакөл КБК кен байыту фабрикаларының жылдық толық қуаты 30 млн. тонна кенді құрайды. Кенішті пайдаланудың қалған мерзімі – 39 жыл. Кендегі мыс құрамы – 0,35%. Өндіріс көлемі – алғашқы 10 жылда жыл сайын 100 мың тонна катод эквивалентіндегі мысты және 120 мың унция концентраттағы алтынды құрайды. Ақтоғай – каръер типтес ірі ауқымды кеніш. Ол Бозшакөлге ұқсас. Кендегі мыс мөлшері 0,36% (оксидті кен) және 0,33% (сульфидті кен). Кенішті пайдаланудың қалған мерзімі – шамамен 28 жыл. Ақтоғайда оксидті кеннен катодты мыс өндіру 2015 жылдың желтоқсан айында басталды, ал сульфидті кеннен алғашқы мыс концентраты 2017 жылдың ақпан айында өндірілді. Сульфидті кенді қайта өңдейтін бірінші кен байыту фабрикасының жылдық қуаты есептік қуатына жеткенде 25 млн. тоннаны құрайды. Ақтоғай кен орнының операциялық шығындары халықаралық мыс өндіруші кәсіпорындарының арасында бәсекеге қабілетті болып табылады. Өндіріс көлемі – 2021 жылға дейін орта есеппен сульфидті кеннен өндірілетін 90 мың тонна мысты құрайды. Екінші кен байыту фабрикасы өндірісті бастағаннан кейін 2022-2027 жылдар аралығында сульфидті кеннен жыл сайын шамамен 170 мың тонна мыс өндірілетін болады. Оксидті кеннен 2025 жылға дейін жыл сайын шамамен 20 мың тонна мыс өндіріледі.
Берікхан Тайжігіт
Аягөз ауданы.